«Ойын – күлкі»
Жаман ойыннан өрт шығады, жаман күлкіден дерт жұғады.
Қашқындар
Елден қашқан «ерлерді» көрдік. Халықтан қашқан қайраткерлерді көрдік… Енді микрофоннан қашқан мисыздарды көріп жүрміз…
Сирағы ұзын шарға
Кеспіріне қарасаң, бойы бір тұтам, шап-шарға-ақ. Ал біреуді шалғанда сирағының ұзарып кететіні сондай – бірнеше адамды бір шалыспен-ақ шалғыдай орып омақаса түсіреді.
Сұрақ-жауап
Өмірде барлық сұрақтарға жауап іздеп сандалма күй кешу – жауапкершіліктен гөрі жалпақшешейлікке қарай тартады. Өйткені көп сұрақтардың жауабы сол сұрақтың өз ішінде тұрады.
Теріс даму
Басында бәрі де жақсы еді, аяғында бәрі де жаман болып шықты.
Жан алқым
Ақшадан, басқадан да мың есе қымбат нәрселер бар екендігін сол сәтте түсінерсің.
«Мен» деген кім?
«Мен» дегенді осы мен айттым ба?» – деп аяқ асты ойран-ботқам шығып ойланып қаламын…
Алғаусыз ар иесі
Көл-көсір дарияның ағыл-тегіл мол суынан ақысыз-пұлсыз іше қалса да, тамағынан әзер өтіп, қымсынып, қызарақтап, ұялып қалады.
Түсің жау
Өңіңдегі тазалығыңды, кіршіксіздігіңді ұйықтап жатып көрген түсіңнің әп-сәтте лайлап, күнәһар қылып қоятынын қайтерсің?!
Өзгеше ақын
Шетін қылтитып қойып бірдеңе ырымдамасаң, өлдім дегенде өлең жазбайтын өзгеше ақын.
Төмен түскен сұлулық
Май бөкселі құйрығының көлеміне қарай бағаланған бүгінгі бір сұлулар-ай!
Ұйытқысыз
«Ұйып отырайық» деп бір мықты заржақтанып отырады. Ал ел-жұртқа ұйытқы болар бір уәжі жоқ.
Бір жігіт
Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс…
Бас керек
Бір бас болса болды. Бізде мойындар жетеді…
Мылтықсыз майдан
«Атарға оғым жоқ» десіп, бір-біріне қабақ астынан қырыстана қарап қойысып, қатар өмір сүріп жатыр.
Қысқалықтың да шегі бар
Қысқа жазамын деп, бүрістіріп қысып тастама. Әзер тапқан ойларың тұншығып өліп кетуі мүмкін.
Ерғали АБДУЛЛА,
Арал қаласы
(Басы өткен сандарда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!