Бүгін Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге Шиелі кентінде жүргізіліп жатқан көркейту және абаттандыру жұмыстарының барысын аралап, олардың сапасы мен орындалу барысын бақылады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Аудан басшысы алдымен Т.Рысқұлов көшесі бойында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта аталған көше бойында жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар көше инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындар мен көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Айта кетейік, Шиелі кентіндегі Ж.Таспанбетова, Ә.Палымбетова, А.Құнанбаев, С.Кәрімбаев, Б.Тоқбаулин, Т.Жүргенов, Б.Оразов және Досбол датқа көшелерінде күрделі жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, мектептер мен әлеуметтік маңызы бар мекемелердің аумақтарына асфальт төселіп, инфрақұрылымы жақсартылды. Аталған жұмыстарды «Әлем Транс Жол» ЖШС атқаруда.
Сонымен қатар, аудан әкімі Салтанат сарайының айналасын аралап, аумақтың тазалығы мен абаттандырылу жайын назарға алды. Аталған нысан алдағы уақытта аудан көлеміндегі ауқымды мәдени-көпшілік шаралар өтетін орындардың бірі болғандықтан, оның айналасын ретке келтіріп, көріктендіру жұмыстарына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандардың санитарлық тазалық жағдайы тексерілді. Аудан басшысы сауда орындарының айналасын таза ұстау, ретсіздікке жол бермеу және кәсіпкерлердің тазалық талаптарын сақтау қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, Қожа Ахмет Ясауи көшесінің жай-күйі қаралып, жол жамылғысын күтіп-ұстау, көшенің тазалығын қамтамасыз ету және абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Аудан басшысы аралау барысында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына, белгіленген мерзімде орындалуына және әрбір аумақтың талапқа сай күтіп-ұсталуына баса назар аударды. Сонымен қатар, жауапты мекеме басшыларына жұмыстарды бақылауды күшейтіп, анықталған кемшіліктерді дер кезінде жоюды тапсырды.
Жалпы, аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан көркейту, абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсартуға, қоғамдық орындардың жайлылығын арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!