Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жол қауіпсіздігі басты назарда

18.11.2026, 0:16 23

Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен тас өндіру және тасымалдау жұмыстарымен айналысатын кәсіпорын басшылары, жүк көліктерінің жүргізушілері мен жауапты мекеме өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.

Жиында аудан аумағындағы тас өндіру және тасымалдау жұмыстарының барысы, жол инфрақұрылымының сақталуы, жүк көліктерінің қозғалысы мен қауіпсіздік талаптарының орындалуы мәселелері кеңінен сөз болды.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков соңғы уақытта тас өндіру және тасымалдау көлемінің артуына байланысты бірқатар мәселелердің туындап отырғанын атап өтті.
Атап айтқанда, ауыр жүк көліктерінің аудан аумағындағы автомобиль жолдарымен қозғалысы, жолдардың бүлінуі, көліктердің белгіленген салмақ нормаларын сақтамауы, елді мекендердің ішкі көшелерімен жүруі, сондай-ақ тасымалдау кезінде жолдардың ластануы мен шаң-тозаңның көтерілуі тұрғындардың орынды алаңдаушылығын туғызып отырғанын жеткізді.

Осы ретте аудан әкімі кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру мақсат емес екенін, керісінше, өндіріс пен тасымал жұмыстарын заң талаптарына сәйкес, қауіпсіз әрі жүйелі ұйымдастыру маңызды екенін баса айтты.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Жомарт Ақбергенов аудан аумағында тас өндіру және тасымалдау қызметін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысы, олардың міндеттері мен жауапкершілігі туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жай-күйі, ауыр жүк көліктерінің қозғалысы және жол инфрақұрылымын сақтау мәселелері жөнінде аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жомарт Баядилов хабарлама жасады.

Ал аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бастығы Әділбай Абдусаметов жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыр жүк көліктерінің белгіленген талаптарды сақтауын бақылау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.

Жиын барысында аудан әкімі өндіріс орындарының басшылары мен жүк көліктерінің жүргізушілеріне бірқатар нақты талаптарды жеткізді.
Атап айтқанда, жүк көліктеріне шамадан тыс жүк тиеуге жол бермеу, рұқсат етілген салмақ және осьтік жүктеме нормаларын қатаң сақтау, көлік құралдарының техникалық жағдайын бақылау, тасымалдау кезінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендердің ішкі көшелеріне түсетін салмақты азайту қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ тасымал кезінде жолдардың ластануына, тас қалдықтары мен шаң-тозаңның таралуына жол бермеу, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды.

Жиын соңында аудан әкімі жауапты бөлімдер мен мекеме басшыларына, кәсіпорын жетекшілеріне және тасымалдаушыларға заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету, жолдардың сақталуына жауапкершілікпен қарау, қозғалыс тәртібін реттеу және тұрғындардың өтініш-шағымдарының алдын алу бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Аудан басшысы өндіріс орындарының жұмысы мен тұрғындардың мүддесі өзара үйлесім табуы тиіс екенін атап өтіп, бұл бағыттағы бақылау жұмыстары тұрақты жүргізілетінін жеткізді.

@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: