Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ем-дом үшін алақан жаю – масқара!

21.10.2026, 9:40 65

HALYQLINE.KZ

Ата заңымыздың 1-бабында: «Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Ал бірақ күн сайын Фейсбук, Инстаграм әлеуметтік желілерін ашып қалсам болды, бірінен кейін бірі жақындарының не өздерінің ауыр сырқатына байланысты көпшіліктен қаржылай көмек сұраған жандарды көрсесің. Бәріне жаның ашиды, күйзелесің. Көмектескің келеді. Қолыңнан келгенше әрқайсысына 500, 1000 теңгеден барыңды жібересің. Бірақ олар көп қой. Ал мемлекет үшін «адам мен оның өмірі» шынымен «ең жоғарғы құндылық» екені рас болса, осылай көмек сұрап зар қаққан жандарға мемлекет неге көмектеспейді? Мұнай мен газдан, қазба байлықтардан түсіп жатқан орасан қаржылар қайда?

Халықтан, көпшіліктен жәрдем күткендердің қарасы тіпті мол. Мемлекет осы саланы неге өз қарамағына алмайды? Көмек жүйесін неге бір ізге түсірмейді? Ауыр сырқаттар неге қайыршыдай көпшілікке қол жаяды? Бұл мемлекет үшін масқара емес пе?!

Сөзім дәлелді болсын, төменде әлеуметтік желілерден көзім шалған солардың бірқатары:

«Егер 34 мың адам мың теңгеден жіберсе, балам Нұрисламның еміне қажетті соманы жинай аламыз. Острый лейкоз. Қан обыры. Мамасы Зейнеп +7 702 826 1417».

«Менің балам Хантөре, бес жаста. Біз 12 курс химиотерапиядан өтіп, қатерлі ісікті жеңдік. Бірақ ауру қайта оралды. Емнің жаңа кезеңіне 35 млн теңге қажет. Мүмкіндігіңіз болса кем дегенде 1000 теңгеден көмектесіңіздерші. Мамасы Нұргүл.8 747 705 4932».

«Менің ұлым Айдын небары 18 жаста. Ол сүйек обырымен ауырады, өкпесіне метастаза жайылған. Көмектесіңіздерші?! Мамасы Гүлнара. +7 778 916 1012».

«Кішкентай Әминаның өмірі бір аптада өзгеріп шыға келді. Балабақшаға барып жүрген балапан рак ауруына тап болды. Ол операциядан, химиотерапиядан өтті. Қазір енді емін жалғастыру үшін қомақты сома қажет. 1000 теңгеден болса да көмек қолын созсаңыздар екен. Мамасы Айгүл. + 7 707 9431939».

«Менің атым Бекболат Аузаров, 36 жастамын. Екі бүйрегім істен шыққан. Диалездемін. Беларусь елінде шұғыл операция жасату үшін 39 млн теңге керек екен. Сондықтан кім қанша берсе де көмекке мұқтажбын. Бауыры Әлішер. +7 7005 518 3740».

«Менің балам Аланның балалық шағы аурумен күресте өтіп жатыр. Ол көрмейді және өздігінен жүре алмайды. Көмек қолын сөзсаңыздар екен. ИП «Аланчик» көмек. Мамасы Жансая. +7 707 430 3996».

«Мұстафаға көмек қажет! Ауру оның күшін тауысып бара жатыр. Қойылған диагноз СМА 2. Оны емдетуге қажетті қаражатты отбасымыз көтере алмайды. Уақыт өте аз. Бейжай қарамай жәрдем берсеңіздер екен».

«Инабат 15 жаста, ол тоғыз операцияны бастан өткерді. Бірақ ауру қайталанып тұр. Инабаттың анасы алты баланы жалғыз өзі асырап отыр. Өршіген дерт аяғын ампутацияға соқтыруы мүмкін. Аяғын сақтауға қажетті 25 млн теңге бізде жоқ. Көмекке мұқтажбыз. Мамасы Гүлмира. + 747 731 4553».

«Шұғыл көмек қажет! 6 айлық қызымыз ауыр халде. Емге 36 млн теңге керек. Әкесі Иван Сиденко. 7 747 599 6396».

«Менің балам Нұргелді көмекке мұқтаж. 20 жаста. Мен баламның орнына аурумен күресе алмаймын. Остеосаркома. Түркияда емін жалғастыру үшін 30 млн теңге қажет. Ең болмаса 1000 теңгеден қолдау көрсетіңіздерші?! +7 747 933 8302».

Міне, осылай жалғаса береді. Көбісі: «бәленбай мың адам 1000 теңгеден көмек берсе, біздің проблемамыз шешіліп кетер еді» деп ойлайды. «Мың теңгеден берсе ешкім кедей болып қалмайды ғой» деп тұжырымдайды іштей. Бірақ көмек сұрағандардың көптігі соншалық, желілерді парақтап отырғандар мұндай «алақан жаюшылықтан» аттап өтіп кете береді.

Өйткені материалдарын қарап отырсаңыз, 30, 35, 40, 55 млн теңге дәме еткендердің көпшілігінің «сбормен» бар жиғаны 3-5 млн-ға да жетпейді. Яғни көпшіліктің жомарттығы да шектеліп барады деген сөз. Ал біз сияқты мұнай мен газ өндіретін БАӘ, Катар елдерінде азаматтарын шетелде емдету қажет болса, күллі шығындарын мемлекет көтереді.

Бізде бұл істі мемлекет неге мойнына алмайды? Тіпті сол емделуі қиын сырқаттарды өзімізде емдеудің жолдарын қарастырмай ма, технологиясын жетілдірмей ме? Немесе мемлекет сол науқастарды шетелде емдетудің жүйесін қалыптастырса болмай ма?

Марат БАЙДІЛДАҰЛЫ (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Көрнекі сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: