Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аппараттық мәжіліс өтті

17.11.2026, 17:55 82

Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтіп, онда «Отандық өндірісті дамыту мен қолдау шаралары туралы» мәселе қаралды. Жиында көтерілген міндеттерге сәйкес Жаңақорған ауданының әкімі Ғалымжан Жарқынбектің төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.

Биыл мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар аясында отандық тауар өндіруші кәсіпкерлердің 192 жобасына жалпы көлемі 3,1 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілген.

Аудан басшысы жауапты сала орынбасарына кәсіпкерлерге қолдау көрсету және олардың жобаларын сүйемелдеу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ аудан орталығындағы ірі сауда орындарымен жасалған келісім шарт аясында жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерін сатуға арналған арнайы сауда бұрыштарын ұйымдастыру жұмыстарын жандандыруды міндеттеді.

Сонымен қатар, мәжілісте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Қазіргі таңда Жаңақорған кентіндегі 13 сауда үйімен тиісті меморандумдар жасалған. Құжат талаптарына сәйкес, келісім аясында сатып алынған азық-түлік тауарлары белгіленген сатып алу бағасына 10–15 пайыздан аспайтын сауда үстемесімен сатылуы тиіс. Осы бағытта аудан әкімі меморандум талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сауда орындарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына күнделікті мониторинг жүргізіп, белгіленген сауда үстемесінің шектен аспауын бақылауды тапсырды.

Жиын қорытындысында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына, кент және ауылдық округ әкімдеріне тапсырмалардың орындалуы қатаң бақылауда болатыны ескертілді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: