Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сөз құдіреті және қаламгер

06.11.2026, 16:10 86

Елордадағы ALTYN ORDA-ІТ-creative бағытындағы мектебінде журналист-жазушы, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Төлен Тілеубаймен кездесу өтті. Жиынның басында «Nomad» домбырашылар ансамблінің мүшелері Құрманғазының «Балбырауын» күйін күмбірлетті. Одан кейін лед-экраннан автордың өмір дерегі, шығармашылық жетістіктері туралы бейнематериал көрсетілді.

Жаңашыл бағыттағы білім ордасындағы қаламгермен алғашқы кездесуді ұйымдастырған – кітапхана меңгерушісі Бақыт Мырзатаева. Мектеп оқушылары «12 айда – 12 кітап» жобасы аясында қазан айында Төлен Тілеубайдың «Түлкілітаудың аспаны» кітабын оқыпты.

Жылы рәуіштегі жүздесуде балалар шағын повесті автормен бірге талдады. Ашық, еркін пікір алмасу барысында көкейдегі сауалдарын қойды. Оқырман балаларды кітаптың атауының қойылуы, шығарманың басты идеясы, композициялық құрылымы, кейіпкерлер арасындағы тартыс, бас кейіпкер баланың туындыда бірнеше қырынан ашылуы және оның прототипі қызықтырыпты. Повестің тілінің жатық, табиғи қазақ тілімен жазылған да кішкентай оқырмандар назарынан тыс қалмады. Әдеби кеште жазушының «Ақбөкен жылаған түн» атты деректі әңгімесінің айтар ойы, тәрбиелік мәні кеңірек талқыға түсті. Автор шығармаға өзек болған оқиғаны көзімен көріп, құлағымен естіп, адам мен ақбөкендер тағдырын шынайы суреттегенін әңгімелеп берді.

Төлен Тілеубай оқушылар мен мұғалімдерге кітапты қалай таңдап, қалай оқу керектігі туралы ойларымен бөлісті. Оқырманды кітап оқуға қызықтыруға қатысты әлемдік тәжірибені мысалға келтірді. Күн сайын бірнеше бет шығарма оқыған адамның одан қандай рухани ләззат, таусылмас қазына жинайтынын мотивациялық мысалдармен, өз басынан кешкен оқиғалармен түсіндірді.

Мұндай кездесулердің әр балаға берері мол. Өйткені қаламгердің өз аузынан өмірлік тәжірибесін тыңдау, ой бөлісу, сөз құдіретін мен жаңа дүниелерді тану — оқушыларға зор мүмкіндік! Сөздің киесін танып, қаламның құдіретін ұлықтаған кешті мектеп директоры Назиля Тұрмаханбетова қорытынды сөзімен түйіндеп, қадірлі қонағына Қазақстанның халық жазушысы Мұхтар Мағауинннің «Алтын орда» романын сыйға тартты.

Асантемір ҚАРШЫҒАҰЛЫ,

журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Суреттерді түсірген автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: