Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында инклюзивті білім беруді дамытуға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасауға айрықша назар аударды. Президент бұл бағытта қажетті инфрақұрылымды дамытып, білікті мамандар тапшылығын азайтуды және балалардың даму ерекшеліктерін ерте анықтау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Жолдауда келтірілген мәліметке сәйкес, бүгінде елімізде инклюзивті білім беруді қажет ететін 237 мыңнан астам бала бар. Бұл көрсеткіш әр баланың сапалы білім алуына жағдай жасаудың маңызын аңғартады. Алайда инклюзивті білім берудің нәтижесі тек қажетті жағдай жасаумен шектелмейді. Оның шынайы көрінісі – баланың жаңа дағдыларды меңгеріп, өз мүмкіндігін біртіндеп ашуы.
Мен Қызылорда қаласындағы «Ansar-Kausar жеке мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеймін. Күнделікті жұмыс барысында әр баланың қабылдау қабілеті, есте сақтау ерекшелігі мен даму қарқыны әртүрлі болатынына көз жеткіземін. Бірі жаңа әріпті тез меңгерсе, екіншісіне оны есте сақтап, өзге әріптерден ажырату үшін бірнеше рет қайталау қажет. Сондықтан барлық балаға бірдей талап қоймай, әрқайсысының мүмкіндігіне қарай жұмыс жүргізуге тырысамын.
Мұндай балаларды оқытуда ең маңыздысы – дұрыс тәсіл таңдау. Сабақ барысында түрлі түсті карточкалар, суреттер, ойыншықтар мен күнделікті тұрмыста кездесетін заттарды пайдаланамын. Мәселен, әріпті көрсетумен шектелмей, сол әріптен басталатын заттарды тапқызып, суреттермен байланыстырамын. Тапсырманы шағын бөліктерге бөліп, алдымен өзім көрсетемін, кейін баламен бірге орындаймын. Соңында оның өздігінен жасап көруіне мүмкіндік беремін. Осындай жүйелі қайталау арқылы бала жаңа дағдыны біртіндеп меңгереді.
Балалармен жұмыс істеудің ең қуанышты сәттері де осындай өзгерістерден байқалады. Бұрын мұғалімнің көмегін қажет еткен баланың тапсырманы өздігінен орындауға талпынуы, таныс әріптерді суреттер арасынан табуы немесе үйренгенін қайталауға қызығушылық танытуы – біз үшін үлкен жетістік. Сырт көзге бұл қарапайым әрекет болып көрінуі мүмкін.
Алайда оның артында талай рет қайталау, түсіндіру мен жаттығу жатыр. Ең бастысы – баланың бойындағы үйренуге деген ынтаны жоғалтпай, өздігінен орындай алатын әрекеттерін біртіндеп көбейту. Әрине, мұндай нәтижеге жету үшін уақыт қажет. Кейде ата-аналар баласының сабаққа қатысып жүргеніне қарамастан, күткен өзгерістердің бірден байқалмағанына алаңдайды. Бұл – түсінікті жағдай. Өйткені әр ата-ана баласының дамып, жаңа білім мен дағдыларды тезірек меңгергенін қалайды. Дегенмен әр баланың үйрену қарқыны әртүрлі. Бір бала белгілі бір әріпті бірнеше сабақта меңгерсе, екіншісіне оны есте сақтап, өздігінен тану үшін көбірек уақыт қажет болуы мүмкін. Сондықтан баланың жетістігін тек меңгерген әріптерінің немесе орындаған тапсырмаларының санымен өлшеуге болмайды. Егер бұрын тапсырманы орындаудан қиналған бала қазір оны өздігінен жасап көруге талпынса, бұл – алға жылжу. Егер таныс әріптерді шатастырған бала енді оларды дұрыс ажырата бастаса, бұл да елеулі нәтиже. Ұстаз ретінде мен үшін баланың бүгінгі жетістігін оның кешегі мүмкіндігімен салыстыру маңызды. Өйткені әрбір кішкентай өзгерістің артында үлкен еңбек жатыр.
Баланың дамуы тек мектептегі сабақпен шектелмейді. Үйренген дағдыларын күнделікті өмірде бекіту үшін отбасының қолдауы да қажет. Үйде бірге суреттер қарап, таныс әріптерді қайталау немесе қарапайым тапсырмаларды орындау баланың алған білімін есте сақтауына көмектеседі.
Әрине, ата-аналардың жұмысбастылығы мен күнделікті міндеттерін де ескеру керек. Сондықтан оларға қосымша салмақ жүктемей, қолжетімді әрі тиімді тәсілдерді ұсынып, мектеп пен отбасы арасындағы байланысты нығайтқан жөн.
Мемлекет басшысы да Жолдауында қандай да бір келеңсіздік туындағанда бар жауапкершілікті тек мұғалімге арта салу әдетінен арылу қажеттігін атап өтті. Отбасы, оқушы, ұстаз және мектеп әкімшілігі ортақ жауапкершілікті сезінуі керек екенін жеткізді. Бұл ұстаным ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытуда да маңызды. Себебі мұғалімнің еңбегі ата-ананың қолдауымен, ал қажет болған жағдайда арнайы педагог, логопед және психолог мамандардың көмегімен толықтырылуы тиіс.
Сонымен қатар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың барлығында бірдей зияткерлік даму бұзылыстары болмайтынын ескерген жөн.
Олардың даму ерекшеліктері мен білім алу қажеттіліктері әртүрлі. Сондықтан әр баланың жағдайын жеке бағалап, соған сәйкес оқыту әдісін таңдау маңызды.
Зияткерлік дамуында бұзылыстары бар балаларды оқыту тек әріп танытып, сан үйретумен шектелмейді. Өздігінен әрекет ету, қарапайым нұсқауларды түсіну, қарым-қатынас жасау және күнделікті тұрмыста қажетті дағдыларды меңгеру де үлкен маңызға ие. Кейбір балалар үшін өз заттарын жинау, қарапайым өтінішін сөзбен жеткізу немесе бастаған тапсырмасын соңына дейін орындау – маңызды жетістік. Мұндай дағдылар олардың дербестігін арттырып, өзіне деген сенімін нығайтады. Бұл саладағы ұстаз еңбегі үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап етеді. Әр баланың ерекшелігін түсіну, қызығушылығын ояту, сабаққа ынтасын сақтау үшін үнемі ізденіп, жаңа тәсілдерді қолданып отыру қажет. Кейде нәтиже бірден көрінбегенімен, баланың мүмкіндігіне сеніп, жұмысты жүйелі жалғастыру маңызды. Өйткені әр баланың бойында дамытуға болатын қабілет бар. Сол қабілетті байқап, ашуға жағдай жасау – ұстаздың басты міндеттерінің бірі.
Меніңше, әр балаға білім алуға мүмкіндік беріп, өз қарқынымен дамуына жағдай жасау – ұстаздың ғана емес, ата-ананың, мектептің және қоғамның ортақ міндеті. Баладан бірден үлкен нәтиже күтпей, оның кішкентай жетістіктерін де бағалай білсек, алға жылжуына көбірек көмектесеміз. Бүгін таныған бір әріп, өздігінен орындаған бір тапсырма немесе жаңа әрекетке деген қызығушылық – ертеңгі үлкен жетістіктің бастауы. Өйткені баланың үлкен жетістігі әрдайым кішкентай қадамнан басталады.
Нұрсұлу Алдонгарова,
«Ansar-Kausar мектебінің бастауыш сынып мұғалімі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!