– 20 жыл. Бұл газет үшін қаншалықты маңызды, нендей мағына үстейді?
– Әрине, 20 жыл аз уақыт емес. Өз басым ширек ғасыр уақыттан бері журналистика саласын кәсіп етіп келемін. Соның 17 жылы осы «Халық» газетіне арналса, 11 жылдан бері басылымның бас редакторы екенмін. Сондықтан белгілі бір датадан анау айтқандай мағына күтпейді екенмін, бар болғаны жеке өзімде жасым ұлғайып, айналама жігіт ағасы қалпында қарап, өмірдің оң-солын бағамдай білсем, ал газеттің мерейлі мезеті де бұдан 5-10 жыл бұрынғы ұстанымы, қоғамдық-саяси көзқарасы қандай, сол қасиетімен дара. Өз заманында қазақтың үш биі бала кезінде де төрелік айтты, жігіттік жасында да, ақсақалдық тұста да сол әділдігімен, шешендігімен елдің игі жақсысына айналды ғой. Мен де «Халықтың» бүгінгі 20 жылын жігіттік жасқа теңеймін, ақылы толысқан, сөздің салмағын білетін, айналасында не болып жатқанын зерделей алатын уақыт деп ойлаймын. Ал, шындығына келгенде, газеттің ең алғашқы нөмірі ақпарат айдынына жол тартқанда, басылымның сол кездегі бас редакторы, бүгінде «Сыр медиа» ЖШС Бас директоры Аманжол Сақыпұлы бастаған шығармашылық топтың ұстанымы, яғни бұдан жиырма жыл бұрын мақсат болған халықтың арман-мақсатын қозғайтын Сыр өңірінде жақсы бір басылымды қалыптастыра алғанымыз.
– Ашылғаннан бергі жылдарды парақтай отырып, газеттің дизайн, айдар тұрақтылығына тәнті болмау мүмкін емес. Бұл мақсатты жоспар ма әлде кездейсоқтық па?
– Мен 2009 жылдың сәуір айында танымал журналист Нұрлан Көбегенұлынан «Халық» газетінің бас редакторы қызметін қабылдап алғанымда басылым бетінде арнайы мақала дайындадым. Ол соған дейінгі газеттің ұстанымы, мазмұны, көзқарасы алдағы уақытта да еш өзгермейді, ойлы оқырманның оясынан шығатын үнжария болып қала береді дегенге саяды. Әсіре қызылдың тез оңатыны айдай анық ғой. Мысалы, Қытайдың ойыншығын не киімін алып қараңыз, сырты жылтырап, көз тартып тұрады, бірақ сапасыз. Сол сияқты сыртын әдемілеп қойғанымен, газетіңнің ішінде ой түйетін, алға жетелейтін, мәселе көтерген сапалы да салиқалы сөз болмаса, бәрі бекер. Сондықтан мен көбіне газетті әлеміштеп, әсіре безендіргеннен гөрі әрбір бетінде сапалы дүниенің болғанын қалаймын. Өзім жергілікті, республикалық басылымдарды жиі парақтап тұрамын. Атын атап, түсін түстемеймін, макетін мың түрлі әдіспен көркемдегенімен, ашамын да, жабамын, өйткені қанша тартымды болғанымен, ішінде оқитын, иіріміне тартып, әріптесің көтерген мәселені өзің де қаузауға жетелейтін мақала жоқ. Көпке топырақ шашпаймын бірақ. Мектеп қабырғасынан бері «Жас Алаш» газетінің тұрақты оқырманымын, негізін 20 жасында Ғани Мұратбаев қалаған, бүгінде ғасырлық тарихы бар. Бір қарасаң, осы газеттің де алып бара жатқан дизайны жоқ, бірақ жұрт жапа-тармағай оқиды. Неге? Оқылатын дүние болған соң, ортақ үн қосқың келетін ұлттық, қоғамдық мәселелер бар. Демек «Халықтағы» айдар, дизайн тұрақтылығына қатысты да соны айтамын, ол кездейсоқтық та, мақсатты жоспар да емес. Бар болғаны – байырғы ұстаным.
– Иә, соңғы уақытта осы 20 жылдықтың қарсаңында өзгерістер бар, оған D2 форматын да қосуға болады. Бұл мерекелік өзгерістер газеттің мазмұнына қаншалықты әсер етеді? Айдарлар тек жаңа балама сөздермен ауысты ма әлде тақырыптық жаңашылдықтар бар ма?
– Бірден айтайын, мен бар болғаны бас редактормын, мен газеттің шығармашылық сапасына, әлеуетіне жауаптымын. Құрылтайшым бар, газетті D2 нұсқасына көшіру – соның ұсынысы, қазір еуропалық стандарт деген бар, көпшілік медиақұрылым осы форматты қалап отыр. Әлгінде айтқанымдай, бұл өзгеріс те газеттің мазмұнына айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Мүмкін, біздің газеттің айдар, тақырыптарында ішінара өзгерістер болған шығар, дизайны да сол қалпында тұрған шығар. Бір нәрсе ақиқат, тәуелсіздік таңы атқан 30 жылда жасампаз істеріміздің аз болмағаны анық, ал жоғалтқанымыз да аз емес секілді. Бәрінен де әлі күнге демократиялық жолдың жүлгесі «жырым-жырым» болып тұр. Ақиқатын айтқанды «ақылынан адастыру», біреудің қорасына «тас лақтыру», ақ пен қараны «алмастыру» тыйылмай тұр. Бір қуанарлығы, былтыр мемлекет басындағы ауыс-түйістен кейін елде жылымықтың лебі сезіле бастағаны байқалады. Әйтсе де, әлі көптің көңілі күпті. Жасыратыны жоқ, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асатын шен-шекпенділер некен-саяқ. Кей ретте сенің ащы айғайың тас қамалдың ар жағында отырғандарға «бит құрлы» әсер етпейді де. Осы мәселелерді көтеруде халық атын иеленген «Халық» газеті тартынып қалған емес, алдағы күні де аянып қалмайды. Бүгінгі қоғамның ақ пен қарасын ашып көрсетіп, айтып келеді, айта да бермек.
БӘРІМІЗДІҢ ИЛЕГЕНІМІЗ БІР ТЕРІНІҢ ПҰШПАҒЫ ЕМЕС ПЕ!?
– Редакцияға алғаш келген жылдарыңыз, редакторлық еткен соңғы 10 жылдан астам уақыт аралығындағы көзқарас: не өзгерді?
– Мен «Халық» газетінің табалдырығын 2000 жылдардың басында аттадым. Ол кездері халық көп нәрсеге дайын емес еді, нан тауып жеудің өзі әлі мұң болатын, айлық та мардымсыз, техника дегенің дамымаған, бүгінгідей бас-басымызда компьютер де болмады, мақаланы қолмен жаздық, газетті жазылушылар мен сауда нүктелеріне жаяу жүріп жеткізіп бердік, тіпті қазір бесіктегі баланың өзі қолынан тастамайтын ұялы телефонды ауқаттылар ғана ұстайтын. Солай бола тұра, ол кезде демократия бар еді, ойыңды ашық айта алатынсың. Қоғам құбылмалы болғанымен, жұрт еңбекқор еді, қиыннан қиыстыра білетін. Сондай қиын кезде де біз үлкен ұжым болдық, бір қауым елге жұмыс тауып беріп, күнкөрісін күйттей білдік. Ол кездегі редакция ұжымы тым жас еді, қазір де солай ғой, бірақ жас болсақ та, ересектерше еңбек етіп, іздене түстік, басылым мұқабасының оң жақ тұсында бейнеленген (логотип) көкке қарап ұлып тұрған бөрідей «азу тісімізді» көрсете білдік.
Содан бері арада көп жыл өтті. Бұрын бірнеше адам істейтін жұмысты бүгін бір адамның өзі-ақ атқарады. Қазір не керектің бәрі бар, техника дамыған, тек ерінбей тірлік ете бер. Қарекеттің берекеті бар деп жатады ғой. Өз салама қатысты айтсам, қазақтың қабырғалы қаламгері Қали Сәрсенбай: «Интернет деген шықты. Жақсы болды. Ешкімнің жаны қиналмайды. Керек нәрсенің бәрін содан қарап, тауып алады. Ерінбей бір-екі сөз қосып, төпей береді. Басы ауырмайды. Сол себепті қазір қоғамда журналистика күнкөріс құралына, оңай кәсіпке айналып кетті деген пікір басым. Кім біледі, данышпандар көп қой, мүмкін басқалары өзгеше ойлайтын шығар. Маған солай көрінеді» депті бір сұхбатында. Осы пікірге алып-қосарым жоқ. «Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді» деген. Жасырмаймын, бүгінгі буында жалқаулық басым, жауапкершілік төмен. «Диқаншы нанын жейді, еріншек арын жейді» демекші, жалқаулық – жүректің тынышын, тәннің тынысын бұзатын дерт. Ал еріншектің сылтауы көп. Дана Абайдың өзі «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен қайратың екі жақтап» дейді.Осындайды айтсаң, ескіліктің әңгімесін соғып отырғандай боласың. Әркім көргенін, ойға түйгенін айтады ғой, кейінгілер осыдан керегін екшеп, бұрынғы мен бүгінгіні байланыстырып, сабақ алса дегендік – біздікі.
– Газет редакторы ретінде көзқарасыңызды білгім келеді: не нәрсеге көзіңіз анық жетті?
– Осы жылдар ішінде сіз бен біз өмірден не түйдік, не көрдік? Жақсы мен жаманның қайсысы жоғары болмағын бағамдауға тырыстық. Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашаққа талпынысына қуана қолдау жасадық. Қоғамнан қағажу көрген кейбір қандастарымыздың тұрмысы түзелмегенін, ұрпақтың азып, салт-дәстүрдің тозғанын, жанайқайын мастанған шенділер мен шекпенділерге өткізе алмағанын, қоғамның құлдырағанын көрдік. Алдау мен амалдау арбасып, ермеліктің жетегінде желп-желп жүргендерді байқадық. Шындықтың ауылы алыстап, шыңыраудың терең түбінен талып жететін үндерді естідік. Шындықты шырылдап айтатындарды шырқау биікке жеткізбей, топшысынан қағатынды түсіндік. Бұл үрдістің әлі күнге жалғасып келе жатқаны жаныңды жегідей жейді.
Ал, журналистика саласында көзімнің анық жеткені, баспасөз қашандағыдай өз қызметіне адал. Оның міндеті – елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажын, бағыт-бағдарын жұртшылыққа жеткізу, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу. Бұл бағытта тәуелсіз саналатын БАҚ-тың да қоғамға берер пайдасы барын жасырып-жабудың еш реті жоқ. «Қадірін білсең – дос қымбат, құнын білсең – сөз қымбат» демей ме ұлт даналығы. Сол айтпақшы, біз сөздің құнын іспен сабақтаған кәсіп иесіміз. Бейресми басылым болсақ та, ақпарат заманында ел үмітін, Елбасы мен мемлекет басшысының саясатын халыққа тұрақты және тыңғылықты жеткізіп, өмірдің өзекті мәселесін көтеріп келеміз. Алайда биліктегілер олай ойламайтын тәрізді, ресми басылымдарға «жасыл шам» жағып, тәуелсіз басылымдарды тұқырту, «біздің ат жүрсін, олардың аты тоқтай тұрсын» дегенге саятын әрекет жиі кездеседі. Әйтпесе, «бәріміздің илегеніміз – бір терінің пұшпағы» емес пе? Қоғамды бірге ізгілендіріп, жақсарта алатынымызды түсінетін күн келді ғой.
ТІЛШІГЕ МІНЕЗ КЕРЕК
– 20 жыл бойы айналып келіп шиырлап жаза беретін тақырыптар болады. Ешқашан мәселесі шешілмейтін маусымдық тақырыптар болады. Бір тақырыптың бірнеше рет жазылып жататынын білетін бас редактор ретінде тілшіден ең басты нені талап етесіз?
– Дұрыс айтасың. Бір қаланың өзін алып қарасаң, жылу, ауызсу, кәріз жүйесі, жол, баспана мәселесі бұдан 20 жыл бұрын өзекті еді. Мәскеу де бір күнде салынған жоқ ғой. Сол секілді әлеуметтік-тұрмыстық, тұрғын үй-коммуналдық мәселелер біртіндеп шешіліп, өзектілігі төмендегенімен, ондай проблемалар әлі де бар. Ал ұлттық мәселелер ше? Тіл, діл, дін, жер мәселесін қайда қоясың?
Жоғарыда аты аталған Қали Сәрсенбайдың: «Журналистика деген – ұлттың өзін-өзі жоғалтпауы жолында күресетін мамандық» деген сөзі бар. Демек, қазақ журналистикасы дегенің ұлттық журналистика емес пе?! Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы: «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», Міржақып: «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» дейді. Алаш ұлыларын былай қойғанда, бертіндегі Шерхан, Камал, бүгінгі Нұртөре, Қайнар, Қали ағалардың тұсындағы журналистика сұрапыл сала болған ғой. Қазір кейбір медиа мамандар «Журналист өзінің пікірін мақаласына тықпаламауы керек» дегенді айтып жүр. Онсыз бола ма, белгілі бір ой, идея, пікір, көзқарасын, жалпы ұлттық ұстанымын, шындықты журналист айтпаса, жазбаса, ол неге керек? Біле білсек, «өз қотырыңды өзің қасып», ұлттық мәселелерді, қазақтың мәселелерін өзіміз өз жерімізде айтпасақ, жазбасақ, өзге тілде шығып жатқан БАҚ өкілдерінің жоғымызды жоқтап, мұңымызды мұңдап, бізге болыспайтыны анық нәрсе. Демек бізге, қазақ журналистикасына өз болмысын сақтай алатын қасиет керек. Ол бізде жоқ емес, бар. Бір нәрсе ғана ақиқат, қазақтың мәселесі қазаққа ғана керек. Сондықтан өзекті мәселені жылдап шиырлап жаза беруде тұрған ешқандай сөкеттік жоқ. Тек талантты журналист соны басқа қырынан, тосын тақырыппен жан-жақты зерттеп, зерделеп берсе, міне, шеберлік! Ол үшін тілшіге журналистік мінез керек. Ол мінез қандай десеңіз, сырлы сөздің сүйрігі Зейнолла Қабдолов айтқандай, ол – батылдық, адалдық, әділдік.
ХАЙП пен ХАРАКТЕР
– «Халық» сынды жақсы көреді. Қарапайым халық та сынауға пейілді. Бұған құзырлы орындар қаншалықты жауап береді? «Атқан оқ» қаншалықты дәл тиіп жатады?
– Асылында, газет – қоғамның айнасы. Кім-кім де сол айнадан өзінің бет-бейнесін көре алады. Бірақ біздің билік бұл айнадан өзінің жағымды бейнесін ғана көргенді қалайды. Сын мен мінді, шындық пен ақиқатты айтқанды арқасынан қаққысы келмейді. Мұны неге айтып отырмыз? Бір ғана мысал. Кейбіреу жақсы біледі, бұдан үш-төрт жылға дейін менің «сүйікті шенеунігім» болды ғой, апта сайын газетке қандай да бір сыни мақала шықпасын, не әлеуметтік желідегі жеке парақшама бір ауыз пост жазбайын, аттандап шыға келетін. Не тікелей өзі шығады, не маған сөзін өткізе алатын адамдарды араға салады. Кейіннен ол шенеунік мемлекеттік қызметтен басқа салаға ауысты да, көзім ашылды. Бірақ бүгін де әлсін-әлсін «қытығыма» тиіп тұратын басқалар бар, сол биліктің айналасында жүргендерді айтамын. Жасырып қайтейін, біз мемлекеттік тапсырыс аясында да жұмыс істейміз, биліктің оң имиджін қалыптастыру үшін мақалалар беріледі. Бір таңғалатыным, сол көлдей ғып, суреттерімен әрленген мақтау мақала шықса, әлгі аттандап жүргендер хабарласып, бір ауыз жылы лепесін білдірмейді ғой. Есесіне, сын жазсаң, бәлеқорсың.
Осы жылдар ішінде «Халық» газетінде әр алуан мәселе көтерген, сыни тұрғыда да мақалалар жарияланды. Талай басшы әлекедей жаланып, «пышағын қайрап», қыр көрсетті, сотқа сүйреп, тәубеге түсіргісі келгендер де табылды. Бірақ біз мойымадық. Кезінде баспасөзбен санасып, көтерілген мәселеге орай жауап жолдаған әкімдік те, мекеме басшылары да аз болмады. Ал, соңғы 6-7 жылдан бері, бұл мүмкін облыс тізгінін сол тұста ұстаған басшының характері ме, харизмасы ма, әлде солай тапсырма берілді ме, нақты білмейміз, ешқандай құзырлы орын сенің ащы айғайыңды «шыбын шаққан құрлы» көрмейтін болды. Бұл – менсінбегендік, әлде немқұрайды қараушылық. Жасыратыны жоқ, бүгінде еріккеннің бәрі, екінің бірі әлеуметтік желіні ермекке айналдырып алды ғой. Хайп қуғанды былай қойғанда, арзан сөзін өтімді қып жүргендер де жоқ емес. Өзін көрсетіп қалуға тырысып, белгілі бір тұлғаға қарсы әрекет жасайтындар да бар, оны жақтайтындар да, даттайтындар да, қарсы тарапты ақтайтындар да осында жүр. Сонда бір байқағаным, осы әлеуметтік желіде билікке, не бір тұлғаға қатысты бір ауыз пост жазылса, соған ылдым-жылдым басшысынан бастап қосшысына дейін жауап беріп жатады. Ары кеткенде «назарға алынды» деп бір-ақ қайырады. Сонда ойлаймын ғой, неге бұлай деп? Өйткені әлеуметтік желінің «желі» бар, «құдіреті» бар, қазір жазғаныңды бір минуттың ішінде бір мезетте тұтас әлем оқып отыр, демек, жоғарғы жақ көрмесін деп төмендегілер жанталасып бағады-ау. Мүмкін, біз нақты талап ете алмай жүрген шығармыз. Ойландыратыны да – осы.
– Сіздіңше газет мықты болу үшін редактор мықты болу керек пе, әлде тілшілер талантты болу керек пе? Қайсысының салмағы басым?
– Мойындаймын, шығармашылық әлеуетсіз газет пен телеарна басшысы ешкім емес. «Жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайтыны» тағы бар. Бұл жерде редактор мықты менеджер, ұйымдастырушы, білікті, білімді, үлгілі болғаны да, тілшінің талапты, талантты болғаны да керек. Біз көбіне бағыт-бағдар беріп, ой қосып отыруымыз мүмкін, ал сол ойды одан ары дамытып, мәселені көтеріп, газеттің тартымды да азулы болып шығуына тілшінің талғам-таразысы, мінезі керек. Бастысы, біріккен тандем қажет. Өз басым қыз-жігіттеріме «мынаны жаз, мынаны жазба» демеймін, еркіндік беремін, тақырыпты тауып, мәселені өздерің көтеріңдер деймін. «Қасқыр мен журналисті аяғы асырайды» деген бар. Бірақ қоғамға ірікті салатын тақырыпта бірлік пен елдің мүддесін бірінші орынға қоямын. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп беталды кетуге де болмайды.
– Бүгінгі жағдай, бүгінгі талаптар газетке қандай міндеттер жүктейді?
– «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, аузында жүру бұл өзі, сыздаған барлық жараның» деп Төлеген Айбергенов жырлаған екен. Сол сияқты тәуелсіз басылым дегенді әлі күнге «оппозициялық газет» деп түсінетіндер бар. «Халық» газетіненмін» десең, «ә, оппозиция ма» дейтін азаматтар ара-тұра кездесіп тұрады. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ақты – ақ, қараны – қара деп білсек, халықтың арман-мақсатын қозғап келсек, бұл «ағаш атқа теріс мінгізу» емес шығар. Мүмкін ақсап жатқан тұсымыз да бар болар. Демек бүгінгі талаптар бізге сол деңгейді ұстап тұруды, керек десеңіз, одан да жоғары болу міндетін жүктейді.
24/7
– Биыл сіздерде сайт жаңарды, белсенділігі де бұрыннан арта түсті. Бұл сайт газеттің көшірмесі ме әлде газет сайтты қайталай ма? Бір қарағанда айырмашылық байқалмайды әлде өзгешеліктер бар ма?
– Иә, сайт жаңарды. 2011 жылы алғашқы сайтымызды ашып, оқырманға барынша жедел ақпарат жеткізуге тырыстық, алайда оның газеттің көшірмесі болғанын жасырмаймын. Қазір уақыт бір орында тұрып қалғанды қаламайды, ақпараттық-технологиялық, инновациялық-коммуникациялық кезең келді. Өркениет көшіне ілесу үшін жыл басында ел мен жаһан жаңалықтарын, түрлі тақырыптағы мақалаларды, жедел әрі нақты ақпаратты алдыңызға тартатын газеттің жаңартылған halyqline.kz сайтын ашып, осы аттас ақпарат агенттігін құрдық. Демек, саясаттан сыр ақтарып, күйбең тірліктің күрделі қырын сөз етіп, мәселенің мәніне үңілуге, көңіл түкпіріндегі түйткілді талқыға салуға әрбіріңіздің мүмкіндігіңіз бар. Байқасаңыз, сайт пен газет бірін-бірі қайталамайды, енді аптасына бір шығатын газеттегі кейбір мақалалар сайтқа да орналастырылуы мүмкін, бірақ 24/7 бойы тың дүниелерді таба аласыз. Ал өзгешелігі, жаңа сайт BBС үлгісінде жасалған, көпфункциялы, бұл – болашақта Би-Би-Си сияқты әлем оқитын сапалы контент қалыптастыруды көздегендік. Бірден айтайын, біз рейтинг қуаламаймыз, басқамен бәсекеге де түспейміз. Бастысы, оқылымды сайт қалыптастырып, белгілі бір аудитория жинауды мақсат тұттық.
– Кейде өгізді де өлтіргің келмейтін, арбаны да сындырғың келмейтін жағдайлар, тілшілердің әлеуеті ойдағыдай газет шығаруға мүмкіндік бермейтіндей көрінетіні бар ғой. Сіз армандаған «Халық» газеті қандай өзі? Әлде көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толмайды деп, «битке өкпелеп, тонымды отқа тастап» қайтейін. Мүмкін, газетке емес, маған көңілі толмай жүргендер де бар шығар. Өмір, қоғам, саясат болған соң, өзің айтқандай, өгізді де өлтіргің келмейтін, арбаны да сындырғың келмейтін кездер барын жасырғым жоқ. Жазатын, айтатын тұста, амалсыздан «тілімді тістеп қалатын», пайдам тимесе де, шоғыр топ күн көріп отырған газетке де, өзгеге де зияным тимесін деп сабырға келетін кездерім көп. Әйтпесе газеттің бұдан он жылғы оттылығын, сынай берген соң редакцияға арнайы келіп, сұхбат берген кезіндегі облыс әкімінің бір орынбасарын мойындатқандай батылдығын аңсамайды деймісің.
Өткенде жергілікті телемагнат Шаһизада Әбдікәрімов біздің «Халыққа» сұхбат берді. Сонда былай дейді: «Қазақ журналистикасы 90-жылдардан 2005 жылдарға дейін қоғамның қозғаушы күші болды. Терең-терең мәселелердің барлығын айтты, қазып жазды. Онымен билік өкілдері де санасты. Бірақ жариялылықтың өзі құмға сіңген судай жоғалғаннан кейін газет-журналдар, ақпарат құралдары да сол ыңғайда кетті. Неге? БАҚ даму керек емес пе? Журналистердің әлеуметтік жағдайы жақсы болуы керек. Әрбір ақпарат құралының техникалық базасы жақсы болуы қажет. Ол үшін не істеу керек? Шетелде ақпарат құралдары барлық бизнестік құрылымдармен, үлкен корпорациялармен байланыс жасап, солардың тапсырмасын орындап, солардың демеушілігімен дамып отыр. Шетелде басшылар қоғамдық ой-пікірді құрметтейді. «Мен саған ақша берейін, сен қоғамның пікірін айт, жеке бір топтардың сөзін сөйлеме» деп өзі көмектеседі. Ал, бізде сондай процесс бар ма?». Бұл біздің де арман ғой…
Жүздеген адамы бар құрылым болсақ деп армандаймын
– Пандемиядан кейінгі біздің өміріміз… Нендей өзгеріс күтер едіңіз?
– Сөз жоқ, пандемия, ең бастысы, адамға денсаулық керегін ұғындырды. Аты жаман ауру елімізге оңай тиіп жатқан жоқ. Біз өте қиын жағдайда тұрмыз деуге болады. Талай тұлғадан айырылдық. Дем жетпеген, ем іздеген, дәрі таппаған адам көп. Бір байқағаным, жұрт бір-біріне көмектесіп жатыр. Бұл – сынақ. Бар ауыртпалықтың артта қалатынына сенемін. Өмір бір орнында тұрмайды. Бәрі өтеді, бәрі өзгереді. Алда қоғамның ізгіленіп, адамдардың мейірімі оянып, ысырапшылықтан арылып, қайырымдылықтың қадірін түсініп, денсаулықтың байлық екенін бағамдап, жақсылыққа ұмтылатынын күтемін.
– Алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Осы біреулер журналистиканың ертеңін күтпей, жаназасын шығарғандай әңгіме айтып, «газет оқылмайды, телеарна көрілмейді, біз қазір интернеттің заманындамыз» деп жүр ғой. Бүгінгі төтенше жағдай кезінде де халық БАҚ-тың рөлін тағы бір анық сезінді. Барлық нақты, шынайы ақпаратты ресми түрде газет пен телеарнадан алып отырды. Алдағы күнде де осы деңгейден түспей, азаматтық ұстанымнан айнымаймыз деп ойлаймын. Меніңше, интернеттің етек жаюы қағаз арқылы ақпарат тарату ісін тоқтатуға түрткі болады деген пікірлерге анау айтқандай алаңдауға ешбір негіз жоқ. Тіпті, электрондық ақпарат құралдарының өзіндік отаны саналатын Жапонияда да интернеттің қарыштап дамығанына қарамастан, газеттердің таралымы арту үстінде деген дерек бар. Алып Америка, Түркия секілді мемлекеттерде де күн сайын, сағат сайын шығатын газеттер бар. Бізде басылымдардың тиражы бірде өсіп, бірде кемуі мүмкін. Бірақ бұл құбылыс мерзімді баспасөздің жұмысын түбегейлі тоқтатып тастайды дегенді білдірмесе керек. Сондықтан біз «Халық» газеті мен halyqline.kz сайтын оқылымды, сапалы қылсақ, жүздеген адамы бар үлкен құрылым болсақ дегенді армандаймын.
Ескінің есті сөзі бар: «Әуелі Тәңірі жерге береді, жерге берсе, елге береді, елге берсе, ерге береді» деген. Құдай бергеннен таймасын, жүректегі иман азғындамасын! Тірлікпен төрге озайық, бірлікпен белге шығайық!
Сұхбаттасқан Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
облыстық «Ақмешіт жастары» газетінен алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!