Бүгін облыс әкімінің қатысуымен өткен жиыннан кейін Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен телекоммуникация саласын дамыту, елді мекендерді сапалы әрі үздіксіз интернетпен және ұялы байланыспен қамтамасыз ету мәселелері бойынша мәжіліс өтті.
Жиында аудан аумағындағы интернет пен мобильді байланыс сапасының қазіргі жағдайы, байланыс инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарды сапалы байланыс қызметтерімен қамту бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.
Қазіргі таңда аудандағы 48 елді мекеннің 44-і ұялы байланыс желісімен қамтылған. Оның 37-сінде мобильді интернет қолжетімді болса, 7 елді мекенде тек ұялы байланыс қызметі бар. Кейбір елді мекенде мобильді байланыс мүлдем жоқ.
Сонымен қатар, бірқатар елді мекендерде байланыс операторларының арнайы мұнараларының болмауы да өзекті мәселелердің бірі ретінде айтылды.
Аудан әкімі жауапты сала басшыларына мобильді байланыс операторларымен бірлесіп, байланыс сапасы төмен және мүлдем жоқ елді мекендердегі мәселені шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Мұнан бөлек кент және ауылдық округ әкімдеріне талшықты-оптикалық желіні тек әлеуметтік нысандарға ғана емес, тұрғындардың жеке үйлеріне дейін жеткізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Сондай-ақ, «Қазақтелеком» АҚ Арал желілік техникалық цехының теңгеріміндегі байланыс бағаналары мен кабельдік желілердің техникалық жай-күйі талқыланды. Тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне назар аударылды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы көтерілген мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, жауапты мекемелер мен сала басшыларына тиісті жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, әрбір мәселенің нақты шешілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!