Бүгін «Анаға тағзым» орталығында қазақ әдебиеті мен руханиятына өшпес із қалдырған көрнекті қаламгер, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері Айтбай Хангелдиннің туғанына 120 жыл толуына орай «Айтбай Хангелдин: ғибратты ғұмыр, тағылымды жол» тақырыбында салтанатты шара өтті.
Басқосуға қала әкімі Нұржан Ахатов, белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушының туған өлкеге арнайы келген ұрпақтары қатысты. Сөз алған шаһар басшысы тарихи тұлғаларды ұлықтаудың маңызына тоқталып, жазушының өнегесін дәріптеп жүрген әулет мүшелеріне ризашылығын білдірді.
«Биыл Сыр елінің төл перзенті, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, қайраткер Айтбай Хангелдиннің туғанына 120 жыл толып отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен «Кітап оқитын ұлт» марафоны шеңберінде шоқтығы биік қаламгерлеріміздің есімі мен еңбегін қайта жаңғыртуға жол ашылғаны қуантады. Кейінгі ұрпақтың, келешек жастардың көңіл көкжиегін кеңейтетін осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып, жас буын заңғар тұлғалардың шығармашылығынан нәр алып, өмірінен үлгі алатыны сөзсіз», – деді Нұржан Сәбитұлы.
Дөңгелек үстел басында саяси ғылымдардың докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір, еңбек ардагері Жеңісбек Торғайұлы мен ата мұрасын қастерлеп, есімін ұлықтап жүрген жазушының келіні Алтын Торғайқызы сөз сөйлеп, тұлғаның парасатты болмысы мен жазушылық шеберлігі туралы бөлісті.
Шараға жазушының қызы – «Qonaev Media» телеарнасының директоры Қымбат Хангелдина мен телеарнаның бас продюсері, белгілі тележурналист Қымбат Досжан қатысты. Қымбат Садықбекқызы тектіден тамыр тартқан перзенттік парызымен әкесінің өшпес өнегесі мен елеулі еңбегін дәріптеп, рухани кештің мәнін аша түсті.
Мерейтойлық жиынның ең маңызды оқиғасы — қаламгердің шығармашылық қазынасын түгендеген «Ізгі мұра» атты жаңа туындының тұсауы кесілді. Құнды кітап Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана қорына табысталды.
Айтбай Хангелдин – тарихтың сан түрлі зобалаңын көріп, 1943 жылы қан майданға аттанып, ауыр жарақатпен оралған. Соғыстан кейін ел экономикасы мен мәдениетін көтеруге аянбай еңбек еткен ол әдебиет айдынында еркін көсілді. Саналы ғұмырында әлем классиктерінің 20-ға жуық роман, повесть және пьесаларын, сондай-ақ қырғыздың әйгілі «Манас» эпопеясын қазақ тіліне шебер аударып, әдебиет қазынасын байытқан қаламгер және қайраткер.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!