Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазының шығыс бөлігінде мұнай танкері теңіз минасына соғылып, өртенгенін хабарлады. Кеме тыйым салынған аймақта жүргені айтылды, деп хабарлайды Halyqline.kz.
Оқиға 15 қараша, жексенбі күні болған. Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Әскери-теңіз күштерінің мәліметінше, мұнай тасымалдайтын танкер Ормуз бұғазының шығыс бөлігінде теңіз минасына соғылған. Жарылыстан кейін кемеде өрт шыққан.
Иран тарапының хабарлауынша, танкер қозғалыс кезінде навигациялық және автоматты сәйкестендіру жүйелерін өшіріп, кеме қатынасына тыйым салынған аумаққа кірген.
— Бір сағат бұрын Ормуз бұғазының шығыс бөлігінде танкер теңіз минасына соғылып, өртенді, – делінген ИРСК Әскери-теңіз күштерінің мәлімдемесінде.
Әзірге кеменің атауы, қай мемлекеттің туымен жүргені және қандай көлемде мұнай тасымалдағаны жарияланған жоқ. Экипаж мүшелерінің жағдайы мен зардап шеккендер туралы да мәлімет жоқ. Сондай-ақ жарылыстың қоршаған ортаға зиян келтіргені жөнінде ақпарат берілмеді.
Иран әскери құрылымдары бұған дейін де Ормуз бұғазы арқылы рұқсат етілмеген бағыттармен өтетін кемелерге ескерту жасаған. Тегеран белгіленген теңіз жолдарынан тыс қозғалатын танкерлердің минаға соғылу қаупі бар екенін мәлімдеген.
Айта кетейік, 14–15 қараша күндері Иран тарапы Ормуз бұғазының әртүрлі бөліктерінде бірнеше танкердің минаға соғылғанын хабарлады. Алайда кемелердің зақымдануына қатысты барлық мәлімет тәуелсіз дереккөздер арқылы расталған жоқ.
Ормуз бұғазы Парсы шығанағын Оман шығанағымен жалғайтын әлемдегі стратегиялық маңызды теңіз жолдарының бірі саналады. Осы бағыт арқылы мұнай мен сұйытылған табиғи газдың халықаралық тасымалы жүзеге асырылады. Сондықтан бұғаздағы қауіпсіздік жағдайының нашарлауы энергия тасымалына және халықаралық саудаға әсер етуі мүмкін.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!