Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қызметке алғаш тағайындалған кезінде естіген бір анекдоттың қатты көңіліне тигенін айтты. Оның сөзінше, бұл әзіл қоғамның отандық ғылымға деген көзқарасын көрсетеді, деп хабарлайды Halyqline.kz.
11 қарашада Құрылтайдағы брифинг барысында министр қазақстандық ғылымның жетістіктері неге көпшілікке белгісіз болып отырғанын түсіндірді. Осы тұста ол бірнеше жыл бұрын естіген әзілді еске алды.
— Бір студент кітапханаға келіп, Қазақстан ғылымы туралы кітап іздеп жүргенін айтады. Сонда кітапханашы оған: «Фантастика үшінші қабатта», – деп жауап береді. Министр болып тағайындалған кезде маған осы анекдотты айтып берген еді. Шынымды айтсам, қатты намысыма тиді, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, мұндай көзқарас қарапайым тұрғындар арасында да, шағын және орта бизнес өкілдерінің арасында да кездеседі. Көпшілік қазақстандық ғалымдардың қандай зерттеулер жүргізіп жатқанын, олардың еңбегі өндіріс пен күнделікті өмірде қалай қолданылатынын біле бермейді.
Саясат Нұрбек соңғы жылдары ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту үшін арнайы кездесулер ұйымдастырылып жатқанын жеткізді. Оның мәліметінше, министрлік 13 ірі ғылыми хакатон өткізген. Мұндай шараларда ғалымдар кәсіпорындарға барып, өндірістік желілермен танысып, шахталарға түсіп, нақты технологиялық мәселелердің шешімін іздейді.
— Бізге нәтижелерді көрсетіп, олар туралы айту өте маңызды. Мейлі, ол үлкен ғылыми жаңалық немесе нанотехнология болмасын. Ең бастысы, қолмен ұстап көруге болатын, ғылыми тұрғыдан қосылған құны бар нақты нәтиже болуы керек, – деді министр.
Оның пікірінше, отандық ғылымның беделін көтеру үшін әлемдік деңгейдегі ірі жаңалықтарды күтудің қажеті жоқ. Өндірісте қолданылатын шағын технологиялық шешімдердің өзі қоғамға түсінікті әрі пайдалы болуы мүмкін.
Сонымен қатар ғылымның жетістігін насихаттау оның тиімділігіне қатысты сұрақтарды назардан тыс қалдырмауы керек. Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата ғылыми жобаларды қаржыландыру нәтижелеріне қатысты бірқатар кемшілік анықтаған. Аудит дерегінше, аяқталған 141 жобаның тек 38-і соңғы үш жылда тұрақты сатылымға қол жеткізген. Қалған 103 жобада жоспарланған өндіріс пен өткізу көрсеткіштері орындалмаған.
Осы тұрғыдан алғанда, министрдің еске алған анекдоты Қазақстан ғылымының танымалдығына ғана қатысты емес. Ғылыми әзірлемелердің нақты экономикалық нәтижесі, зерттеулердің өндіріске жетуі және жұмсалған қаржының қайтарымы да маңызды мәселе болып отыр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!