— Шынымен, елде үлкен кадрлық ауыс-түйіс болмағанын көріп отырмыз. Оның себебі неде? Біріншіден, президент бұған дейін өзі тағайындаған адамдарды бір-екі жылдың ішінде басқа адамға ауыстыруды қажет емес деп тапқан болар. Өйткені оларды өзі таңдап алған, олардың жұмысы көңілінен шығатын болуы керек.
Екіншіден, Қазақстан Конституциясының негізгі бағыты – биліктің құзыретін нығайту. Бұл бағыт сақталған жағдайда оған қызмет жасаушылар мен орындаушылар (мысалы, министрлер мен әкімдер) ешқашан өзгермейді. Себебі жаңа саяси реформа жасалып, билік жүйесі жаңарғанын көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, әкімшілік-әміршілік жүйені нығайтуға бағытталған жұмыстар жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мұндайда орындаушылар өзгере қоймайды.
Президент Конституциялық сотқа сұрау салып, Жоғарғы соттың төрағасы, Бас прокурор сияқты лауазым иелерін қазіргі қызметіне қайта тағайындауға мүмкіндік бар-жоғын сұрады. Мен мұны саяси тәсіл деп бағалаймын. Егер мұның бәрін президент тікелей жүзеге асырса, авторитарлық жүйенің нақты көрінісі болып кетер еді. Ал Конституциялық сотқа сұрау салу арқылы жүзеге асырылса, ол заң аясында жүзеге асқан болады. Мұндай тәсіл бұған дейін де бірнеше мәрте қолданылған. Сондықтан мұндай жүрістерді мен саяси технология деп бағалаймын.
Осы жерде айта кететін бір жайт бар. Осы жолы министрлер кабинетінде 4 министр ауысты. Менің ойымша, ең алдымен осы адамдардың қызметінен не үшін кеткенін халыққа түсіндіру қажет еді. Бірақ бізде осы тұс ақсап тұр. Шенділер қызметке тағайындалғанда да, лауазымынан босатылғанда да президентке ғана алғыс айтады. Халық ол адам билікке не үшін келді, не үшін кетті, білмей қалады. Егер бір басшы жақсы жұмыс істеп жатса, оны ауыстырудың қажеті жоқ. Ал нашар жұмыс істесе немесе үлкен қателік жасаса, оны міндетті түрде көпшілікке айту қажет.
Шынын айтқанда, халық билікке кім келіп, кім кетіп жатқанын білмейді. Мысалы, бір мекемеге жаңа басшы тағайындалса, көпшілік оның кім екенін, ол қызметке қалай келгенін білмей дал болады. Содан барып ел арасында түрлі болжам айтылады. «Пәленнің туысы екен», «түгеннің кланынан екен» деген әңгімелер осындайдан шығады деп есептеймін. Бұл дұрыс емес. Бәрі ашық айтылуы қажет. «Мына қызметкер алға қойған мынадай тапсырманы орындай алмады, сондықтан оны орнынан алып тастадық» деген ақпарат халыққа жетуі керек. Сонда бір қызметтен кеткен шенді ертең екінші креслоға барып жайғаса кетпейді. Қазір халықтың қолында ақпарат аз, әркім өз білгенінше бал ашып, болжам жасап жүр. Сондықтан бір адамды қызметке тағайындаған кезде де, қызметтен босатқан кезде де ақпарат ашық болуы қажет.
Дос КӨШІМ,
саясаттанушы.
(«Жас Алаш» газетіне берген пікірі)
Фото: ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!