Балалық шақтың ең жылы естеліктері кейде ата-әженің шаңырағында қалады. Әженің әлдиі, атаның өнегелі әңгімесі, алақанына салып әлпештеген мейірімі – талай ұрпақтың өмірінде өшпес із қалдырған асыл қазына. Қазақ қоғамында немере тәрбиесін ата-әжесіне сеніп тапсыру – бұрыннан бар дәстүрдің бірі. Таңсық емес қысқасы. Мұның астарында үлкенге құрмет, ұрпақ сабақтастығы мен отбасылық ынтымақ жатыр. Дегенмен, бүгінгі қоғамда бұл құбылыстың сипаты өзгеріп, кейбір ата-ана жұмыс пен тұрмыс қамымен баласын ата-әжесінің тәрбиесіне қалдыруға мәжбүр. Сонда ата-әже мейіріміне бөленіп өскен баланың жан дүниесінде қандай із қалады, ал ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны қалай сақталады? Бұл – біреуді кінәлаудан бұрын, үш ұрпақтың арасындағы жауапкершілік пен мейірімнің арақатынасын түсінуді қажет ететін мәселе.
АТА-ӘЖЕ ТӘРБИЕСІ – ҚАЗАҚЫ ОТБАСЫНЫҢ АЛТЫН АРҚАУЫ
Қазақы тәрбие ұғымын ата мен әженің өнегесінен бөліп қарау қиын. Халқымызда тұңғыш немересін ата-әжесінің бауырына салу, үлкендердің тәрбиесіне беру дәстүрі бұрыннан бар. Мұның астарында баланың күтімін бөлісуден тыс, ұрпақ сабақтастығын сақтау, ұлттық құндылықтарды кейінгі буынның бойына сіңіру мақсаты жатыр. Атаның әңгімесі арқылы бала өткен тарихын таныса, әженің әлдиі мен ақылынан үлкенге құрмет, кішіге ізет, сабыр мен мейірім секілді қасиеттерді бойына дарытқан. Сондықтан, ата-әже тәрбиесін қазақ қоғамындағы ұрпақтар арасындағы байланысты жалғаған ерекше әлеуметтік құбылыс деп бағамдасақ, айыбы жоқ.
Бұл дәстүрдің маңызын тек ұлттық таныммен шектеп қоюға болмайды. Әлемнің көптеген елінде ата-әже немере тәрбиесіне белсенді араласып, отбасының тірегіне айналған. Мәселен, Қытайда жүргізілген зерттеулерде ата-әжелердің 72,9 пайызы бала тәрбиесіне қатысатыны көрсетілген. Ал АҚШ-тың 2022 жылғы халық санағына сүйенген дерек бойынша, елдегі 14,24 миллион отбасында балалар ата-әжесімен бірге тұрады. Бұл мәліметтер үш ұрпақтың бір шаңырақ астында өмір сүруі тек қазақ қоғамына тән дүние емес екенін аңғартады. Қазіргі заманда ата-әженің көмегі ата-ананың жұмыс істеуіне, тұрмыстық міндеттерді үйлестіруіне мүмкіндік беретін маңызды отбасылық ресурсқа айналған.
Ғылым да үлкен буынның бала өміріндегі орнын жоққа шығармайды. 2019 жылы Social Science & Medicine ғылыми журналында жарияланған зерттеуде Йель университетінің ғалымдары бастаған халықаралық зерттеушілер тобы ата-әженің бала денсаулығы мен дамуына ықпалын жан-жақты қарастырған. Олар жеті ғылыми дерекқордан алынған 12 699 жарияланымның ішінен 206 зерттеуді іріктеп, талдаған. Зерттеу барысында ата-әженің немересімен қарым-қатынасы, күнделікті күтімге араласуы және материалдық қолдауы баланың физикалық, психологиялық, әлеуметтік әрі танымдық дамуына қатысты қарастырылған. Ғалымдар ата-әженің ықпалы біркелкі нәтиже бермейтінін, оның отбасының жағдайына, тәрбиелік міндеттердің бөлінісіне және үлкендер мен балалар арасындағы байланыстың сапасына тәуелді екенін атап көрсеткен.
Бұл тұжырымды 2026 жылы Journal of Family Theory & Review журналында жарияланған жаңа метаталдау да толықтыра түседі. Қытайдың бірқатар жоғары оқу орнының зерттеушісі 2002-2022 жылдар аралығында жарық көрген 59 зерттеу үлгісін, жалпы саны 71 395 қатысушыны қамтыған 374 ғылыми нәтижені саралаған. Нәтижесінде ата-әже мен немере арасындағы байланыстың жақындығы баланың психологиялық, әлеуметтік, мінез-құлықтық, физикалық және танымдық даму көрсеткіштерімен оң байланыста екені анықталған. Байланыстың статистикалық әсері үлкен болмаса да, зерттеушілер оның тұрақты оң сипатына назар аударған. Әсіресе, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру, өмірге қанағаттану, өзгелерге жанашырлық таныту және жағымды мінез-құлықты дамыту бағыттарында ата-әжемен жақын қарым-қатынастың пайдасы байқалған.
Мұнда бір маңызды жайт бар: ата-әженің бала өміріне араласуы мен оның тәрбиесіне толық жауап беруі – екі бөлек жағдай. 2024 жылы Journal of Family Theory & Review журналында жарияланған тағы бір жүйелі шолуда зерттеушілер ата-ана мен ата-әженің бала тәрбиесіндегі өзара үйлесімін зерделеген. 220 ғылыми жұмыстың ішінен 16 зерттеу іріктелген. Нәтижесінде үлкендер мен ата-ананың тәрбие мәселесінде өзара келісім табуы балалардың әлеуметтік қабілетінің, өзін-өзі басқару дағдыларының және жақын адамдарға деген сенімінің қалыптасуымен байланысты екені анықталған. Демек, ата-әженің мейірімі мен ата-ананың тәрбиелік ұстанымы бір-біріне қайшы келмей, өзара толықтырған кезде бала үшін әлдеқайда қолайлы орта қалыптасады.
Қазақстандық отбасылардың құрылымынан да бірнеше ұрпақтың байланысын аңғаруға болады. «Қазақстан отбасылары – 2019» ұлттық баяндамасында 2009 жылғы халық санағының қорытындысына сүйене отырып, аға буын балалары және немерелерімен бірге тұратын кеңейтілген отбасылар саны 1 миллион 311 мың 265 болғаны көрсетілген. Оның 714 мыңнан астамы қалада, 596 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан. Әрине, бұл – қазіргі ахуалды сипаттайтын жаңартылған статистика емес, 2009 жылғы санаққа негізделген тарихи көрсеткіш. Оның үстіне, бірге тұратын барлық отбасыда немере тәрбиесінің негізгі жауапкершілігі ата-әжеге жүктелген деуге келмейді. Дегенмен, бұл дерек Қазақстанда үш ұрпақтың бір шаңырақ астында өмір сүруі бұрыннан кең тараған отбасылық үлгілердің бірі болғанын көрсетеді.
Ата-әженің бала тәрбиесіндегі орны тек күнделікті күтіммен де өлшенбейді. Олар – әулеттің тарихын білетін, отбасының өткені мен бүгінін жалғайтын тірі шежіре. Бала үлкендердің әңгімесінен өз тегін, ата-бабасының жүріп өткен жолын, туған жерінің тарихын танып өседі. Әженің қолынан шыққан ұлттық тағам, атаның үйреткен қарапайым тірлігі, мереке мен салт-дәстүр кезіндегі отбасылық әдеттер – мұның бәрі баланың дүниетанымына әсер ететін бейресми тәрбие мектебі. Мектеп белгілі бір білім берсе, ата-әже өмірлік тәжірибесі арқылы сол білімнің адамгершілік негізін қалыптастыруға үлес қосады.
МЕЙІРІМНІҢ КӨЛЕҢКЕСІ: АТА-АНАСЫНАН ЖЫРАҚ ӨСКЕН БАЛАНЫҢ ЖАН ДҮНИЕСІ
Ата-әженің мейіріміне бөленіп өскен баланың балалық шағы міндетті түрде мұңды өтті деуге келмейді. Керісінше, үлкендердің алақанында еркелеп, ақылын тыңдап, қамқорлығын сезініп өскендердің арасында бақытты балалық шағын сағынышпен еске алатындар аз емес. Алайда, бір нәрсені естен шығармаған жөн: ата-әженің махаббаты мен ата-ананың мейірімі – бірін-бірі алмастыратын сезімдер емес. Бала үшін әке мен шешенің де орны бөлек. Әсіресе, кішкентай кезінде ата-анасынан алшақтап, кейін олардың ортасына қайта оралған баланың психологиялық бейімделуі оңай болмауы мүмкін.
Мұндай жағдайдың астарында көбіне ата-ананың тұрмыстық жағдайы, жұмысбастылығы немесе басқа қалаға қоныс аударуы жатады. Кейбір жас отбасы баласының болашағын ойлап, қалада жұмыс істеуге мәжбүр болса, ауылдағы ата-әжесі немересінің күтімін өз мойнына алады. Бір қарағанда, бұл екі тарапқа да тиімді шешім секілді көрінеді: ата-ана табыс табады, бала жақындарының қолында өседі. Бірақ материалдық қажеттіліктің өтелуі баланың эмоционалдық қажеттіліктері де толық қамтамасыз етілді дегенді білдірмейді. Өйткені, балаға тамақ, киім, баспана ғана емес, ата-анасының жанында болуы, көңіл бөлуі, құшағына басуы да қажет.
Бұл мәселені Қазақстанның өзінде де психологтар көтеріп жүр. Мәселен, отбасы психологі Ержан Мырзабаев 2022 жылы Informburo.kz басылымына берген сұхбатында ата-әжесінің қолында өсіп, кейін ата-анасының отбасына қайта қосылған адамдармен жұмыс тәжірибесін бөліскен. Маман өзіне жүгінетін клиенттердің басым бөлігінде осындай өмірлік тәжірибе кездесетінін айтады. Ол ата-ана мен баланың арасындағы эмоционалдық байланыстың ерте қалыптасуына ерекше мән береді.
«Балаға тікелей жауапты адам – әке-шеше, ең жақын адам да – әке-шеше. Ата-әже, нағашы, көке, бауыр, туысқан, көрші – әке-шешенің тәрбие процесіндегі көмекші құралдар» деді отбасы психологі Ержан Мырзабаев.
Сондай-ақ маман ата-анамен байланыс құрудың мәселесін былайша түсіндірді.
– Бала кішкентай кезінен ата-анасымен эмоционалды жақын қарым-қатынас құра алмайтын болса, өскенде ешкіммен байланыс құра алмайды: әйелімен, күйеуімен, баласымен, жұмысымен. Әрдайым өзін қоғамнан шеттетілген ретінде сезінеді. Сол үшін бұл – өте қауіпті құбылыс. Балаға тікелей жауапты адам – әке-шеше, ең жақын адам да – әке-шеше. Ата-әже, нағашы, көке, бауыр, туысқан, көрші – әке-шешенің тәрбие процесіндегі көмекші құралдар. Кейде бала бір нәрсені көріп, үйренуі үшін ғана ата-әжесінің, туысқандардың жанына уақытша жіберуге болады. Бірақ мұның бәрі ата-ананың қадағалауында, бақылауында және жоспарлы болуға тиіс, — дейді маман.
Маманның бұл пікірін дұрыс түсінсек, ата-әженің бала тәрбиесіндегі орнын төмендету – әбестік, бастысы, ата-ананың негізгі жауапкершілігін айқындау қажет. Расында, ата-әже немересіне қанша жерден қамқор болса да, оның әке-шешесіне деген сағынышын толық баса алмауы мүмкін. Мұндайда баланың ішкі сезімін түсініп, ата-анасымен байланысын үзбеуіне жағдай жасау қажет. Әсіресе, ата-анасы келген кезде баланың мінезі өзгеріп, тұйықталып немесе керісінше шамадан тыс мазасызданса, мұны еркелікке балап ғана қоймай, оның көңіл күйіне назар аударған жөн.
Ғылыми зерттеулер де бұл мәселенің назардан тыс қалмауы керектігін көрсетеді. 2024 жылы Journal of Child Psychology and Psychiatry журналында жарияланған жүйелі шолу мен метаталдауға әлемнің әртүрлі елінде жүргізілген 38 зерттеу енгізіліп, жалпы саны 344 860 баланың дерегі сараланған. Нәтижесінде ата-әжесінің қарауындағы балаларда ата-анасының қамқорлығында өскен құрдастарына қарағанда ішкі мазасыздық, тұйықталу, мінез-құлық қиындықтары мен әлеуметтік-эмоциялық әл-ауқаттың төмендеу белгілері жиірек кездескен. Дегенмен, зерттеушілер бұл айырмашылықтардың әсер көлемі шағын екенін де атап өтеді. Ең маңыздысы, мұны ата-әженің тәрбиесі баланың психологиясына міндетті түрде кері әсер етеді деген қорытындыға балауға болмайды. Себебі, мұндай отбасыларда ата-ананың әлеуметтік жағдайы, еңбек миграциясы, материалдық қиындықтар мен отбасылық тұрақсыздық секілді қосымша факторлар қатар жүруі мүмкін.
Зерттеудің тағы бір маңызды тұсы – ата-әженің балаға қамқорлық жасауы мен ата-анасының орнына толық жауапкершілік алуының аражігін ажырату. Мәселен, ата-анасы баласымен бірге тұрып, күнделікті күтімге ата-әжесі көмектесетін отбасындағы жағдай мен ата-анасы басқа қалада немесе шетелде жүрген баланың жағдайы бірдей емес. Бірінші жағдайда бала ата-анасының жанында өсіп, үлкендердің қосымша мейіріміне бөленеді. Ал екінші жағдайда ата-анасымен күнделікті қарым-қатынас шектеліп, олардың бала өміріндегі қатысуы телефон қоңырауы немесе ара-тұра келіп-кетумен ғана шектелуі ықтимал. Сондықтан, мәселенің мәнін баланың кімнің қолында өскенінен бөлек, ата-анасымен эмоционалдық байланысының қаншалықты сақталғанынан да іздеген дұрыс.
Қазақстандық БАҚ-та жарияланған оқиғалар да осы мәселенің адам жанына қаншалықты терең әсер ететінін аңғартады. 2020 жылы Азаттық радиосы ата-әжесінің қолында өсіп, кейін ата-анасына оралған бірнеше адамның тағдырын жариялаған. Басылым кейіпкерлерінің бірі Айман есімді әйел алты айлығында ата-әжесінің қолына берілгенін, оларды жақсы көргенімен, туған ата-анасынан жырақ өскенін баяндайды. Оның естелігінде ата-анасын сағынудың өзін әжесіне деген құрметсіздік сияқты қабылдаған кездері болғаны айтылады. Тіпті, анасына ұқсап қалғаны үшін өзін кінәлі сезінгенін де жасырмайды. Кейін есейген шағында ата-анасымен жақын қарым-қатынас орнату қиынға соққанын жеткізген. Әрине, бір адамның өмірлік тәжірибесін барлық балаға ортақ заңдылық ретінде қарастыруға болмайды. Бірақ бұл оқиға үлкендердің мейіріміне бөленген баланың да туған ата-анасына деген сағынышы мен ішкі қайшылығын жасырып қалуы мүмкін екенін көрсетеді.
Мәселенің тағы бір қыры – тәрбие берудегі көзқарас қайшылығы. Әдетте ата-әже немересін еркелетіп, оның көңілін табуға тырысса, ата-ана белгілі бір тәртіп пен талаптың сақталғанын қалайды. Мұндай айырмашылықтың болуы заңды. Алайда үлкендер баланың көзінше бір-бірінің шешімін жоққа шығарып, тәрбиелік ұстанымдары үнемі қайшы келсе, бала кімнің талабына бағынарын білмей қалуы мүмкін. Бірі рұқсат берген нәрсеге екіншісі тыйым салады, бірі жазалаған әрекетін екіншісі ақтап алады. Мұның соңы баланың шекараны түсінуіне, жауапкершілікті сезінуіне және үлкендерге деген сеніміне әсер етуі ықтимал.
Бұған қоса, немере тәрбиесін мойнына алған ата-әженің де жағдайын назардан тыс қалдырмаған жөн. Жасы ұлғайған адамның кішкентай баланың күнделікті күтімімен айналысуы физикалық әрі эмоционалдық күшті талап етеді. Баланың сабағына көмектесу, денсаулығын қадағалау, бос уақытын ұйымдастыру, мінезіндегі өзгерістерге көңіл бөлу – мұның бәрі оңай міндет емес. Әсіресе, ата-анасы алыста жүрген жағдайда үлкендер тек күтім жасаушы болып қоймай, баланың барлық мәселесін шешетін негізгі тұлғаға айналады. Ал олардың денсаулығы сыр берсе немесе күш-қуаты жетпесе, бұл жағдай балаға да, ата-әжеге де салмақ түсіреді.
Осы тұста мәселені ата-әжені кінәлау арқылы шешу мүмкін еместігін түсінуіміз керек. Керісінше, үлкендердің балаға жасаған жақсылығын бағалай отырып, олардың мойнына шамадан тыс жауапкершілік артып қоймау қажет. Ата-әже немересіне мейірімін төгетін, өмірлік тәжірибесін бөлісетін, ұлттық құндылықтарды үйрететін жақын жан болып қала берсін. Бірақ ата-ананың бала өміріндегі орны тек материалдық қамтамасыз етумен немесе анда-санда хабарласумен шектелмеуі керек. Себебі баланың жүрегінде әке мен шешеге деген қажеттілік жас ұлғайған сайын жоғалып кетпейді.
БАЛА ТӘРБИЕСІ – ОРТАҚ МІНДЕТ, ЖАУАПКЕРШІЛІК – АТА-АНАНЫҢ ЕНШІСІНДЕ
Ата-әже тәрбиесінің бала өміріндегі орны бөлек. Олар немересіне өмірлік тәжірибесін үйретіп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіреді, мейірім мен қамқорлықтың қадірін танытады. Алайда, осының бәрі ата-ананың міндетін алмастыра алмайды. Өйткені, балаға тек жақсы күтім мен жеткілікті тұрмыс жағдайынан тыс, әке-шешесінің күнделікті назары, қолдауы және жанында екенін сезіну де қажет.
Мәселенің шешімі баланы ата-әжесінің қолынан алып, міндетті түрде ата-анасының жанына орналаластырумен шектелмейді. Әр отбасының тұрмыстық жағдайы, жұмыс кестесі мен мүмкіндігі әртүрлі. Кейбір ата-ана күнкөріс қамымен басқа қалада немесе шетелде еңбек етуге мәжбүр. Мұндай жағдайда ата-әжесінің көмегіне жүгіну – түсінікті шешім. Бірақ арақашықтық ата-аналық жауапкершілікті алыстатпауы керек. Балаға телефон арқылы анда-санда хабарласумен шектелмей, оның күнделікті тіршілігіне араласу, сабағын, достарын, қызығушылығын білу, қуанышы мен уайымын бірге бөлісу маңызды. Мүмкіндік туған сайын жүздесіп, бірге уақыт өткізу де баланың ата-анасымен эмоционалдық байланысын нығайтады.
Екінші маңызды мәселе – ата-ана мен ата-әженің бала тәрбиесіндегі ортақ ұстанымы. Үлкендер немересіне мейірімін төгіп, барынша еркелеткісі келсе, ата-ана тәртіп пен талаптың сақталғанын қалайды. Осындай айырмашылықтар кейде түсініспеушілікке ұласып жатады. Сондықтан, баланың көзінше бір-бірінің тәрбиелеу тәсілін жоққа шығармай, негізгі талаптарды алдын ала келісіп алған жөн. Әсіресе, күн тәртібі, оқу үлгерімі, телефон қолдану уақыты, жауапкершілік пен тәртіп мәселесінде ортақ шешім болғаны дұрыс. Бұл баланың кімнің сөзіне бағынарын білмей, екіұдай күйде қалмауына көмектеседі.
Сонымен бірге, ата-әженің де жағдайын ескерген абзал. Жасы ұлғайған адамдарға бала күтімін толықтай жүктеп қою олардың денсаулығы мен тынығуына кері әсер етуі мүмкін. Сол себепті ата-ана қолынан келгенше тұрмыстық және материалдық қолдау көрсетіп, бала тәрбиесіне қатысты жауапкершілікті бөлісуі керек. Ата-әжеге құрмет көрсету олардың көмегін міндет санамаудан, еңбегін бағалаудан басталады.
Түптің түбінде баланың бақытты балалық шағы кімнің қолында өскенімен ғана өлшенбейді. Ол өзін қаншалықты сүйікті, қорғалған және қажет сезінетініне байланысты. Ата-әженің ақ батасы мен өнегесі, әке-шешенің қамқорлығы мен жауапкершілігі бір-біріне қарсы қойылмай, бірін-бірі толықтырғанда ғана балаға берілетін тәрбие тұтас болмақ. Немере тәрбиесіне атсалысу – ата-әженің асыл мұрасы болса, сол тәрбиенің бағыты мен нәтижесіне жауап беру – ата-ананың міндеті. Ұрпақ сабақтастығы да осы жауапкершілік өзара құрметпен ұштасқанда жалғасын табады десек, артық айтқанымыз емес.
Айтілес ЖАЙШЫЛЫҚ
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!