Кеше Сыр бойының дәстүрлі өнерінде өшпес із қалдырған белгілі жырау Ақмырза Тұяқбаевтың туғанына 115 жыл және «Сырдың қараторғайы» атанған әнші Фатима Төлегенованың туғанына 100 жыл толуына орай «Ғибратты ғұмыр, өшпес өнеге» атты еске алу кеші өтті. Бұл туралы Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Қызылорда облыстық филармониясы, Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды іс-шара қос өнер иесінің шығармашылық мұрасын ұлықтауға және ұлттық өнерді дәріптеуге арналды.
Кеште облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Жанмұрат Сейілов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жырау Алмасбек Алматов сөз сөйлеп, өнер майталмандарының ұлттық мәдениеттегі орны мен өнегелі өмір жолына тоқталды.
Концерттік бағдарламада Руслан Ахметов, Ақмарал Ноғайбаева, Әділхан Қуаңбаев, Тоғжан Өтенова және Жәнібек Жақсан өнер көрсетіп, халық әндері мен жыр-термелерді орындады.
Сондай-ақ Ақмырза Тұяқбаевтың шәкірті Тәжігүл Аманжолова мен қос өнер иесінің ұрпақтары атынан Сұлтанкүл Ақмырзақызы тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара барысында қос тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бейнематериалдар көрсетіліп, мұрағаттық аудиожазбалары тыңдалды.
Тағылымды кеш Сыр өнерінің қос саңлағының рухына тағзым жасап, олардың баға жетпес мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттаған рухани басқосуға айналды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!