Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ата заңымызда Жаратқан Иеміз мойындалса…

14.10.2026, 8:25 74

HALYQLINE.KZ

Қазақстанның жаңа Конституциясы кеше ғана қабылданды. Бірақ онда өкініштісі сол, кеңестік кезеңнан қалған идеологиялық таптаурын «Дін мемлекеттен бөлек» (7-бап, 1-тармақ) деген қағида сол қалпында қалып кетті. Бұл, сөз жоқ, коммунистер құрған атеистік қоғамның сарқыншағы. Басқа басқа, қазақ қоғамы ешқашан құдайсыз болмаған.

Сондықтан ҚР Конституциясының 7-бабына мынандай толықтыру енгізуді ұсынамын: «Дін мемлекеттен бөлек, бірақ Жаратқан Иеміз мойындалады». Үш-ақ сөзден тұратын «Жаратқан Иеміз мойындалады» деген бір тіркес. Еш нәрсеге міндеттемейтін, еш дінге артықшылық бермейтін, тек бәріне ортақ Жаратушы күштің бар екендігін есімізге салатын тіркес. Бейтарап ұғым! Бұл мемлекетті исламдық шариғат жолымен, немесе христиандық жолымен жүруге міндеттемейді. Тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің фанатизмнен аулақ, мұсылман екенін айтып жүр ғой. Мұндай конституциялық толықтыру мемлекеттің зайырлы мәртебесіне еш нұқсан келтірмейді.

1911 жылы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Барлыбек Сыртанов Петерборда жазған алғашқы «Қазақ елінің уставы» атты құжаттың 10-бабында: «Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, тегіне, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді» делінген. Яғни адамдардың мемлекет пен құдай алдындағы жауапкершілігі ғана көрсетілген. Құдайсыз мемлекет болады, бірақ құдайсыз халық болмайды.

Қазақ халқын діннен алшақтатқан кеңес өкіметі, большевиктік билік болатын. 1991 жылы еліміз тәуелсіздік алған соң ғана халқымыз өз дінімен қайта қауышты. 1465 жылы Керей мен Жәнібек Қазақ хандығын құрған кезде ол сөз жоқ, Алла тағаланың қалауымен жүзеге асқаны анық.

Конституциялық өзгеріс бізге не береді?

«Жаратқан Иеміз мойындалады» деген тіркес ең алдымен Қазақ мемлекеттілігінің негізіне философиялық, рухани тірек болады.

Жыл сайын 7 қаңтарда христиандардың – Рождество, жыл сайын мұсылмандардың Құрбан айт мерекелері тойланып жүр. Арнайы демалыс күні етіп жарияланған. Егер әлгіндей толықтыру жасалса, онда бұл мерекелердің конституциялық құқықтық негіздері пайда болар еді.

Мұндай тіркестің Ата заңымыздан көрініс беруі елімізде Ант беру рәсімін мәдени, ізгілікті бағытта өзгертуге жол ашады. Берілетін анттың мазмұны тереңдейді, жауапкершілігі арттырылады. Мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер, ішкі істер органдарының қызметкерлері, сот судьялары конституциялық өзгерістің арқасында мұсылман болса қолын – Құранға, христиан болса – Інжілге, еврей болса – Тауратқа (Тораға) қойып, Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге Жаратқан Иеміздің алдында ант берсе мұның несі жаман?!

Бұл белгілі бір дәрежеде сыбайлас жемқорлықтың да азаюына жол ашар еді. Қайта-қайта өзгере беретін Конституциядан гөрі Құдай алдында ант берген адам адалдыққа жақын болмай ма?

Қазақстан сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша биыл, 2026 жылы 182 мемлекеттің ішінде 96-орында. Біздің ел небары 38 баллға ие екен. Әлемдегі коррупциялық әрекеттерді зерттеумен айналысатын Trasparency International ұйымының зерттеулеріне қарағанда 50-ден кем балл жинаған мемлекеттер коррупция деңгейі өте жоғары мемлекеттер болып саналады. Кейінгі жылдары Қазақстанда жемқорлық ұлғая түскен. 2024 жылы 40 баллмен 88-орында болса, енді бұйырғаны – 96 орын.

Коррупцияны қалай азайтамыз?

«Жаратқан Иеміз мойындалады» деген тіркесті қабылдаймыз ба әлде түк білмегендей сіресіп отыра береміз бе?

Марат Байділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: