Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заманауи  бата

07.11.2026, 7:30 19

HALYQLINE.KZ

(Жас  жұбайларға)

Бастарыңа бақ қонсын,

Ішкендерің ақ болсын!

Махаббатың «размері»,

Өздеріңе шақ болсын!

Қораларың қойға толып,

Байлаулы бір ат болсын!

Көре алмаған дұшпандар,

Іштен тынып, «мат болсын!»

Береке, күлкі кетпесін,

Жамандық деген жетпесін.

Қонақтарың үзілмей,

Үйлеріңнен ет жесін,

Бақытты болып, қашанда,

Тағдыр кері теппесін!

Өмір даңғыл жол болсын,

Армандарың зор болсын,

Тоңазытқышты ашқанда,

Тағамдарың мол болсын:

Демеймін далбаса,

Орысша колбаса,

Қысы-жазы,

Шұжық, қазы,

Донер,

Бургер,

Демеймін оғаш,

Самса, лаваш,

Өлә, өлә,

Коко-Кола,

Деп шыңғырам,

Әрине, болсын,

Қымыз-қымыран!

Күндіз күнің, түнде айың бар,

Қолдарыңды жайыңдар,

Айналайын келінжан,

«Мынауский» байың бар,

Бай дегенде бай болсын,

Джиптері сай болсын,

Балаларың шүпірлеп,

Ауыздары май болсын,

Ата-енең қуанып,

Ішкендері шай болсын!

Кетпеңдер кейде шалқайып,

Қысқасы,

Батамның нұсқасы,

Жүзге жетіңдер,

Бір жастықта қартайып!

Амин!

Мұхтар  ШЕРІМ.

Фото: ЖИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: