Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәуелсіздік: Такси мен тарифтер…

30.10.2026, 15:20 59

HALYQLINE.KZ

Сонымен, Украинаның дрондары Ресейдің ең маңызды нысандарына жойқын шабуыл жасап, басқыншыл елдің экономикасына елеулі нұқсан келтіріп жатыр. Соңғы оқиғалар көрсеткендей, таяқтың бір ұшы бізге де тиюде.

Соның ең көрнекті мысалы: Қазақстанда такси мен тауар жеткізу бизнесін монополияландырып алған Яндекс компаниясына дата-орталықтарының дрондар тарапынан соққыға ұшыруына қатысты.

Ол туралы аз жазылған жоқ. Сол талқылау дүрбелеңі ішінде қазақстандықтар «Неге біз ресейлік компанияның қызметін пайдаланып, басқа елдің экономикасын қаржылай қолдап жатырмыз?!» деген әбден орынды сауалды жиі қойған-ды.

Міне, мейлінше сіресіп қалған сең қозғалғандай: әлеуметтік желілерде отандық тасымал (соның ішінде такси қызметін көрсететін) компаниялар туралы жазыла бастады.

Оған қуанамыз, әрине! Өз кәсіпкерлерлерімізге сәттілік тілейміз! Істері оңға бассын!

Алайда, алақайлап, бөрігімізді аспанға лақтырып жатқанда бүгінгі биліктен мынадай сауалдарға да жауапты талап етуімізге толық құқымыз бар.

Біріншіден, отыз бес жыл бойына дәл осы аса табысты салаға неліктен отандық компаниялар қатыса алмады? «Цифрландыру жағынан басқалардан оза шаптық» деп президенттің алдында салтанатты түрде есеп беретін тиісті министрлік неліктен басқа елдің компаниясына (компанияларына) даңғыл жол ашып берді? Ол (және басқа да шетелдік) құрылымдар елімізге тиісті жария конкурстар, өркениетті бәсеке негізінде келді ме?! Әлде осы күнге дейін Тәуелсіз Қазақстанда бірде-бір мұнай өңдеу зауытын салдырмай келген ресейлік лобби осы жерде де белсенділік танытты ма? Неліктен отандық компаниялардың жолы кесілді? Бұл сұмдық жағдайға нақты қай басшы кінәлі? Олай болса, осы (және де басқа) фактілерді тексеру үшін тиісті комиссия құру керек пе?

Екіншіден, такси мен тауар жеткізу саласында отандық компанияның да монополиясы болмауы тиіс! Құй, ол шетелдік болсын, құй, отандық болсын монополияны аты – монополия! Ол дегеніңіз – біржақты реттеліп отыратын қымбат баға мен тарифтер! Олай болса, үкімет осы салада антимонополиялық ережелердің қатаң сақталуын қамтамасыз етуге міндетті! Шынайы бәсеке болған жағдайда ғана тарифтер төмендейді, баға сабасына түседі. Бәлкім, бұл салаға компаниялар көптеп келіп, өзара бәсекеге түсуі үшін алғашқы кезде тиісті салықтық және басқа да жеңілдіктер қарастырылуы қажет шығар. Тұтынушылардың мүддесі қорғалуы үшін ондай қадамдарға да баруға болар еді деп ойлаймын.

Үшінші сауалдың адамдардың жеке мәліметтері қорғалуы секілді аса маңызды мәселеге қатысы бар. Яндекс туралы жазғанда, «қазақстандықтардың жеке өміріне қатысты ақпарат шетелге кетіп жатыр!» деп шулап едік. Ендігі жерде дәл сол мәліметтер өз ішімізде «қолды» боп кетпей ме? Яғни, тиісті органдар (ішінде арнайы және күштеу құрылымдары бар) мен билікке жақын ықпалды жеке тұлғалар әрбір қазақстандықтың қайда барып-келіп жүргені, қандай тауар сатып алғаны жайындағы ақпаратқа қол жеткізе ала ма?

Осы жерде, реті келіп тұрған соң, Конституциямыздың 21-бабынан көлемді үзінді келтірейін:

«1. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.

2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады…».

Көрдіңіздер ме, адам өмірінің қаншама саласындағы қаншама өзекті мәліметтер заңмен қорғалуы тиіс!

Олай болса, цифрландыру жүйесі арқылы бізге, қазақстандықтарға, қызмет көрсететін отандық компаниялар (оның ішінде, такси мен тауар тасымалы ғана емес) осы ақпараттың бәрінің сыртқа тарап кетпей, құпия болуына толыққанды кепілдік бере ала ма?!

Ресейден бір мысал: атышулы Telegram желісінің қожайыны Павел Дуров кезінде ресейлік арнайы қызметтерге өз қолданушылары туралы ақпаратты бермей, таяқ жеді емес пе? Біздің цифрлық компаниялардың иелері осылай мінез таныта ала ма, әлде?

Билік — саяси қарсыластары, бір клан — екінші клан өкілдері, бір банк — екінші банк құжаттары, бизнес-құрылымдар — өз бәсекелестері туралы осындай, жеке ақпарат жинауға әуес әрі мүдделі екені бесенеден белгілі емес пе? Ондай сорақылықтардың шет жағасын кезінде өзіміз де өз көзімізбен көргенбіз.

Менікі сол: сол сұмдықтар ендігі жерде қайталанбаса деген ой ғой.

Қалғанын, соның ішінде тақырыптың астарын өздеріңіз түсіне жатарсыздар…

Әміржан  ҚОСАН.

abai.kz

Сурет ЖИ арқылы жасалған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: