Әлем саясатшыларының басты назары Қытайдың Шенженіне ауды. Онда Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭЫ) саммиті өтпек.
Бұл алқа-қотан жиынға ұзын-ырғасы 20-дан аса елдің басшы-қосышылары барады. Солардың ішінде басты қонақтар — Ресей мен АҚШ лидерлері — Путин мен Трамп болмақ.
Дәл осы алаңда Қытай-АҚШ-Ресей басшылары үшжақты жолығу өткізбек. Талқыланатын тақырыптардың палитрасы да ауқымды: Ядролық келісім, Иранмен соғыс, мұнай саудасы, сауда көші, Украинадағы соғыс, т.б. болмақ.
Біздің назар аударғанымыз Қытай «басты екі қонақты» екі түрлі «құрметпен» күтіп алыпты.
Шенженге Ресейбасы Путин кеше ұшып жеткен. Әуежайда Путинді ҚХР төрағасы кеңсесінің бастығы күтіп алған.
Бүгін Трамп та Шенженге ұшып жетті. Оны Шидің өзі әуежайдан күтіп алыпты…
Айтпақшы:
Бұл жиынға әлемдік сарапшылар мен БАҚ «Жаңа Ялта жолығуы» деп айдарлап ат қойып та үлгерген. «Үшеуара жаңа әлемдік тәртіпті» талқыға салады», — дегендер де болды.
Дейтұра, үшеудің саммиті басталарға дейін, яғни кешегі күнге дейін жалпы күн тәртібін толық келіспегені кеше айтылған.
Ал долбарлы болжамдар бойынша, үш елдің басшысының күйттеген мәселелері үш түрлі. Мысалы:
Қытай — төрағалық етуше ел. Алаң иесі. АТЭЫ саммитіне көбірек екпін түсіріп, аймақтың сауда-саттығы мен қауіпсіздігі мәселесін талқылауға бейілді.
Ал АҚШ — Уашиңтонның геосаяси бастамаларын жалпыластыруға, экономикалық қарым-қатынастарды әртараптандыруға, халықаралық саяси дағдарысты реттеуге және ядролық келісім мәселесіне көбірек екпін түсіргісі келеді. Әлбетте, Украина мәселесі назардан тыс қалмақ емес. Бұдан бөлек, Уашиңтон «Еуропаның жаңа қауіпсіздік архитектурасына» қатысты да жақтас іздеуге тырысады деп күтіледі.
Ал Ресей — Бейжіңді барынша өзіне жақын тартуға күш салмақ. Мәскеудің басты мәселелері — Украина, санкция және «Сібір 2» жобасы. Бұл үш мәселеде де Мәскеуге Бейжіңнің қолдауы керек-ті. Ал Бейжің бұл үш мәселенің екеуінде Ресейге астыртын қолдау білдіргенімен, «Сібір 2» жобасына құлық танытпай келе жатқалы 15 жылға жуықтады.
Қысқасы, үшеуі бүгін кешке қонақ асында бір жолығады, ертең ресми кездеседі деп күтілуде. Қандай қызықтар болатынын көре жатармыз…
Нұргелді ӘБДІҒАНИ.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!