Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

27.09.2026, 9:22 38

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Еңбек күнімен құттықтады. Мемлекет басшысы бұл күн түрлі мамандық иелеріне, елдің дамуына адал еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсететін маңызды мереке екенін атап өтті.

Президент кәсібін жетік меңгерген маман болу қазіргі заманның басты талаптарының бірі екенін айтты. Оның сөзінше, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына білікті, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор және тәртіпті азаматтардың үлесі зор.

— Табанды еңбек – жетістікке жетудің көзі. Адал ниетпен атқарылған әрбір іс – қадірлі, кез келген еңбек – зор құрметке лайық, — деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге қадам басқанын айтып, Конституцияда көрініс тапқан әділдік, заңға бағыну, бірлік, еңбекқорлық пен табиғатқа қамқорлық құндылықтарына тоқталды. Президент қоғамда «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты орнығып келе жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы былтырғы Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек адамының мәртебесін арттырып, тәлімгерлік пен еңбек әулеттерінің маңызын күшейткенін де айтты.

Президент алдағы уақытта жастарға кәсіби білім беру, олардың еңбек дағдыларын жетілдіру және аға буынның тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізу маңызды міндет болып қала беретінін жеткізді.

— Біз ынтымағы жарасқан, мақсат-мүддесі ортақ біртұтас ұлт ретінде әділдік, табиғатты аялау, заң үстемдігі, өркендеу құндылықтары және ең бастысы, еңбекқорлық қасиеті іс жүзінде орныққан ел боламыз. Мен бұған кәміл сенемін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сөз соңында Президент қазақстандықтарға денсаулық, амандық және табыс тіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: