Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қос бәйтерек достығы: Мұхтар мен Шыңғыс

09.11.2026, 11:35 45

HALYQLINE.KZ

«Екі халық достассын — қазақ пенен қырғыздай,

Екі жігіт достассын — Мұхтар менен Шыңғыстай!».

Халық бекер айтпайды. Кейбір достық жай ғана таныстық емес, екі ұлттың тағдырын жалғаған рухани көпір болады. Қазақ ақыны Мұхтар Шаханов пен қырғыздың ұлы жазушысы Шыңғыс Айтматовтың достығы дәл осындай. Әдебиетте ол «Қос бәйтерек достығы» деп аталады. Таныстық қалай басталды?

1968 жыл. Мәскеу. Жас ақындардың жиыны. Сол жерде тағдыр екі жас талантқа бір жолды сызып берді. Оларды бір-бірімен қырғыз ақыны Жолон Мамытов таныстырды. Ол кезде ешкім білмеді, бұл таныстық кейін әлемдік әдебиеттің тарихына енетінін. Бұл жай жолдастық емес еді. Бұл екі халықтың тілі мен ділі, тарихы мен тағдыры бір екенін жүрекпен сезген екі ұлы тұлғаның үндестігі болды. Қазақ пен қырғыз — тамыры бір, тілі жақын, арманы ортақ халық. Мұхтар мен Шыңғыс сол бірлікті өз достығымен дәлелдеді. Бірге жазған, бірге күрескен нағыз достық ортақ істе сыналады. Олар тек шай ішіп, сырласып қана қойған жоқ, бірге жазды, бірге ойлады, бірге күресті. Олардың ең танымал бірлескен еңбектері: 1. «Ғасыр айрығындағы сырласу. Құз басындағы аңшының зары». Бұл — жай кітап емес. Бұл — екі ойшылдың адамзат тағдыры, ұлттық рух, адамгершілік туралы сырласуы. ХХІ ғасырдың табалдырығында тұрып, кешегі мен бүгінгіні, өткен мен келерді саралаған философиялық диалог. 2. «Сократты еске алу түні». Бұл пьеса әлемнің 12-13 тіліне аударылды. Яғни, қазақ пен қырғыздың екі ұлының үні бүкіл әлем сахналарында естілді. Бұл — достықтың әлемдік деңгейге көтерілгені.

Шыңғыс Айтматов Мұхтар Шахановты ерекше бағалаған.  оны заманының ерекше тұлғасы санады. Оның азаматтық ұстанымына, қорықпай шындықты айтатын батылдығына тәнті болды. Айтматовтың пікірінше, Шаханов — рухы биік, күрескер ақын. Оның поэзиясындағы өткірлік — жай айғай емес, халықтың мұңы мен зары. Оның қайсарлығы — өз халқы үшін отқа түсуге дайын азаматтың қайсарлығы. Ал Мұхтар Шаханов үшін бұл достық туыстықтан да артық еді. Ол өз досын: «Туыстықтан да артық, ағалық-інілік махаббатқа жалғанған, жетінші түйсікпен астасқан өзгеше достық» деп сипаттады. Бұл — сөзбен жеткізу қиын сезім. Бірі ойлағанды, бірі сөзсіз түсінетін, бірі ауырса, бірі жанымен сезетін достық. Шыңғыс дүниеден өткен соң, Шаханов өзін жалғыз қалғандай сезінді. Оның қазасына арнап жазған «Екі Шыңғыс өнегесі» жырында ол досын былай ұлықтады:

«Екіншісі – қару еткен рухи-намыс қанатын,

Қара күшке қарсы қойған зор адами санатын,

Әр жүректің айдынында ізгілік боп жанатын,

Жаңа Манас – ұлы Шыңғыс Айтматов болатын…».

Шыңғыс Айтматов — қырғыздың ғана емес, бүкіл түркі әлемінің жаңа Манасы еді. Бүгін кейбіреулер «достық» деп бірге жүргенді, бірге күлгенді түсінеді. Ал қос бәйтерек басқа достықты көрсетті. Олардың достығы: Пайда үшін емес — идея үшін болды. Бір күндік емес — өмірлік болды. Екі адамның ғана емес — екі халықтың достығы болды. Сондықтан халық олар туралы:

«Екі халық достассын — қазақ пенен қырғыздай,

екі жігіт достассын — Мұхтар менен Шыңғыстай!» — деп айтады.

Бұл мақала — «Сүйіспеншілік пен достық» бөліміндегі 7-тапсырманы орындау барысында жазылды. Мұғалім бұл тапсырманы үй тапсырмасы ретінде берген кезде, кітапхана мен интернет көздеріне жүгініп, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың өмірі мен шығармашылығын өз бетімше ізденіп зерттедімЕкі ұлы тұлғаның сұхбаттарын, бірлескен кітаптарын, бір-біріне берген бағаларын оқып, олардың достығының жай ғана жолдастық емес, екі халықтың рухани бірлігі екенін  түсіндім. Осы ізденіс нәтижесінде  достықтың шынайы құндылығын өз өмірімде бағалай білуге және қос бәйтеректің достығы бүгінгі жас ұрпаққа да ой салатын, іздендіретін мәңгілік өнеге екенін түсіндім.

Бәйтерек жалғыз өспейді, биік өседі. Мұхтар мен Шыңғыс та солай: екеуі қатар өсіп, екі халықтың рухын көкке көтерді. Олардың достығы бізге бір ақиқатты үйретеді: нағыз достық — адамды биіктетеді, ұлтты жақындатады, тарихта мәңгі қалады. Бүгін бізге осындай достық керек. Адал, таза, рухты достық.

Айжан  Рақашева,

№85 орта мектептің 7 «Ә» сынып оқушысы,

Қармақшы  ауданы,

Төретам  кенті

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: