Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ураны бар ауылдың жүгі ауыр

24.09.2026, 9:00 31

Қазақстан  табиғи  уран өндіруден  әлемде  бірінші  орында тұр.  2025  жылы  елдегі  кеніштерден 25 839 тонна уран өндірілді. Бұл әлемдік өндірістің шамамен 39 пайызына тең. Қызылорда облысы осы өндірістің ірі ошақтарының бірі саналады. Шиелі мен Жаңақорған аумағында Иіркөл, Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын, Хорасан-1, Хорасан-2 кен орындары жұмыс істейді. Қазатомөнеркәсіптің 2025 жылғы техникалық есебінде кеніштерге жақын орналасқан 9 елді мекен көрсетілген. Кей тұста арақашықтық өте қысқа.  22-разъезд  Қарамұрын кенішінен 1,5 шақырым,  Авангард 2,6 шақырым, Гигант 3,8 шақырым жерде жатыр. Байкенже Хорасан-1-ден 7 шақырым, Хорасан-2-ден 10  шақырым  қашықта  орналасқан. Иіркөлге  жақын  Қызылқайың мен  Ортақшылдың   арасы  9-9,5 шақырым  шамасында. Сандарды  картаға  түсірсеңіз, кеніш  пен  ауылдың  қаншалық жақын  жатқанын  бірден  байқайсыз. Уран  өндірісі  жүріп  жатқан  сол аумақта халық малын бағып, егінін егіп, құдықтан және орталық су жүйесінен су ішіп, бала өсіріп отыр. Қазақстанға  әлемдік  нарықтағы орнын  сақтап  отырған  кеннің бір  бөлігі  дәл  осы  ауылдардың іргесінен  алынады.

Кеніш маңындағы жұрттың алаңы да осы жақындықтан туады. Кейден ауылының тұрғыны Ерлан есімді азамат 2024 жылы жергілікті басылымға ауыл тұрғындарының көкейіндегі сөзді жеткізген.

– Білесіздер, айналамызда бірнеше уран  кеніші  орналасқан. Өндіріс орын­дары жоқ кезде  ауылдың табиғаты тынық болатын. Қазір екі күннің бірінде жел, күн райы айтарлықтай өзгерді. Жергілікті тұрғындардың денсаулығы да сыр  беріп  жатыр, — деген  ол.

Тұрғындардың сөзіне қарағанда, ауыл адамдарына «бәрі қалыпты» деген жалпылама жауап аздық етеді. Олар өзі ішіп отырған судың құрамын, ауыл маңындағы топырақ пен ауаның жағдайын, радиа­циялық өлшемнің қалай өзгеріп жатқанын білгісі келеді. Адам денсаулығындағы өзгерісті кенішпен байланыстыру үшін ұзақ мерзімді медициналық зерттеу қажет. Ауыл­дың сұрап отырғаны да соған жа­қын. «Өлшем қай жерден алынды, нәтиже қандай шықты, өткен жылдармен салыстырғанда өзгеріс бар ма?» деген мәлімет қолжетімді болса, күмәннің орнын нақты дерек басар еді. Кеніш маңындағы жұрт экологиямен бірге күнделікті тұрмысты да сөз етеді. Ауызсу, жол, мектеп, медицина, жастардың жұмысы ауыл өмірінің ең өзекті мәселелері болып тұр. Өңірдегі кәсіпорындар әлеуметтік жобалар­ға қаржы бөліп, спорт кешені, клуб, емхана секілді нысандар салу­ға қатысып келеді. 2024 жылғы мәлімет бойынша Кейден маңындағы күкірт қышқылы зауытында 273 адам еңбек еткен, оның 75 па­йызы жергілікті аудан тұрғындары болған. Кен өндірісінің ауылға тигі­зер пайдасы осындай нақты көрсеткіштерден  көрінеді.

Уранды өндіру тәсілін түсінбей тұрып, экологиялық қауіп жөнінде толық пікір айту қиын. Сыр бо­йындағы кеніштерде жерасты ұңғымалық шаймалау әдісі қолда­нылады. Жер беті алып карьер болып қазылмайды. Кен жатқан қабат­қа арнайы ұңғымалар арқылы күкірт қышқылы негізіндегі ерітінді айдалады. Уран сол ерітінді құрамына өткен соң екінші ұңғымалар арқылы жер бетіне шығарылып, өңдеуге жіберіледі. Өндірістің негізгі бөлігі жер астында жүретіндіктен ұңғыманың бүтіндігі, ерітіндінің қозғалысы мен жерасты суының жағдайы тұрақты бақы­лануы керек. Хорасан-2 кенішінің эколог маманы Айсұлу Бектұрға­нова кәсіпорындағы бақылау тәр­тібі  туралы  былай  түсіндірген.

– Уран өндіру жерасты ұңғымалы сілтілеу әдісі бойынша жүзеге асырылады. Бұл әдіс дүниежүзінде ең экологиялық қауіпсіз технология деп танылып, МАГАТЭ құрамына кіретін мемлекеттердің барлы­ғы мойындаған. Әрине, қандай да бір өндіріс орындарының қоршаған орта­ға  әсері  болады, ол ҚР Экологиялық кодексінде де айтылған. Бірақ біз сияқ­ты заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер  өз есебінен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, оның ішінде қоршаған ортаның лас­тануы, өздерінің қызметін жүзеге асыру нәтижесінде туындауы мүмкін қатер­дің алдын алуы тиіс. Осыған байланысты қатерлерді болдырмау жөніндегі қажетті шараларды міндетті түрде қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, Кодексте белгіленген қоршаған ортаны қорғау сала­сын­дағы өзге де міндеттерді орындаймыз. Осы тұста, экологиялық талаптарды орындау мақсатында, серіктестіктің қоршаған ортаға эмиссияларға арнайы экологиялық рұқсаты алынған. Қоршаған ортаға шығарылатын нақты эмиссиялар (ластаушы шығарындылары, өндіріс және тұтыну қалдықтары) туралы есеп Қызылорда облысының Экология департаментіне тоқсан сайын тапсырылады. Қазіргі уақытқа де­йін қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінен асып кету фактілері тіркелген  емес, — дейді  Айсұлу  Бектұрғанова.

Қазір жарияланған ресми өлшемдер бойынша кеніштер мен жақын елді мекендердегі радиация­лық фон сағатына 0,07-0,16 микрозиверт аралығында. Санитариялық мониторингте көрсеткіш 0,07-0,19 микрозиверт болған. Табиғи гамма-фон үшін белгіленген шек – сағатына  0,20 микрозиверт. Ұлттық сараптама орталығы 12 топырақ, 14 ауызсу және ашық су көзінен алынған бір сынаманы тексерген. Жиынтық альфа және бета белсенділігі бойынша шектен асқан нәтиже анықталмаған. Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің басқарма басшысы Динара Кенжеқұлова кеніштерде су мен топырақ тұрақты бақыланатынын айтады. Оның мәліметінше, бақылау ұңғымалары кен орнынан 50 метрден 1000 метрге дейінгі аралық­та орналасқан. Су құрамындағы қышқылдық, сульфат және уран  белсенділігі  өлшенеді.

– Уран өндірілетін қабаттар жерүсті су объектілерінен, оның ішінде Сырдария өзенінен табиғи саз қабаттарымен оқшауланған. Радиоактивті заттар мен ауыр металдардың жерасты суына, Сыр­дария өзені бассейніне және елді мекендердің ауызсу көздеріне таралуына жол бермеу мақсатында уран өндіруші кәсіпорындар өндірістік экологиялық мониторинг жүргізеді. Атап айтқанда, кәсіпорын аумағында және өндірістік алаңның санитариялық қорғау аймағы шегінде су мен топырақ сынамалары алынады. Сонымен қатар кен орнынан 50-ден 1000 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан бақылау ұңғымаларының желісі арқылы мониторинг жүргізіліп, судың құрамы, қышқылдығы (pH), сульфат деңгейі және уранның белсенділігі бақыланады. «Қазатомөнеркәсіптің» мәліметі бойынша кейінгі бес жылда өңірде уран өндіру қызметімен байланысты радиациялық, экологиялық немесе технологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, — деді Динара  Кенжеқұлова.

Ресми өлшемдер қалыпты шыққанымен, табиғатты қорғау саласындағы тексерулерде басқа мәселелер де анықталған. Кейін­гі бес жылда уран өндіретін кәсіп­орындарға 43 профилактикалық және  жоспардан тыс тексеру жүргізіліп,  экологиялық  талап  бұзудың 62 дерегі тіркелген. 34 әкім­шілік айып­пұлдың жалпы сомасы 5,3 млрд  теңгеге  жеткен. Ашық  жа­рия­ланған ақпаратта 62 деректің бәрі жеке-жеке көрсетілмеген, сон­дық­тан олардың сипатын бір ғана себеп­пен байланыстыруға келмейді. Дегенмен мұндай көлемдегі тексеру мен айыппұл уран өнді­рісіне тұрақты бақылау қажет екенін көрсетеді. Ауыл тұрғындарына кәсіп­орын бойынша осындай ақпараттың толық жетуі маңызды. «Қай талап бұзылды, ол қашан түзе­тілді, табиғатқа әсері қандай болды»  деген мәлімет нақты берілсе, өндіріс төңірегіндегі әңгіменің де арнасы  өзгереді.

2026  жылы  жарияланған  ғы­лыми зерттеу де Сыр бойында­ғы жағдайға қатысты маңызды дерек берді. Ғалымдар Қызыл­орда облысының 31 нүктесінен 66 топырақ сынамасын  алып, 28 химиялық элемент пен бірнеше радионуклидті зерттеген. Жалпы радиологиялық жағдай халық­аралық шектерден аспа­ған. Уран, қорғасын және сурьма бойынша кей нүктелерде жоғарырақ мәндер кездескен. Зерттеу авторлары мұндай көрсеткіштерге өңірдің табиғи геохимиялық құрамы әсер етуі мүмкін екенін жазған. Ересектерге арналған канцерогенді емес қауіп индексі 0,15 болған. Балалар үшін есептелген индекс 1,3-ке жеткен. Ғалымдар мұнда негізгі үлес темір, хром және ванадий секілді табиғи элементтерге тие­сілі екенін көрсетеді. Балалардың дене салмағы төмен болғандық­тан және топырақ бөлшегінің ағза­ға түсу мөлшері есепте жоғарырақ алынатындықтан, көрсеткіш те ересек­терден жоғары шығады. Карцино­гендік қауіп ересектер үшін 2,0×10-5, балалар  үшін 4,4×10-5 болып, қабылданған қауіп аралы­ғында қалған. Зерттеушілер 66 сы­нама бүкіл өңірді толық сипаттауға жеткіліксіз екенін де ашық көрсет­кен. Айдау және сору ұңғымалары орналасқан жабық өндірістік аумақтардан сынама алынбаған. Сондықтан балалар денсаулығына қатысты нақты қорытынды жасау үшін ұзақ жылдарға созылатын медициналық бақылау керек. Кенішке жақын ауылдардың аурушаңдық деңгейін өндірістен алыс, тұрмысы ұқсас ауылдармен салыстыру көп сұрақтың  жауабын  берер  еді.

Уран өндірісінің есебі кен таусылған кезде де тоқтамайды. Солтүстік және Оңтүстік Қарамұрын кен орындарын жабу жобасында 12 887 технологиялық ұңғыманы жою қарастырылған. Өндірістік ғимараттар мен құбырлар алынып, бүлінген жер қалпына келтірі­ліп, кейін радиоэкологиялық бақылау жүргізіледі. Қоғамдық тыңдау құжат­тарында негізгі мақсат өнді­рістен кейінгі аумақты халықтың денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіпсіз жағдайға келтіру деп көрсетілген. Бір ғана 12 887 ұңғыма деген сан Сыр бойындағы өндірістің көлемін аңғартады. Ал Жаңақорғандағы Хорасан-1 кенішінде жұмыс әлі ұзаққа есептелген. 2026  жылы  Байкенже   ауылдық  округінде жалпы көлемі 75 мың текше  метр болатын үш шлам жинақтағыш салу жобасы қоғамдық тыңдауға  шығарылды. Әр  жинақтағыштың сыйымды­лығы – 25 мың текше метр, пайдалану мерзімі 30 жыл. Яғни Қарамұрын аумағында кенішті жабудың қамы жасалып жатса, Байкенже жағында бірнеше онжылдыққа жететін жаңа өндірістік нысандар  жоспарланып  отыр.

Сыр бойындағы уран тақырыбын осы сандар толық сипаттап тұр. Қазақстан бойынша 25 839 тонна өндіріс, әлемдік нарықтың шамамен 39 пайызы, кей ауылдан кенішке дейін 1,5 шақырым, 27 радиологиялық сынама, 43 тексеру, 62 экологиялық талап бұзу дерегі, 5,3 млрд теңге айыппұл, ғылыми зерттеудегі 66 топырақ сынамасы, кейін жабылатын 12 887 ұңғыма және Байкенжеде 30 жылға жоспарланған 75 мың текше метрлік шлам жинақтағыш. Әр санның ар жағында ауылдың күнделікті тіршілігі тұр. Сондықтан кеніш маңында­ғы жұрт үшін ең керегі – деректің ашықтығы. Су сынамасы ауылдың атымен жарияланып, радиа­циялық көрсеткіш жыл сайын салыстыры­лып, экологиялық тексерудің нәтижесі тұрғынға түсінікті тілмен жетсе, халық өзінің туған жеріндегі өндірістің жағдайын өзі де бағалай алады. Сырдың астындағы байлық ел экономикасына қызмет етіп жатыр. Сол жердің үстіндегі ауылдардың ертеңі де осы үлкен есептің ішінде  жүруі  тиіс.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: