Кез келген мемлекеттің өркендеуі мен орнықты дамуы қоғамдағы тәртіпке, заң үстемдігіне және адамгершілік құндылықтарға негізделеді. Осындай құндылықтардың қатарында әдептің алар орны айрықша. Өйткені әдеп – адамның ішкі мәдениетін, тәлім-тәрбиесін, жауапкершілігін және қоғам алдындағы азаматтық ұстанымын айқындайтын өлшем. Әдеп орныққан ортада өзара құрмет, сенім мен әділдік салтанат құрады. Сондықтан әдептілік жеке адамның бойындағы ізгі қасиет қана емес, мемлекеттің дамуына ықпал ететін маңызды қоғамдық құндылық саналады.
Мемлекеттік қызмет саласында әдеп қағидаттарын сақтаудың маңызы зор. Себебі мемлекеттік қызметші – мемлекет пен халық арасындағы байланысты қамтамасыз ететін тұлға. Оның әрбір әрекеті, сөйлеген сөзі, азаматтармен қарым-қатынасы мемлекеттік органның беделіне тікелей әсер етеді. Халықтың билікке деген сенімі көбіне мемлекеттік қызметшілердің күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасады. Сондықтан мемлекеттік қызметші адалдықты, әділдікті, ашықтықты, сыпайылық пен жауапкершілікті басты ұстаным етуі тиіс. Азаматтардың өтініштеріне бейжай қарамау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеу, қызметтік міндеттерін сапалы әрі уақтылы орындау – кәсіби әдептің айқын көрінісі.
Мемлекеттік қызметшінің мәдениеті жұмыс орнындағы қарым-қатынаспен ғана шектелмейді. Оның қоғамдық орындардағы мінез-құлқы, әлеуметтік желілердегі жазбалары, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы да азаматтық болмысын аңғартады. Қызметтік мәртебе адамға артықшылықтан бұрын жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мемлекеттік қызметші қай ортада жүрсе де, қарапайымдылық пен парасаттылық танытып, қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтуға үлес қосуы қажет.
Әдеп нормаларын сақтау – сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Қызметтік өкілеттікті жеке басының мүддесіне пайдаланбау, мүдделер қақтығысына жол бермеу, қызметтік тәртіпті сақтау және кез келген жағдайда заң талаптарын басшылыққа алу – адал мемлекеттік қызметтің басты шарттары. Бұл ретте Әдеп жөніндегі уәкілдердің де атқарар міндеті маңызды. Олар мемлекеттік қызметшілерге әдеп нормаларын түсіндіруге, қызметтік әдептің сақталуына ықпал етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға атсалысады.
Әдеп – бір күнде қалыптасатын қасиет емес. Ол адамның алған тәрбиесі, күнделікті іс-әрекеті мен өмірлік ұстанымы арқылы орнығады. Әдептіліктің шынайы көрінісі адамның айтқан сөзінен ғана емес, атқарған ісінен, қабылдаған шешімінен және өзгеге көрсеткен құрметінен байқалады. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігі мен адамгершілік қасиеттері бір-бірінен ажырамауға тиіс.
Мемлекеттің беделі қабылданған заңдарымен ғана емес, сол заңдарды жүзеге асыратын қызметшілердің парасат-пайымымен, әділдігімен және мәдениетімен де өлшенеді. Әдеп бар жерде – тәртіп, тәртіп бар жерде – сенім, ал сенім бар жерде тұрақтылық пен даму болады. Халыққа қалтқысыз қызмет ету, азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ асу, адамдық қасиет пен кәсіби абыройды қатар ұстау – әрбір мемлекеттік қызметшінің азаматтық парызы.
Әдептілік – адамдықтың белгісі, әділдік – мемлекеттіліктің тірегі. Әдепті мемлекеттік қызметші – әділетті мемлекеттің айнасы.
И. ӘЛІШЕР,
Қызылорда облысы Әділет департаментінің
Әкімшілік бөлімінің бас маманы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!