Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Трамп пен ірі компаниялардың ескі жазбаларындағы сілтемелер өзгертілген: Bitly мәлімдеме жасады

16.11.2026, 9:50 77

АҚШ президенті Дональд Трамп пен әлемге танымал компаниялардың әлеуметтік желідегі ескі жазбаларында жарияланған сілтемелер бөгде сайттарға бағыттай бастаған. Bitly сервисі жүйедегі осалдықты анықтап, оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Halyqline.kz CNN-ге сілтеме жасап.

15 қарашада X әлеуметтік желісіндегі бірқатар танымал аккаунттың бұрын жарияланған жазбаларынан күмәнді сілтемелер анықталды. Олардың қатарында АҚШ президенті Дональд Трамптың, сондай-ақ McDonald’s пен Burger King компанияларының ескі жазбалары бар. Пайдаланушылар аталған жазбалардағы қысқартылған сілтемелерді басқан кезде бастапқы ақпаратқа қатысы жоқ интернет-парақшаларға өтіп кеткен.

Кейін белгілі болғандай, мәселе әлеуметтік желідегі аккаунттардың бұзылуына байланысты туындамаған. Кибершабуыл жасағандар интернет мекенжайларын қысқартуға арналған Bitly сервисінің осал тұсын пайдаланып, бұрын қолданылған кейбір сілтемелерді өз мақсаттарына бейімдеген.

Bitly компаниясы оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, қауіпсіздік жүйесіндегі кемшілікті анықтағанын растады.

— Бүгін біз кейбір ескі әрі белсенді емес сілтемелерді бөгде адамдардың қайта пайдалануына мүмкіндік берген ақауды анықтадық. Соның салдарынан пайдаланушылар бастапқы жарияланымдарға қатысы жоқ контентке бағытталған. Бұған қатысы бар аккаунттар бұғатталды, ал өзгертілген сілтемелер өшіріліп жатыр, – делінген компания мәлімдемесінде.

CNN мәліметінше, оқиға Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтстің, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Джастин Трюдоның және АҚШ-тың бұрынғы вице-президенті Майк Пенстің ескі жарияланымдарына да әсер еткен. Тіпті АҚШ-тың кейбір мемлекеттік мекемелерінің бұрынғы жазбаларындағы сілтемелердің басқа беттерге бағытталғаны анықталған.

Мәселен, Burger King компаниясының 2011 жылы жариялаған жазбасындағы сілтеме мейрамханалар туралы ақпараттың орнына мүлде басқа мазмұндағы парақшаға апарған. McDonald’s компаниясының ескі жазбасында да осындай жағдай тіркелген.

Bitly өкілдері қауіпсіздік пен сенімділікке жауапты мамандар тобы мәселені жоюмен айналысып жатқанын хабарлады. Компания алдағы уақытта мұндай әрекеттердің қайталануына жол бермеу үшін қосымша қорғаныс шараларын күшейтпек.

Әзірге қанша сілтеменің өзгертілгені және кибершабуылдың артында кімдер тұрғаны белгісіз. Сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушыларының жеке деректеріне зиян келгені жөнінде расталған ақпарат жарияланған жоқ.

Мамандар ескі жарияланымдардағы қысқартылған сілтемелерге сақтықпен қарауға кеңес береді. Себебі бастапқы жазба өзгермегенімен, ондағы сілтеме кейін басқа интернет мекенжайына бағытталуы мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: