Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада МӘМС жүйесін түсіндіру жұмыстары күшейді

20.11.2026, 12:15 89

Азаматтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде сақтандырылған мәртебесінің болмауының кең таралған себептерінің бірі – жарналар мен аударымдардың тұрақты төленбеуі. Төлемдердегі уақытша үзілістердің өзі сақтандырылған мәртебесінен айырылуға және МӘМС пакеті аясында медициналық көмек алу мүмкіндігінің шектелуіне әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Қызылорда облысы бойынша филиалы өңірдегі бухгалтерлерімен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Өйткені жұмыскерлердің сақтандырылған мәртебесін сақтауы көбіне төлемдердің дұрыс әрі уақтылы аударылуына байланысты.

Кезекті онлайн-кездесу Zoom-конференция форматында білім беру жүйесі ұйымдарының, оның ішінде мектептер, балабақшалар, жоғары оқу орындары мен колледждердің бухгалтерлерінің қатысуымен өтті. Кездесуде облыстық филиалдың халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімінің басшысы Ғалымжан Салықов спикер болды.

Кездесу барысында ол МӘМС жүйесіндегі өзекті мәселелерге, жарналар мен аударымдарды есептеу және аудару тәртібіне, сондай-ақ сақтандырылған мәртебесінен айырылудың жиі кездесетін себептеріне жан-жақты тоқталды. Олардың қатарында жекелеген айлар үшін төлемдердің болмауы, жұмыстан босап, жаңа жұмыс іздеу кезеңінде төлемдердің үзілуі, жұмыс берушінің жарналарды уақтылы аудармауы, сондай-ақ төлем құжаттарын рәсімдеу кезіндегі қателіктер бар.

Төлемдердің уақтылы әрі толық аударылуына, төлем құжаттарының дұрыс толтырылуына және аударылған сомаларды тұрақты түрде салыстырып тексеру қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Қатысушыларға берешектің немесе төлемдердің ақпараттық жүйелерде дұрыс көрсетілмеуінің жұмыскерлердің сақтандырылған мәртебесіне қалай әсер ететіні түсіндірілді.

Сонымен қатар бухгалтерлер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заң нормаларын тәжірибеде қолдану бойынша түсіндірмелер алды. Қор мамандары төлемдерді аудару кезінде туындауы мүмкін қателіктердің алдын алуға бағытталған ұсыныстар берді.

Айта кету керек, бухгалтерлер – жұмыс істейтін халықтың сақтандырылған мәртебесін қамтамасыз етудегі маңызды буындардың бірі. Жарналар мен аударымдарды аудару бойынша міндеттемелерді уақтылы орындау – бұл жай ғана қаржылық тәртіп емес, сонымен қатар жұмыскерлердің МӘМС аясында қажетті медициналық көмекті дер кезінде алуына мүмкіндік беретін маңызды шарт.

Мұндай кездесулер мамандардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, төлемдерге қатысты мәселелерді анықтап, олардың алдын алуға, ең бастысы, азаматтардың өздері байқамай сақтандырылған мәртебесінен айырылып қалу жағдайларына жол бермеуге ықпал етеді.

Қор филиалы өңірдің түрлі салаларындағы ұйымдармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша тұрғындар мен ұйым өкілдері Қор филиалына мына телефон нөмірлері арқылы хабарласа алады: 8 (7242) 55-10-16, 55-10-17.

Сурет: ӘМСҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: