Ауылдағы ағайын бір тайыншаны немесе семірген қойды базарға шығару үшін қысы-жазы маңдай терін төгеді. Бір қап жемнің құны шарықтап, ауыл маңының өзінде шөптің бір орамы 12-15 мың теңгеге жеткен бүгінгідей шақта төрт түлік өсіру нағыз бейнетке айналды. Ветеринария мен бақташының шығыны тағы бар. Алайда бағып-қаққан малының өнімін өткізер сәтке келгенде, шаруаның алдын қалың делдалдар тосқауылы кеседі. Бүгінде ауылдағы малшыдан сиыр етінің бір келісі 1800-2100 теңге төңірегінде су тегін қабылданса, қаланың орталық базарлары мен сөрелерінде сол өнім 3800-4500 теңгеге бір-ақ секіреді. Арадағы 100-120 пайыздық үстеме қайда кетіп жатыр? Жыл бойы аязға тоңып, ыстыққа күйген малшы әр келіден 200-300 теңге таза пайда тапса немесе шығынын әзер жапса, малды ауылдан екі сағатта көлігіне тиеп әкелген алыпсатарлар тобы бір келіден 1500-2000 теңгені оп-оңай қалтаға басады. Осылайша өндірушінің адал еңбегі еш кетіп, тұтынушының қалтасын қағуға құрылған «жабайы» сауда үстемдік құрып отыр.
Мал өсірудің сырт көзге көрінбейтін шығыны көп екенін Қазақстан Фермерлер қауымдастығы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Сыр сыйы» шаруа қожалығының басшысы Нұрлан Биманов та айтады. Жиырма жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан фермер бұл кәсіптен мол пайда табу оңай деген түсінікпен келіспейді.
– Көбі мал ұстаған адам бірден байып кетеді деп ойлайды. Қате түсінік. Ол үшін айналымда қомақты қаражат болуы керек. Шаруашылықты ұстап тұрудың өзі оңай емес. Несие төлейміз, малдың жем-шөбі, күтімі мен басқа да шығыны бар. Кейде қарызды жабу үшін туған төлді немесе қолдағы малдың бір бөлігін сатуға тура келеді. Мал басын көбейтуден бұрын, қолдағысын сақтап қалудың өзі үлкен мәселе болып отыр, — деді Нұрлан Биманов.
Шенеуніктер жыл сайын азық-түлік бағасын сөз еткенде көлік шығыны мен жанар-жағармайдың қымбаттауын алға тартуға бейім. Шынтуайтында, мәселенің түп-тамыры жанармайда жатқан жоқ, қора мен сөренің арасындағы төрт-бес қолдан өтетін алыпсатарлық жүйеде жатыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ресми тексерулерінде де ет бағасының 50 пайыздан астамы өнім өндіруші мен сауда сөресінің арасындағы негізсіз үстемеақыдан құралатыны анықталды. Ауыл аралайтын алыпсатар малды құнсыздандырып сатып алып, қалалық көтерме сою бекетіне өткізеді, одан әрі базардағы сауда орындарын иемденіп алған топтар өз үстемесін қосады. Кейбіреулер шаруалар етін қалаға өзі әкеліп сатсын деп ақыл айтуы мүмкін. Алайда қарапайым ауыл азаматы үшін қала базарларының есігі тас бекітулі. Орталық базарлардағы өтімді сөрелер әлдеқашан бейресми бақылауға өткен, күнделікті орын жалдау ақысы шаруаның бар тапқан пайдасын жұтып қояды. Оның үстіне ауылдағы қалған мал-жанын тастап, шаруа қалада етін апталап сатып тұра алмайды. Соның салдарынан малын ауыл шетінен келген алыпсатарға қолма-қол арзанға өткізіп, тақырға отыруға мәжбүр болады.
Мәселе ескі Парламент Мәжілісінің мінберінде де бірнеше рет қаузалды. Депутаттық сауалдарда азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төніп тұрғаны, нарықты реттеусіз қалдыру ауылдағы шаруаларды күйзелтіп жатқаны ашық айтылды. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі бар жауапкершілікті нарық заңдарына артып, бағаны тікелей шектей алмайтынын алға тартып келеді. Олардың бағаны тұрақтандыру қорлары арқылы ұстап тұрамыз деген уәжі де күнделікті шынайы жағдаймен қабыспай қалды.
Бұл реттегі ең үлкен келеңсіздік мемлекеттен бөлініп жатқан қыруар қаржының қайтарымсыздығында болып тұр. Жыл сайын бағаны тұрақтандыру тетіктері мен айналым тәсіліне әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жүздеген миллиард теңге бюджет қаржысы бағытталады. Жергілікті әкімдіктер ірі сауда желілері мен белгілі бір кәсіпкерлерге 0,01 пайыздық символикалық мөлшерлемемен миллиардтаған жеңілдетілген несие үлестіреді. Мақсат халыққа әлеуметтік маңызы бар тауарларды арзан бағамен сату деп жарияланғанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. Тұрақтандыру қорының арзан еті қаланың бір-екі нүктесіне ғана шектеулі мөлшерде түседі, ал еркін саудадағы өнім көз алдымызда 4 мың теңгеден асып кетті. «Жеңілдетілген қаржыны алған алпауыттар сол миллиардтарды ауылдағы шаруадан тікелей сатып алуға жұмсап отыр ма, әлде бюджет ақшасын өзге кірісті айналымға салып жіберді ме?» деген сауалға бірде-бір ресми орган ашық есеп берген емес.
Базарға рейд жасап, саудагерлердің баға жазылған тақтайшасын уақытша өзгерткізуден еш нәтиже шықпайтынына жұрттың көзі жетті. Әкімдік қызметкерлері жүргенде ғана бағаны түсіріп қойып, артынша қайта қымбаттататын жасанды әрекет мәселені шешпейді. Жауапты министрліктер мен өңір басшылары нақты шешім қабылдағысы келсе, құрғақ жиындардан нақты инфрақұрылым құруға көшуі қажет. Әр аудан орталығында коммуналдық сою және логистикалық қабылдау бекеттері ашылмайынша, ауыл малшысы алыпсатардың алдында дәрменсіз күйінде қала береді. Егер жергілікті жерде шаруадан малды әділ нарықтық құнмен қабылдап, оны тікелей қала базарларына жеткізетін ашық жүйе құрылса, арадағы бірнеше делдалдық буын өздігінен жойылар еді. Сонымен бірге қала базарларындағы сауда орындарының кемінде 30 пайызы заң жүзінде алыпсатарларға емес, тек жергілікті шаруа қожалықтарына тікелей әрі тегін берілуі керек.
Мал бағу атакәсіп қана емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігінің тірегі саналады. Мемлекет ауылдағы еңбек адамын алыпсатардың қанжығасына байлап беріп, қаладағы тұтынушыны қымбатшылықтың құрсауына тастап қоя берсе, ертең төрт түлік ұстайтын да адам қалмайды. Ет бағасының өсуі тапшылықтан емес, делдалдардың тойымсыздығы мен жауапты мекемелердің бақылаусыздығынан туындап отыр. Еңбегі шаруанікі бола тұра, майшелпегін делдал қылғытатын, ал тұтынушы қымбатшылықтан қалжырайтын осы бір әділетсіздікке нақты тосқауыл қоятын уақыт әлдеқашан жетті.
Ердәулет ҚАЛИЕВ
Фото: Жасанды интеллект
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!