Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мекемесінде ардагерлердің өнегелі өмір жолын насихаттау, аға буын мен жас ұрпақ арасындағы сабақтастықты нығайту және жеке құрам қызметкерлерінің бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру мақсатында «Ардагермен бір күн» тақырыбында тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шара облыстық музейде өткізіліп, оған ардагерлер алқасының мүшесі Алишбеков Батырхан Абаевич пен мекеменің жеке құрам қызметкерлері қатысты.
Кездесудің негізгі мақсаты – саналы ғұмырын ел игілігіне арнаған аға буын өкілдерінің өмірлік тәжірибесін кейінгі ұрпаққа үлгі ету, олардың еңбек жолын дәріптеу және қызметкерлер арасында өзара құрмет пен кәсіби сабақтастықты қалыптастыру.
Кездесу барысында ардагер өзінің өмірлік және еңбек жолы туралы әңгімелеп, қызмет барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісті. Ол қызметтік міндеттерді абыроймен атқару, заңдылық пен тәртіпті сақтау, жауапкершілікті сезіну және әрбір іске мұқият қараудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, жас қызметкерлерге кәсіби шеберлікті үнемі жетілдіріп, таңдаған мамандығына адал болу қажеттігін атап өтті.
Ардагер өз сөзінде елге қызмет етудің үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтып, қызметтік міндеттерді орындау кезінде табандылық, төзімділік пен адамгершілік қасиеттердің маңызы зор екенін жеткізді. Сондай-ақ, әріптестер арасындағы ауызбіршілік пен өзара қолдаудың ұжымдық жұмыстың нәтижелі болуына ықпал ететінін атап өтті.
Тағылымды кездесудің облыстық музейде ұйымдастырылуы қатысушылар үшін ерекше танымдық маңызға ие болды. Жиынға қатысушылар музей экспозицияларымен танысып, өңірдің тарихы, тарихи тұлғалар мен ұлттық құндылықтар туралы мағлұмат алды. Тарихи мұраларды дәріптеу арқылы өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты терең түсінуге мүмкіндік туды.
Іс-шара барысында жеке құрам қызметкерлері ардагермен еркін пікір алмасып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Ашық форматта өткен әңгімелесу аға буынның өмірлік ұстанымдары мен кәсіби тәжірибесінен тағылым алуға жол ашты.
Осындай кездесулердің маңызы зор. Өйткені ардагерлердің өмір жолы мен еңбек тәжірибесі – кейінгі буын үшін құнды өнеге. Олардың ақыл-кеңесі жас қызметкерлердің кәсіби көзқарасын қалыптастыруға, жауапкершілігін арттыруға және қызметтік міндеттерге деген адалдығын нығайтуға ықпал етеді.
«Ардагермен бір күн» атты кездесу мазмұнды әңгіме мен тәжірибе алмасуға негізделіп, аға буын өкілдеріне құрмет көрсету мен ұрпақтар сабақтастығын жалғастырудың маңызын айқындады. Ардагерлердің өнегелі жолын дәріптеу – өткенге тағзым етіп қана қоймай, келешек ұрпаққа құндылықтарды аманаттаудың жарқын үлгісі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!