Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақсуда әйелді өлтіріп, мәйітін өртеген ер адам 10 жылға сотталды

12.11.2026, 14:35 26

Павлодар облысында әйелді соққыға жығып өлтірген, кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында мәйітін өртеген ер адамға сот үкімі шықты. Сот оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды Halyqline.kz.

Қайғылы оқиға 2026 жылғы 17 сәуірде Ақсу қаласының шетінде болған. Сот материалдарына сәйкес, сол күні сағат 18:00 шамасында ер адам мен жәбірленуші жылу трассасының маңында алкогольдік ішімдік ішкен. Отырыс барысында әйел сотталушының марқұм анасына тіл тигізіп, екеуінің арасында жанжал туындаған.

Жанжал кезінде ер адам әйелдің бетінен жұдырықпен ұрған. Жәбірленуші жерге құлағаннан кейін де оны бірнеше рет тепкілеген. Ауыр жарақат алған әйел көп қан жоғалту салдарынан оқиға орнында көз жұмған.

Сот анықтағандай, ер адам әйелдің қайтыс болғанына көз жеткізген соң үйіне барып, дизель отынын алып келген. Кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның киімін шешіп, мәйітін өртеген. Осыдан кейін оқиға орнынан кетіп қалған.

Сот барысында қылмыстың мән-жайы сотталушының бастапқы жауаптарымен, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және өзге де дәлелдемелермен расталған.

Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.

Сонымен қатар сот жәбірленуші тараптың азаматтық талабын қанағаттандырып, 5,5 миллион теңгеден астам өтемақы өндіру туралы шешім қабылдаған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: