Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЗЫНА мен ПЕРІШТЕ

07.08.2020, 11:50 776

HALYQLINE.KZ

Қазына көрдім, пұлы болғанмен құны жоқ,

Қария көрдім, ұлы болғанмен мұңы көп.

Перзенттерінің жүргенмен бәрі тірі боп,

Қара таяқтан сүйенер басқа дымы жоқ.

Балапан көрдім, шырылдап жүрген панасыз,

Балақай көрдім, анасы тірі, анасыз.

Жетілдірместен жөргекте жатқан сәбиін

Жетімек қылып, тастады қандай санасыз.


Аналар қанша зар болған жалғыз балаға,

Балалар қанша зар болған әке, анаға…

Керексіз қалып, қуыста жатыр қазына,

Қорексіз қалып, қоқыста жатыр шарана.

Жер бетіндегі барлық әке де, ана да

Дәл мендей болып мейірі түссе балаға,

Шағалаларға, қара қарғаға жем қылып,

Шараналарын тастамас еді далаға…


Жуа алмаса ананың асыл табанын,

Ұға алмаса әкенің қатты қабағын,

Екі өмірде өкініп, өксіп өтпей ме,

Екіге бөліп алғандай тамыр сабағын.

Жер бетіндегі барлығы дерлік баланың

Дәл мендей білсе қадірін әке, ананың…

Қарияларын – қазыналарым деп ұқса,

Арқалап жүрер тигізбей жерге табанын.


Ананың сүті туғаннан болмай қорегі,

Жетімдер қанша тимеген әке көмегі.

Анамыз қайда, әкеміз қайда екен деп,

Жәутеңдеп көзі, жалтақтап өсіп келеді.

Қарттарым анау қарттардың үйін мекендеп,

Қыздарын күтіп, есікке қарай береді.

Шаңырағыма мені алып қашан кетер деп,

Ұлдарын күтіп, терезе бағып өледі.

Есік, төрінен қарт үні шықса әр үйдің,

Бесіктерінен іңгәсі шықса сәбидің,

Қазынаң менен періштең болса қасыңда,

Байлығы деген осы емес пе еді пәнидің?!

Ержеңіс ТАСТЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: