Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егін шаруашылығын әртараптандыру мәселелері талқыланды

02.11.2026, 21:05 42

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Қармақшы ауданына жұмыс сапары кезінде егін шаруашылығын әртараптандыру, су ресурстарын тиімді пайдалану және су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу мәселелері талқыланған семинар-кеңес өтті.

Оған Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен департаменттердің, өңірлік даму және қаржы институттарының басшылары, ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері мен сала мамандары қатысты.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беруді тапсырып, бұл бағыттағы табысты жобаларды атап өтті.

«Мәселен, Қызылорда облысының шаруалары қатаң климатқа қарамастан жүгері мен соя өсіріп, оны өңдеумен айналысады. Үкімет осындай озық тәжірибелердің ел аумағында кең тарауына жағдай жасап, инвесторларға уақытылы қолдау көрсетуі керек» деп заманауи тәсілдерді жан-жақты пайдаланудың маңызына тоқталды.

Алдымен аймақ басшысы жүгері алқабындағы жұмыстарды көріп, дақыл тұқымдарының, минералды тыңайтқыштардың көрмесімен танысты.
Жиында су тапшылығы жағдайында егіс құрылымын оңтайландыру, суды аз қажет ететін дақылдардың көлемін ұлғайту және заманауи агротехнологияларды өндіріске енгізу мәселелері қаралды.

«Біз егіс құрылымын әртараптандыру арқылы су ресурстарына түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, шаруашылықтардың табысын арттыруға, жаңа өндірістерді дамытуға және агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік аламыз.
Үкімет кешенді мемлекеттік қолдауды кеңейтіп, ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерінің қаржы ресурстарына қолжетімділігін арттыруға және саланың орнықты дамуына қолайлы жағдай жасауда. Жүйелі жұмыстардың арқасында ауыл шаруашылығы саласында айтарлықтай серпін байқалып, жалпы өнім көлемі жыл сайын артып келеді», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Семинарда ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, егіс алқаптарын әртараптандыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және жүгері алқаптарын ұлғайтуға қатысты нақты міндеттер қойылды.

Жауапты сала басшыларына алдағы жылдарға жоспарланған егіс көлемін бақылауда ұстау, су ресурстарын тиімді пайдалану, егісті әртараптандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу тапсырылды.

Басқосуда облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, «Ақтөбе және К» серіктестігінің директоры Нұрлан Іздібаев, «Таң ЛТД» серіктестігінің директоры Имамзада Шағыртаев, «Әлем Агро» компаниясының Қызылорда облысы бойынша өкілі Болатбек Тәуіпбаев баяндама жасады.

Биыл өңірде 193 700 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, күріш көлемі қысқартылды. Оның орнына суды аз қажет ететін, экономикалық тиімділігі жоғары баламалы дақылдардың егіс көлемі ұлғайтылуда.

Су үнемдеу технологияларын енгізуде нақты нәтиже бар. Атап айтқанда, өткен жылы 8 100 гектар алқапқа ылғал сақтайтын технологиялар қолданылса, биыл бұл көрсеткіш 14 200 гектарға жетті. Ал лазерлік тегістеу жүргізілген егістік көлемі 65 мың гектар болды.

Мемлекет басшысының қолдауымен облыстың егін шаруашылығын әртараптандыруға, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге 2026-2028 жылдарға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 10 млрд теңгесі биылға қарастырылған.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: