Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ирандағы қанды наразылық: 53 мыңнан астам адам ұсталып, мыңдаған тұрғын қаза тапқан

09.11.2026, 10:50 18

Иранда жаппай наразылықтарды басып-жаншу кезінде кемінде 53 777 адам ұсталған. Қаза тапқандар саны туралы билік пен құқық қорғау ұйымдарының деректері бір-бірінен едәуір ерекшеленеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы елдегі азаптау, заңсыз ұстау және өлім жазасын қолдану жағдайларына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Halyqline.kz.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Ирандағы адам құқықтарының жағдайына арналған баяндамасында 2025 жылдың желтоқсанында басталған жаппай наразылықтардың салдары баяндалған. Бастапқыда экономикалық қиындықтарға, инфляция мен тұрмыс деңгейінің төмендеуіне байланысты өткен шерулер кейін саяси талаптарға ұласқан. Наразылықтар елдің барлық 31 провинциясын қамтыған.

БҰҰ деректерінде 2025 жылғы 25 желтоқсан мен 2026 жылғы 15 ақпан аралығында кемінде 53 777 адамның ұсталғаны көрсетілген. Иран билігі олардың басым бөлігі тергеу аяқталған соң босатылғанын мәлімдеген. Алайда халықаралық құқық қорғау ұйымдары заңсыз қамауға алу, азаматтарды сыртқы әлеммен байланыссыз ұстау және із-түзсіз жоғалу жағдайлары туралы хабарлаған.

Қаза тапқандар санына қатысты деректер де әртүрлі. Иран үкіметінің мәліметінше, қаңтардағы оқиғалар кезінде 3117 адам көз жұмған. Ал HRANA құқық қорғау ұйымы ақпан айының соңына қарай 7 мыңнан астам өлім дерегін тіркеген. Бұл санға шерушілермен қатар қауіпсіздік құрылымдарының қызметкерлері және оқиғаға кездейсоқ тап болған адамдар да кіреді. Бұдан бөлек, тағы мыңдаған адамның өліміне қатысты ақпарат тексерілген.

БҰҰ-ның тәуелсіз халықаралық тергеу миссиясы наразылықтарды басу кезінде адам құқықтарының өрескел бұзылғанын анықтаған. Баяндамада қауіпсіздік күштерінің жараланған шерушілерді ауруханалардан іздегені, кейбір азаматтардың ұсталғаннан кейін хабар-ошарсыз кеткені, ал қамауда отырғандарға күш қолданылғаны айтылған.

Тергеушілер тұтқындарды ұрып-соғу, электр тогымен азаптау, суға тұншықтыру және ұзақ уақыт оқшау ұстау туралы мәліметтер жинаған. Сондай-ақ адвокаттар мен медицина қызметкерлеріне қысым көрсетілгені жөнінде хабарланған.

Иранда өлім жазасын қолдану көлемі де халықаралық ұйымдардың алаңдаушылығын туғызып отыр. БҰҰ дерегінше, 2025 жылы елде кемінде 1639 адам өлім жазасына тартылған. Ал 2026 жылдың алғашқы үш айында тағы 151 адамның жазасы орындалған. Наразылықтарға қатысқаны үшін сотталған азаматтардың да өлім жазасына ұшырау қаупі бар.

Елдегі гуманитарлық жағдай 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери соққыларынан кейін одан әрі күрделене түскен. Иран тарапының мәліметінше, әскери қимылдар салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, олардың арасында бейбіт тұрғындар да болған. Білім беру және медициналық мекемелер зақымданып, көптеген адамның күнделікті тіршілігіне елеулі зардап келген.

БҰҰ Иран билігін негізсіз ұсталған адамдарды босатуға, өлім жазасын орындауды тоқтатуға және адам құқықтарының бұзылуына қатысты барлық мәліметті тәуелсіз тексеруге шақырды.

Фото: Анадолу

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: