Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстан экономикасы өсіп жатыр. Бірақ халық неге оны сезінбейді?

08.10.2026, 7:40 61

Экономиканың  өсімі  көбіне  пайызбен  өлшенетіні бесенеден белгілі. ЖІӨ артады, өндіріс көлемі көбейеді, инвестиция құйылады, жаңа кәсіпорындар ашылады. Мұның бәрі – елдің экономикалық қуаты нығайып келе жатқанын көрсететін маңызды көрсеткіштер. Алайда макроэкономикалық  есептегі  өсім мен  қарапайым азаматтың  күнделікті тұрмысындағы  өзгеріс  үнемі  қатар  жүре  бермейді.

Қазақстанда  да  осындай  қайшылық  бар. Бір жағынан, ел  экономикасы  соңғы  жылдары жоғары  қарқынмен  өсіп келеді. Екінші жағынан, дүкендегі баға, тұрғын үй құны, несие төлемі мен күнделікті шығын  халықтың  табысын  бұрынғыдан  көбірек «жеп» барады.  Жалақының  номиналды түрде өсуі  де  адамның қолындағы  ақшаның  сатып алу  қабілеті  дәл  сондай деңгейде  артқанын  білдірмейді.

Сонда экономикалық өсім қай жерде қалып қояды? Оның нәтижесі халықтың қалтасына қаншалықты жетіп жатыр? Қазақстандағы бүгінгі жағдайды тек ЖІӨ көрсеткішімен бағалау қаншалықты дұрыс? Осы сұрақтарға жауап іздеу үшін экономика өсімінің өзіне ғана емес, оның сапасына, халықтың нақты табысына, инфляцияға  және  азаматтардың  тұтыну  мүмкіндігіне  үңілу  қажет.

Қазақстан экономикасының  өсіп жатқаны – даусыз   факт. 2025  жылдың  қорытын­дысында елдің жалпы ішкі өнімі нақты мәнде 6,5 пайыз өсті. Бұл – 2024 жылғы 5 пайыз көрсеткішінен де жоғары нәтиже. Ұлттық статис­тика бюросының дерегінше, өткен жылы экономикалық өсімге көлік және қоймалау, құрылыс, сауда, өнеркәсіп, ақпарат және байланыс  салалары  елеулі  үлес қосты. Көлік және қоймалау саласы 19,4 пайыз, құрылыс 17,5 пайыз, сауда 8,1 пайыз өскен. Яғни экономикадағы қозғалыс бір ғана саламен шектелмей,  бірнеше  бағытта  қатар  жүрген.

Бұл қарқын 2026 жылы да сақталды. Қаңтар-маусым айларында Қазақстанда өн­діріл­ген ЖІӨ көлемі 70,9 триллион теңгеге жетіп, нақты өсім 4,1 пайыз болды. Осы кезең­де  ең  жоғары  өсім  құрылыс  саласында –  15,2 пайыз, өңдеу  өнеркәсібінде – 9,8 па­йыз, көлік  және қоймалауда – 7,1 пайыз, сау­дада 5,7 па­йыз тіркелді. Өңдеу өнеркәсібінің өзі жалпы ЖІӨ өсіміне 1,25  пайыздық тармақ, сау­да – 0,93, құрылыс 0,79 пайыздық тармақ қос­ты. Бұл сандар Қазақстан  экономикасының  қа­зіргі өсімінде құрылыс, өндіріс пен ішкі сауданың  салмағы  артқанын  аңғартады.

Жыл басындағы қарқын кейінгі айларда да сақталған. 2026  жылғы қаңтар-тамыз айларында қысқамерзімді экономикалық индикатор 104,9 пайыз құрады. Бұл көрсеткіш бойынша құрылыс 15,6 пайыз, көлік және қоймалау 7,3 пайыз, сауда 6 пайыз өскен. Демек, биылғы экономикалық белсенділіктің негізгі тіректерінің қатарында құрылыс, сауда және көлік салалары  тұр.

Өнеркәсіптің өз ішінде де құрылымдық өзгеріс бар. 2026 жылдың алғашқы 8 айын­да өнеркәсіп өндірісінің жалпы индексі  102,8 пайыз болды. Бұл жерде  өңдеу  өнеркәсібі 8,4  пайыз  өссе,  тау-кен өндірісінде керісінше 4,3 пайыз төмендеу тіркелген. Өнеркәсіп өндірісі­нің жалпы көлемінде тау-­кен өндірі­сінің үлесі 46,4 пайыз, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 46,9 па­йыз болды. Яғни өңдеу секторының үлесі тау-­кен өндірісінен сәл асып, экономи­каны әртараптандырудың белгілі  бір  белгісін  көрсетіп  отыр.

Дегенмен, экономикалық өсімнің қарқынына  қарап  қана оның сапасына баға беру ерте. Себебі, ЖІӨ-нің ұлғаюы мен халықтың әл-ауқаты бір ұғым емес. Мәселен, Дүние­жүзілік  банк  Қазақстан  экономикасының  2025  жылғы  6,5 пайыздық өсімін ішкі сұра­ныстың жоғары болуымен және мұнай өнді­рісінің  артуымен  байланыстырады.  Банк  дерегінше, былтыр  мұнай  өндіру 13,5 па­йыз өскен, ал  бөлшек сауда 7,5 пайыз  артқан. Бірақ осы тұста маңызды деталь бар: бөлшек сауданың жоғары  қарқыны үй шаруашылықтарының қарыз алуымен едәуір деңгейде сүйемелденген.

Дүниежүзілік банктің бағалауынша, 2025 жылы инвестиция көлемі де 13 па­йыз өскен. Алайда оның негізгі қозғаушы күштерінің қатарында инфрақұрылымдық жоба­лар мен мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор шығындары  болған,  ал  жеке  инвестиция  әлсіз  күйінде  қалған. Бұл экономикалық өсімнің қайнар көздеріне қатыс­ты маңызды мәселені алға шығарады: экономика өсіп жатыр, бірақ оның қандай бөлігі ұзақмерзімді өндірістік қуат қалыптастырып, қандай бөлігі ішкі сұраныс пен мемлекеттік шығындардың есебінен қамтамасыз етілуде?

Осыған ұқсас бағалауды Еуропалық қайта құру және даму банкі де береді. Банк Қазақстан­дағы 2025 жылғы өсімнің жеделдеуіне Теңіз кен орнын кеңейту жобасының аяқ­талуы, мұнай өндірісінің артуы, көлік пен саудадағы белсенділік және тұтынушылық несиенің өсуі ықпал еткенін атап өткен. Яғни экономикалық  өсімнің  ішінде бір реттік неме­се  уақытша факторлар­дың  да  үлесі  бар.

Сондықтан бүгінгі Қазақстан экономикасының картинасын бір ғана «6,5 пайыздық өсім» деген цифрмен сипаттау жеткіліксіз. Бір жағында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік пен саудадағы нақты өсім тұр. Екінші жағында мұнай  өндірісінің артуы, мемлекеттік ин­вести­ция, ішкі сұраныс және несие белсенділігі секілді факторлар бар. Мұның бәрі экономиканы алға сүйреп тұрғанымен, ендігі маңызды сұрақ басқа: осы өсім халықтың нақты табысына қаншалықты айналып жатыр?  Өйткені экономиканың   көлемі  ұлғайға­нымен,  азаматтың  сатып  алу қабілеті дәл сондай қарқынмен артпаса, статистикадағы өсім мен күнделікті өмірдегі сезімнің арасында алшақтық  пайда  болады.

Экономикалық өсімнің халық тұрмысына қаншалықты жеткенін анықтаудың ең қарапайым жолы – азаматтардың табысына қарау. Қазақстанда бұл көрсеткіштің сыртқы көрінісі жаман емес. 2026 жылғы II тоқсанда елдегі орташа айлық атаулы жалақы 486 388 теңгеге жетіп, бір жылда 8,4 пайыз өсті. Медианалық жалақы 348 415 теңге болды. Бірақ осы екі цифрдың жанында әлдеқайда маңызды бір көрсеткіш тұр: нақты жалақы индексі 98,2 па­йыз құрады. Демек, баға өзгерісін есептегенде, орташа жалақының сатып алу қабілеті бір жыл ішінде 1,8 пайыз  төмендеген.

Бұл  жерде  «жалақы  өсті» деудің  өзі  жеткіліксіз.  Адамның ай соңында алатын теңгесі көбейгенімен, сол ақшаға сатып алатын тауары мен қызметінің көлемі азайса, оның тұрмысы автоматты түрде жақсармайды. Экономика үшін де маңызды өлшем – атаулы табыстың көлемі ғана емес, оның инфляциядан кейінгі нақты мәні.

Мәселен,  2026  жылғы  I  тоқсанда орташа  атаулы  жалақы 461 486 теңге болып, жылдық мәнде 9,1 пайыз өскен. Алайда нақты жалақы индексі 97,7 пайызды көрсетті. Яғни нақты жалақының төмендеуін  екінші  тоқсанда  ғана пайда болған құбылыс деу – әбестік, бұл – жыл  басынан  бері  байқалып отырған  үрдіс.

Мұндай жағдайда орташа жалақының өзі халықтың тұрмысын толық сипаттай алмайды. Өйткені орташа көрсеткіш жоғары жалақы алатын топтардың табысын төмен жалақы алатын азаматтардың табысымен қосып есептейді. Сондықтан медианалық жалақы маңызды. 2026 жылғы II тоқсанда ол 348 415 теңге болды. Яғни еңбек нарығындағы қызметкерлердің бір бөлігі осы көрсеткіштен аз, екінші бөлігі одан көп  жалақы  алады.

Мәселенің  мәнін  экономист   Мақсат  Халық  та  бірнеше  сұхбатында  нақты  атап  өткен. 2026 жылғы ақпанда Azattyq-қа берген сұхбатында ол үкіметтің 6,5 пайыз экономикалық өсімді үлкен жетістік ретінде көрсетуі мен халықтың күнделікті тұрмысының арасында алшақтық бар екенін айтты. Оның бағалауынша, ЖІӨ көрсеткішінің өсуін халықтың табысы, төлем қабілеті және өмір сүру сапасы арқылы  да  тексеру  қажет.

Мақсат Халықтың пікірінше, экономикалық  өсімді  тек ЖІӨ  көлемінің  артуымен  өлшеу жеткіліксіз. Оның әлеуметтік әсерін халық­тың  табысы   мен   сатып   алу  қабілетінен  іздеу керек.

– Ал  енді  халықтың табысы, өмір  сүру  сапа­сы  қалай  өзгерді, төлем қабілеті қандай деңгейде, кедейлік азайды ма деп, осы тұрғыдан әлеуметтік көрсеткіштерге үңілер болсақ, бұл экономикалық өсімдер деп отырғаны жай ғана сандардың өзгеруінің нәтижесі екенін байқаймыз. Кейінгі бес жылда, ресми статистикаға сәйкес, инфляция өсімі 74 пайыз болыпты, ал халықтың табысы 10 пайыз ғана артқан, яғни инфляция одан жеті есе жоғары. Демек, бұл халық­тың табысын инфляция жеп жатқанын көрсетеді,  —  дейді  сарапшы.

Экономист бұл тұста инфляция мен табыс арасындағы айырмашылыққа да назар аудар­ған. Сол сұхбатында ол соңғы жылдардағы бағаның өсуі халық табысының номиналды артуынан әлдеқайда жоғары болғанын айтып, мұндай жағдайда азаматтардың нақты сатып алу  қабілеті  төмендейтінін  түсіндірді.

Мақсат Халықтың пікірін бүгінгі ресми статистикамен қатар қойған кезде мәселе анығырақ көрінеді. Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы II тоқсанда атаулы жалақының 8,4 пайызға өскенін көрсетеді. Бірақ нақты жалақы индексі 98,2 пайыз деңгейінде қалып отыр. Яғни қағаз жүзіндегі табыс өсімі адамның нақты мүмкіндігін арттыруға жеткіліксіз болып  отыр.

Экономистің бұл тақырыптағы пікірі тек ақпан  айындағы  сұхбатпен  шектелмейді.  2026 жылғы қыркүйекте Azattyq-қа берген басқа сұхбатында Мақсат Халық Қазақстан экономи­касындағы  қазіргі өсімді сандық және сапалық  тұрғыдан  бөлек қарау қажеттігін айтты. Оның бағалауынша, өткен жылғы 6,5 пайыздық ЖІӨ өсімі экономиканың барлық  мәселесі  шешілді  дегенді  білдірмейді.

Бұл пікірдің астарында маңызды мәселе жатыр. Экономика белгілі бір кезеңде жоғары қарқынмен өсуі мүмкін. Бірақ сол өсім жаңа өндіріс орындарын көбейтіп, еңбек өнімділігін арттырып, жоғары жалақылы жұмыс орын­дарын қалыптастырып, халықтың нақты табы­сын көтермесе, оның әлеуметтік әсері әлсіз болады.

Экономист мұны экономиканың құрылымымен де байланыстырады. Оның айтуынша, Қазақстанның өсімін тек жалпы ішкі өнімнің көлемімен өлшеу жеткіліксіз. Өйткені эконо­микадағы сандық көрсеткіштің жақсаруы автоматты түрде халықтың әл-ауқаты артты деген сөз емес. Бұл жерде өндірістің сапасы, инвестицияның сипаты, еңбек өнімділігі және табыстың  халық  арасында  бөлінуі  маңызды.

Ұлттық  экономика  министрлігі  де  айыр­ма­шылықты мойындайды. Министрліктің ресми  түсіндірмесінде  нақты кірістің төмен­деуі  экономи­калық  өсімнің  халықтың әл-­ауқатына толық әсер етпей отырғанын көрсететіні  жазыл­ған. Құжатта Қазақстанда ЖІӨ-дегі жалақы­ның үлесі 2024 жылы шамамен 31 па­йыз  болғаны,  ал  дамыған  елдерде  бұл  көрсеткіш  40  пайыздан  жоғары  екені  де  келтірілген.

Демек, мәселе тек «жалақы аз» деген қарапайым тұжырыммен шектелмейді. «Экономикада өндірілген қосылған құнның қанша бөлігі еңбекке ақы төлеуге бағытталады?» деген сұрақ та маңызды. Егер экономика өсіп, кәсіпорындардың табысы көбейгенімен, оның нәтижесі жұмысшының жалақысына толық жетпесе, макроэкономикалық өсім мен халықтың тұрмысы арасында алшақтық сақталады.

Сондықтан  Қазақстандағы қазіргі  жағдайды  бір  ғана «орташа  жалақы  486 мың  теңгеге жетті»  деген  цифрмен  бағалау жаңсақтыққа  әкелуі  мүмкін. Экономикалық  өсімнің  халық тұрмысына  әсерін  өлшеу  үшін әлдеқайда  қарапайым  сұрақ  қою керек:  адамның  табысы  өткен жылмен  салыстырғанда көбейді ме, әлде сол ақшаға сатып ала алатын дүниесі азайды ма?

Қазіргі  ресми  статистика  екінші жағдайдың да бар  екенін көрсетіп отыр. Мақсат Халықтың әр кезеңдегі пікірлерінде де осы түйін  қайталанады: сандық өсімнің болуы жеткіліксіз,  ол халықтың табысы мен өмір сапасы­на  айналуы  қажет.  Экономистің  «сапа­лы өсім» туралы пікірі осы жерде маңыз­ды. Өйткені  азамат үшін  экономикалық өсім­нің ең нақты өлшемі – ЖІӨ-нің миллиард долларға өскені деуге болмайды, абзалы – ай сайынғы  табысының  күнделікті  шығыннан кейін  қанша  мүмкіндік  қалдыратыны.

Экономикалық өсімнің өзі – жақсы жаңалық. Бірақ оның шынайы нәтижесі статистикалық есептен халықтың күнделікті өміріне өткен кезде ғана көрінеді. Ол үшін экономиканың көлемін ұлғайтумен қатар, еңбек өнімділігін арттыратын өндірістерді көбейту, өңдеу өнеркәсібіне серпін беру, сапалы әрі жоғары жалақылы жұмыс орындарын ашу және шағын бизнестің мүмкіндігін кеңейту маңызды. Өсімнің негізгі қозғаушы күші тұтынушылық несие мен мемлекеттік шығынға ғана сүйенбей, азаматтың табысын арттыратын тұрақты экономикалық  тетікке  айналуы қажет.

Мұнда инфляцияны  тежеу  де  шешуші мәнге ие. Жалақы бағадан баяу өссе, номиналды табыстың артуы халықтың жағдайын түбегей­лі өзгертпейді. Сондықтан экономикалық саясаттың  түпкі өлшемі ЖІӨ-нің қанша пайызға өскенімен  қатар, нақты табыс қаншаға артты, жаңа жұмыс орны қанша құрылды, халықтың  сатып  алу қабілеті қалай өзгерді деген  көрсеткіштермен  бағалануы  керек.

Қысқасы, Қазақстанға жай ғана өсіп тұрған экономикадан гөрі, өсімінің игілігі халыққа сезілетін экономика қажет. ЖІӨ кестедегі жоғары көрсеткіш болып қалмай, жалақыға, тұрақты жұмысқа, қолжетімді тауар мен қызметке айналғанда ғана «экономика өсіп жатыр» деген сөздің салмағы артады. Мәселенің түйіні де осында: экономикалық өсімнің көлемінен бөлек, оның сапасы мен халыққа жету жолын өзгерту  керек.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Коллаж: ozgeris.info

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: