Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталып, негізгі салалар бойынша жоғары өсім тіркелді. Өңірдің экономикалық әлеуеті мен халықтың әл-ауқатын айқындайтын маңызды көрсеткіштер Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте кеңінен сөз болды. Жиында өнеркәсіп, инвестиция, құрылыс, жұмыспен қамту және демографиялық дамудың қорытындылары хабарланды.
Брифинг барысында сөз алған ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Қайрат Абсұлтанов өңір экономикасындағы оң өзгерістерге тоқталды.
«2026 жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысымен Қызылорда облысының экономикасында негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты оң өсім байқалады. Атап айтқанда, өнеркәсіп 7,2%, өңдеу өнеркәсібі 12,4%, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 2,3%-ға артты. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарының көлемі 31,5%, көлік және қоймалау саласы 12,8%, ал бөлшек сауда 2,7% өсім көрсетті. Өңірде 2 771 жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,1%-ға өсіп, 684,7 мың шаршы метрден асты. Бұдан бөлек, өңірде халық саны артып, қазіргі уақытта 844,5 мың адамға жетті», — деді Қайрат Байқабылұлы.
Статистика департаментінің басшысы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 60 мыңнан асқанын және халықтың табиғи өсімі мен көші-қон үдерістері тұрақты екенін жеткізді.
Статистикалық көрсеткіштер өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жыл сайын артып, барлық негізгі салаларда тұрақты даму бағыты сақталып отырғанын көрсетеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар мен инвестициялық белсенділік өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтуға айтарлықтай үлес қосуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!