Дәрігерлердің еңбекақысы олардың біліктілігін ескеріп төленуі қажет. Сонымен бірге медицина мамандарын кәсібіне қатысы жоқ бюрократиялық міндеттерден босату керек. Бұл ұсынысты депутат Дана Медеуова бүгін Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған сауалында көтерді.
«Әділет» фракциясының мүшесі еңбекақы төлеу жүйесін икемді етуді ұсынды. Оның айтуынша, дәрігердің жұмыс жағдайы кәсіби міндетін орындауға, науқасты емдеуге мүмкіндік беруі тиіс.
- «Еңбекақы төлеу жүйесі икемді болуы керек. Ол дәрігердің біліктілігін ескеріп, оны кәсібіне қатысы жоқ, бюрократиялық міндеттен босатуы тиіс. Дәрігер есеп-қисаптың шексіз құжатын толтырмай, науқасты емдеуі керек», — деді депутат.
Медеуова төмен жалақыға байланысты мамандардың медицинадан кетуіне жол бермеу қажеттігін айтты. Ол дәрігерлердің білімі мен тәжірибесі халық игілігіне қызмет етуі үшін олардың еңбегін лайықты бағалауға шақырды.
Еңбекақы, кәсіби міндеттер және қызмет кепілдіктері жөніндегі мәселелерді депутат өзі бастамашылық ететін «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен қызметінің кепілдіктері туралы» заң жобасы аясында жүйелі шешуді ұсынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!