Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

GTA VI үшін жұрт жаппай жұмыстан сұранып жатыр: демалыс өтініштері 38%-ға артқан

18.11.2026, 15:45 77

13 жыл күткен ойын үшін бір күн жұмыстан сұрану артық көрінбейтін сияқты. Әлем бойынша миллиондаған ойыншы асыға күткен Grand Theft Auto VI (GTA VI) 19 қарашада жарық көреді. Ойынның шығуына байланысты Еуропада еңбек демалысына өтініш беретін қызметкерлер саны күрт көбейген. Кейбірі бір күнмен шектелмей, тұтас бір аптаға демалыс жоспарлап қойған, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Rockstar Games компаниясы әзірлеген ойын PlayStation 5 және Xbox Series X|S платформаларында қолжетімді болады. Бұған дейінгі GTA V 2013 жылы шыққанын ескерсек, ойыншылар жаңа бөлімді 13 жыл күткен. GTA VI-ны алғашқылардың бірі болып Жаңа Зеландия тұрғындары ойнай алады. Бұған уақыт белдеулерінің айырмашылығы себеп. Ойын әр өңірдің жергілікті уақыты бойынша қолжетімді болатындықтан, Қазақстандағы ойыншылар да өздері тіркелген PlayStation аккаунтының өңіріне қарай әртүрлі уақытта ойнауға мүмкіндік алады.

Ойынға деген қызығушылық еңбек нарығындағы көрсеткіштерден де байқалған. Еуропалық Personio компаниясы қызметкерлердің еңбек демалысына және қосымша демалыс күндеріне берген өтініштерін талдаған. Нәтижесінде Германияда 19 қараша мен оған жақын күндерге арналған демалыс өтініштерінің саны әдеттегі көрсеткіштен 38 пайызға жоғары болған. Ал артық жұмыс істеген сағаттарының өтемақысы ретінде демалыс сұрағандар саны 58 пайызға артқан.

Personio деректеріне сүйенген еуропалық басылымдар GTA VI-ның шығуы қызметкерлердің демалыс жоспарларына айтарлықтай әсер еткенін жазды. Кейбір ойыншылар 19 қарашаға ғана сұранса, енді бірі жаңа ойынға уақыт бөлу үшін келесі аптаны да демалысқа арнаған. Дегенмен компанияның зерттеуі барлық өтініштің GTA VI үшін берілгенін дәлелдемейді. Көрсеткіш ойын жарық көретін күндердегі демалыс сұранысының әдеттегіден жоғары екенін көрсетеді.

Қазақстандық ойыншылар үшін тағы бір ерекшелік бар. Елімізде PlayStation Store-дың жеке қазақстандық өңірі болмағандықтан, пайдаланушылар ойындарды сатып алу үшін өзге елдердің аккаунттарын қолданады. Соның ішінде Түркия өңірінде тіркелген аккаунттар да кездеседі. Алайда ойынның нақты ашылатын уақыты таңдалған өңірге және платформаның іске қосу тәртібіне байланысты.

GTA VI оқиғасы АҚШ-тың Флорида штатынан шабыт алған Леонида өңірінде, соның ішінде Вайс-Сити қаласында өрбиді. Ойынның басты кейіпкерлері Джейсон мен Люсия қылмыс әлеміне араласып, түрлі оқиғаларды бастан өткереді. Rockstar Games жаңа бөлімде ашық әлемді кеңейтіп, ойын ішіндегі қалалар мен кейіпкерлердің өмірін бұрынғыдан шынайы көрсетуге мән берген.

Айта кетейік, GTA VI-ның ресми шығу күні бірнеше мәрте өзгерген болатын. Қазіргі жарияланған кестеге сәйкес, ойын 2026 жылғы 19 қарашада жарық көреді. Ал компьютерге арналған нұсқаның шығу мерзімі әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: