Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан шекарасында жанармайды заңсыз тасымалдаудың 595 дерегі анықталды

16.11.2026, 10:05 80

Елімізде жыл басынан бері көліктерге қосымша жанармай бактарын рұқсатсыз орнатудың 595 дерегі тіркелген. Заңсыз жабдықтардың жалпы сыйымдылығы 159,5 тоннаға жеткен, деп хабарлайды Halyqline.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстанда жанар-жағармайды көрші мемлекеттерге заңсыз әкетудің жолын кесу мақсатында шекаралық бақылау күшейтілді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, кейбір жүргізушілер бензин мен дизель отынын көп мөлшерде тасымалдау үшін көліктерінің құрылымын өзгертіп, қосымша жанармай бактарын орнатқан.

Мұндай құқықбұзушылықтардың басым бөлігі шекара маңындағы өңірлерде анықталған. Атап айтқанда, Жамбыл облысында 386, Түркістан облысында 119, Қостанай облысында 80 дерек тіркелген. Құқық қорғау органдары жанармайды заңсыз тасымалдауға пайдаланылатын көліктерді анықтау үшін тексерулер жүргізіп жатыр.

— Жыл басынан бері қосымша жанармай бактарын заңсыз орнатудың 595 дерегі анықталды. Олардың жалпы сыйымдылығы 159,5 тоннаны құрайды, – деп хабарлады Ішкі істер министрлігі.

Қазір мемлекеттік шекарадағы 48 автомобиль өткізу пунктінің маңында полиция қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Тексеру барысында көліктердің зауыттық құрылымы, жанармай бактарының сыйымдылығы және қосымша жабдықтардың заңды түрде орнатылғаны назарға алынады.

Министрлік мәліметінше, құқықбұзушылық жасаған жүргізушілер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 7-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылған. Заңсыз орнатылған жабдықтар алынып тасталғаннан кейін көліктер иелеріне қайтарылған.

Бұған дейін, қазан айының басында, ІІМ жыл басынан бері осындай 537 дерек анықталғанын мәлімдеген еді. Ол кезде рұқсатсыз орнатылған қосымша бактардың жалпы сыйымдылығы 150 тоннадан асқан. Соңғы мәлімет бойынша анықталған құқықбұзушылықтар саны 595-ке жетіп отыр.

Полиция жанармайды заңсыз әкетуге қарсы бақылау шаралары жалғасатынын ескертті. Құзырлы органдар көлік құралдарын рұқсатсыз қайта жабдықтау фактілерін де анықтауды жалғастырады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: