Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәндік жүгері егісінің көлемін ұлғайту мәселесі талқыланды

25.11.2026, 15:20 22

HALYQLINE.KZ

Сырдария ауданы әкімі Б.Сәрменбаевтың төрағалығымен дәндік жүгері дақылының егіс алқаптарын ұлғайту мәселесіне арналған мәжіліс өтті, деп жазады баспасөз қызметі.

Жиынға ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, шаруа қожалықтарының төрағалары мен тиісті сала мамандары қатысты.

Мәжілісте дәндік жүгері дақылын өсіру көлемін арттыру, егіс алқаптарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру және өнімділікті жоғарылату мәселелері қаралды. Аудан басшысы ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін арттыруда егін шаруашылығын әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті:

– Өңірімізде соңғы жылдары вегетациялық кезең өте күрделі жағдайда өтуде. Осыған байланысты суды аз қажет ететін дақылдарды егіп, ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыружұмыстарын атқару қажет. Ауданымызда су ресурстарын үнемді пайдалану бағытында 17,5 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілді. Бұл жұмыстар су үнемдеуде оң септігін тигізеді. Сондай-ақ, суды аз қажет ететін дақылдарды егуге басымдық берілуі керек. Оның ішінде, дәндік жүгері көлемін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуі тиіс, — деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Сонымен қатар, шаруашылық төрағаларына жаңа дақыл түрлерін игеру, заманауи агротехнологияларды қолдану және су ресурстарын тиімді пайдалану жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Бағлан Мейрамбекұлы өз баяндамасында Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктерге тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 25-30%, «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» ЖШС-нің жүгеріні зауытына өткізген әр килограмына 23 теңге және тамшылатып, жаңбырлатып суару құрылғыларын алуға 80%-ға дейін субсидия қарастырылған.

Мәжіліс соңында жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар беріліп, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: