Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екі ойын. Екі сынақ. Қазақстан қай бағытта?

01.10.2026, 7:00 28

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы жаңа маусымды бір ұпаймен бастады. Ұлттық команда алдымен Фарер аралдарымен сырт алаңда 1:1 тең түссе, кейін Словакиядан 1:2 есебімен жеңілді. Екі матч та жаңа бапкер Джон ван ’т Схип үшін алғашқы ресми сынақ болды.

Фарер аралдарына қарсы кездесуде Қазақ­стан ерте жіберіп алған голдың қарымтасын қайтара алды. Темірлан Ерлановтың баспен соққан добы есепті теңестірді. Кейін жеңісті жұлып алуға мүмкіндік болғанымен, соңғы шешімдерде дәлдік жетіспеді. Осылайша, құраманың басты мәселелерінің бірі – шабуыл­дағы мүмкіндікті голға айналдыру екені тағы байқал­ды.

Словакиямен кездесуде жағдай күрделірек болды. Қарсылас допқа көбірек иелік етіп, ойын тізгінін өз қолында ұстады. Соған қара­мастан Қазақстан  Рамазан Кәрімовтың  голы­нан кейін есепті теңестіріп, ұзақ уақыт бойы ұпайға жақын тұрды. Алайда матчтың аяқ­талуына сегіз минут қалғанда Давид Ганцко стандарттық  жағдайдан  жеңіс  голын  соқты.

Ван ’т Схиптің өзі де  командасының ойыны­на көңілі толғанын жасырмады. Бас бапкер  қарсыластың топтағы ең мықты команда әрі өз алаңында ойнағанын ескерсек, Қазақстанның жақсы ойын көрсеткенін айтты.

– Бірінші голды концентрацияны жоғалтып алғаннан кейін жібердік. Алайда Рамазан Кәрімовтың өте әдемі голының арқасында ойынға қайта орала алдық. Жігіттер біз жаттықтырған схема мен тактика бойынша ой­нады, — деді  Джон ван ’т  Схип.

Бас бапкер екінші таймдағы тактикалық шешіміне де тоқталды. Оның айтуынша, Мрынскийді алаңға шығару арқылы қорғау­шыларға көмектесу және оң қанат арқылы шабуыл­ды  жылдамдату  көзделген.

– Біздің тағы гол соғуға жақсы мүмкіндіктеріміз болды. Мрынский мен Рамазан Оразов­тың есепті өзгертуге мүмкіндігі бар еді. Алайда нәтижесінде екінші голды Словакия соқты. Жігіттерге ойыны мен алаңдағы бар күшін салғаны үшін үлкен рақмет айтқым келе­ді, — деді  маман.

Ван ’т Схип құрам таңдау мәселесіне де түсініктеме берді. Оның айтуынша, Словакия­ға қарсы матчта негізгі құрамда Қазақстан чемпио­натында ойнайтын тоғыз футболшы алаңға шыққан. Сонымен қатар, бірінші кездесуге қатыспаған ойыншыларға мүмкіндік берілген. «Құрамды таңдағанда футболшылардың физикалық жағдайын да ескердік. Бірінші матчқа қатыспаған ойыншыларға өздерін көрсету­ге  мүмкіндік  бердім»  деді  бас  бапкер.

Екі ойынның нәтижесі әртүрлі болғаны­мен, ортақ көрініс бар. Қазақстан қорғаныста жинақы ойнауға және қарсы шабуыл арқылы мүмкіндік іздеуге тырысады. Бірақ шабуылдағы соңғы пас, соққы және шешім қабылдау сапасын арттыру қажет. Словакиямен болған кездесу халықаралық деңгейде бір ғана сәттің өзі ойын тағдырын өзгерте алатынын көр­сетті.

Стандарттық жағдайлар да назар аударарлық. Фарермен матчта Қазақстан бұрыш­тамадан гол соқса, Словакия дәл осы қарумен біздің қақпаны нысанаға алды. Демек, команда бұл компонентті шабуылда тиімді пайдалана алады, алайда қорғаныста әлі де жұмыс бар.

Әрине, жаңа бапкердің жұмысын екі кездесуден кейін бағалау ерте. Дегенмен алғашқы ойындар команданың қазіргі бағытын аз да болса аңғартты. Қазақстанның қорғаныста тәртіп сақтауға шамасы жетеді, ал шабуылда қауіпті сәттер жасауға мүмкіндігі бар. Ендігі міндет – сол мүмкіндіктерді нәтижеге айнал­дырып, жекелеген  жақсы эпизодтарды тұрақты ойынға  ұластыру. Ал оның  қаншалықты  жүзе­ге асатынын  алдағы  матчтар  көрсетеді.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: