Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қала әкімі қызылордалықтарды Абай күнімен құттықтады

10.08.2020, 14:30 676

Қадірлі Сыр халқы!

Сіздерді қазақтың бас ақыны, ақыл-ойдың асқары, Алаш бағдар тұтқан хәкім «Абай күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Абай күні – қазақтың ізгілік пен ізденіс, өркениет пен жаңғыру жолына басқан тағы бір айқын қадамы.

Бұл мерейлі күнде ұлы Абайдың аты жаңаша асқақтап, мәртебе-мерейі жаңа биікке көтеріледі. Хәкім Абайдың бай мұрасын, дана болмысын, дара тұлғасын асқақтату, жаңа биікке шығару бір күнге байланып қалмасы белгілі. Дегенмен бас ақынға дербес күн белгілеуді күллі қазақтың ұзақ күткені анық.

Қазақтың ұлықтар ақыны мен абызы көп. Десе де ең алдымен Алаш баласының рухани құбыласы, халқымыздың ең ұлы перзенті мен ең дана ұстазына айналған Абайды құрметтеу – негізгі міндет.

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі», – деп Абай қазақпен мәңгі бірге екенін жеткізді.

Абай ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Сондықтан Абай мұрасын зерделеу – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық» екенін айтып, ел дамуындағы Абай рөлін айшықтай түскен болатын.

Хәкім еңбектері ұлтты жаңғыртуға жол ашатын рухани бастау. Демек Абай тағылымына тағзым ету – Рухани жаңғырудың даңғылына түсу. Рухани жаңғырудың даңғылында хәкімнің өнегелі өсиеті бізге бағдаршы болары даусыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған. Яғни Абайды ұлықтау арқылы бүкіл руханият жаңғырады.

Сондықтан күллі қазаққа аты қадірлі, сөзі мен сыны қымбат, Алаштың ақылманы, қазақ әдебиетінің түп бастауы болған Абайға қандай құрмет көрсетілсе де лайық.

Құрметті жерлестер!

Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Хәкім халықты ғылым, біліммен қатар өнер үйренуге көп үндеді. Өлеңдерінде еңбексіз тапқан олжаның құтсыздығын, адал еңбек тіршіліктің тұтқасы екенін көркем жеткізді. Сонымен бірге тіршіліктің діңгегі татулық, достық екенін анық аңғартты.

Осынау мерейлі күні баршаңызды тағы да ұлттық руханияттың үлкен қуанышы болған «Абай күнімен» құттықтаймын! Бізге жол көрсетіп тұрған жарық шамшырақтай болған Абай тұлғасы жарқырай түссін! Бұл күн бірлігі бекем қазақ даласын татулыққа шақыратын, адамгершілікке үндейтін, қастерлі күнге айналсын!

Ізгі ниетпен,

Қызылорда қаласының әкімі

Н.Нәлібаев

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: