Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалылықтар Жалаңтөс баһадүр туралы деректі фильмді тамашалады

13.11.2026, 11:20 58

HALYQLINE.KZ

Бүгін Қазалы ауданында қазақ тарихындағы даңқты тұлға, ұлы қолбасшы, мемлекет қайраткері Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының 450 жылдық мерейтойына орай бірқатар тағылымды іс-шаралар өтуде, деп жазады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Мерейтой аясындағы іс-шаралар Роза Бағланова атындағы аудандық мәдениет үйінде Жалаңтөс баһадүрдің өмірі мен ерлік жолына арналған деректі фильмді көрсетумен басталды.

Деректі фильмді тамашалауға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, еліміздің әр өңірінен арнайы келген жерлестеріміз, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, аудан тұрғындары, белсенді жастар және баһадүрдің ұрпақтары қатысты.

Фильмде ұлы тұлғаның өмір жолы, ел басқарудағы қайраткерлігі, әскери қолбасшылық қабілеті мен тарихи жорықтары кеңінен баяндалды. Сондай-ақ зерттеуші ғалымдардың пайым-пікірлері мен тарихи деректер негізінде баһадүрдің ғұмырнамасы жан-жақты таныстырылды.

Жалаңтөс баһадүр тарихи деректерде 1576-1656 жылдары өмір сүрген Қазақ хандығы, Бұхара хандығы және Орталық Азия кеңістігінің саяси-әскери тарихымен тығыз байланысты тұлға ретінде қарастырылады. Ол әскери қолбасшылық қабілетімен ғана емес, Самарқанның саяси-әкімшілік өміріне араласқан қайраткер және сәулет өнерінің дамуына ықпал еткен тарихи тұлға ретінде де белгілі. Баһадүрдің қолдауымен салынған «Шердор» және «Тіллә-Қари» медреселері бүгінге дейін тарихи сәулет өнерінің асыл мұрасы ретінде сақталып келеді.

Деректі фильмнен кейін тағылымды іс-шара «Тұран жолбарысы атанған әмір» атты республикалық ғылыми-танымдық конференциямен жалғасын тапты.

Айта кетейік, бүгін түстен кейін мерейтой аясында «Тұранның тұлғасы – Жалаңтөс» атты облыстық жыраулар фестивалі де өтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: