Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарағандыда қызды топ болып зорлаған бес жасөспірім 5 жылға сотталды

12.11.2026, 15:55 44

Сотталғандардың әрқайсысына бастапқыда 7 жыл 6 ай жаза тағайындалған. Алайда рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза мерзімі қысқартылды, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған қызды топ болып зорлаған бес жасөспірімге үкім шығарды. Олардың әрқайсысы 5 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айырылды.

Сот материалдарына сәйкес, оқиға 2025 жылғы 14 ақпанда болған. Сол күні кәмелетке толмаған екі қыз жасын жасырып, «Инфинити» түнгі караоке-клубына кірген. Онда үш сағаттан астам уақыт алкогольдік ішімдік ішкен қыздар кейін үйлеріне қайтуға қорқып, таныстарының ұсынысымен бес жасөспірім тұратын пәтерге барған.

Сот анықтағандай, пәтерде жасөспірімдердің бірі жәбірленушінің есін жиғызбау үшін оған химиялық заттың буын иіскеткен. Кейін бес жасөспірім қыздың дәрменсіз күйін пайдаланып, алдын ала сөз байласу арқылы оны топ болып зорлаған. Олардың кінәсі жәбірленуші мен куәлардың айғақтары, сараптама қорытындылары және өзге де дәлелдемелер негізінде анықталған.

— Сотталушылардың қылмыс жасаған кездегі кәмелетке толмаған жасы жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Қылмыстық кодекстің 120-бабының 3-1-бөлігі бойынша мұндай қылмыс үшін 15 жылдан 17 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда сотталушылардың кәмелетке толмағанын ескеріп, әрқайсысына 7 жыл 6 ай жаза тағайындалды. Кейін 2025 жылғы 23 маусымдағы рақымшылық туралы заң қолданылып, түпкілікті жаза мерзімі 5 жыл 7 ай 15 күн болып белгіленді.

Сондай-ақ бес жасөспірім екі жыл бойы педагогикалық қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Жәбірленуші тарап моральдық зиян үшін 100 миллион теңге өтемақы талап еткен. Сот бұл талапты ішінара қанағаттандырып, сотталғандардан ортақ тәртіппен 10 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

Сотталушылардың қорғаушылары олардың кінәсі дәлелденбегенін алға тартып, ақтау үкімін шығаруды сұраған. Алайда сот ұсынылған дәлелдемелерді зерттеп, бес жасөспірімді де кінәлі деп таныды.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: