Адам өмірі – уақытпен өлшенетін ғұмыр. Ал оның ел жадында қалуы сол ғұмырды қалай өткенімен өлшенеді. Бірі кәсібімен танылса, енді бірі сөзімен, бірі елге сіңірген еңбегімен, бірі азаматтық болмысымен кейінгі буынға өнеге қалдырады. Мұндай адамдардың өмір жолы уақыт өте келе жеке адамның ғұмырнамасынан асып, тұтас бір дәуірдің тынысын танытатын рухани шежіреге айналады. Сөзге жауапкершілікпен қараған, қоғамның көлеңкелі тұсын өткір әзілмен түйреп, ақиқатты астарлап жеткізген қаламгерлердің орны қашанда бөлек. Солардың бірі – сатираның сардары, ішкі істер саласының білікті маманы, руханиятқа өзіндік қолтаңбасын қалдырған Қазыбек Әшірбекұлы. Оның өмір жолы бір арнамен шектелген жоқ. Құқық қорғау саласындағы жауапты қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүрген ол қоғамның тынысын қалам арқылы да зерделеді. Сондықтан оның шығармаларында өмірдің өз үні, заманның өз мінезі, адамның өз болмысы бар.
Руханиятқа қызмет етіп, шығармашылығымен оқырманын тәнті еткен Қазыбек Әшірбекұлы 80 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Артында өлмес өлеңдері, тағылымды шығармалары мен азаматтық болмысы қалды. Қаламгерді құрмет тұтқан шәкірттері, бауырлары мен қалың оқырманы оның рухани мұрасын ардақтап келеді.
Өткен аптада республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада Қазыбек Әшірбекұлының 80 жылдығына арналған «Тағылымды ғұмыр, өнегелі із» атты еске алу кеші өтті. Кешті белгілі журналист, ғалым, сатирик Нұрлан Көбегенұлы жүргізді. Жиында қаламгердің өмірі мен шығармашылығы кеңінен сөз болып, оның өз қолтаңбасымен жазылған өмірбаяны таныстырылды. Автордың «Алдымда сексенім бар, тоқсаным бар…» деп басталатын жыр жолдары оның өмірге деген құштарлығын, алға қойған арман-мұратын аңғартты.

Кеште сөз алған Қызылорда облысы Ішкі істер органдары және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Әмірбек Шаймағамбетов Қазыбек Әшірбекұлының ішкі істер саласындағы абыройлы қызметі мен шығармашылық жолын қатар алып, кәсібіне адалдық пен азаматтық ұстанымның үлгісін көрсеткенін атап өтті.
– Қазыбек ағамыз қалам мен қаруды қатар ұстаған аяулы жан еді. Айналасындағы әріптестеріне жанашыр, үлкен-кіші демей сыйласатын. Қарапайым болмысымен, ізгілігімен адамды баурап алатын. Маған да арнап бірнеше өлең жазды. Жүректен шыққан жырлары жүрекке жетті. Мен арнау өлеңдерді көздің қарашығындай сақтап жүрмін. Сатираның нағыз сарбазы, барды бар, жоқты жоқ, ақты ақ, қараны қара деп айтатын қара қылды қақ жарған өжет, өткір мінезі бар еді. Бұл кісінің өмірі біздің көз алдымызда өтті. Өте адал, ұстанымынан таймай, әділеттің ақ туын биік ұстаған азамат. Отанға адал қызмет етудің, антына адал болудың үлгісін парасатты болмысымен мұрағаттап кеткен жан. Болашақ жас ұрпаққа, құқық қорғау саласын таңдаған жастарға бұл кісінің өмірі үлгі деп айтуға негіз бар. Өйткені, шен таққаннан кейін елге, халыққа адал қызмет ету – ішкі істер саласының қызметкерлерінің жауапты міндеті. Ағамызды мәңгі есте сақтау үшін әлі талай іс-шаралар өткіземіз, — деді Ә.Шаймағамбетов.
Мұнан соң сөз алған Қазыбек Әшірбекұлымен қызметтес болған әріптесі полковник Хұсайн Қоразбаев өмірінің сәулелі шағын құқық қорғау саласына арнап, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болғанын жеткізді.
– Қазыбек ағамен таныстығым 80 жылдардың ортасында басталған. Туымы, жүріс-тұрысы, мінезі бөлек, жүріп-тұруы өзгеше, аяғында жылтыраған былғары етігі, үстіне тап-тұйнақтай құйып қойғандай, өзіне жарасымды милиция формасын киген, бір көргенде қатал сияқты көрінгенмен, мінезі жұмсақ, асықпай, ойланып сөйлейтін. Қызметте тапанша мен алатаяқ ұстаған әріптестері мен қаруластарынан айырмашылығы арнайы құралмен бірге қалам мен қойын дәптер алып жүретін. Арасында шабыт, ұшқыр ой келген кезде кездейсоқ оқиға туындағанда бірден қолына қаламын алатын. Қазыбек ағамыз кез келген журналист, жазушы бара қоймайтын, кез келген шығармашылық өкілінің қолынан келе бермейтін сатиралық жанрға бет бұруы – өте сирек құбылыс. Сақшыдан шыққан сатирик атанған ағамыз туралы ішкі істер министрлігінің «Сақшы» газеті, «Ардагер» журналында мақалалар жарық көрді.
Ағамыз облыстық «Сыр бойы», қалалық «Ақмешіт апталығы», республикалық «Халық» газеттері ұжымымен тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Шона Смаханұлы, Оспанхан Әубәкіровтің шығармаларын қызыға оқып, өзіне ұстаз тұтты. Арда азаматтың асыл бейнесі жүректе мәңгі сақталады деп ойлаймын, — деді әріптесі.
Ал Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі Қаршыға Есімсейітова тектіліктің туын көтерген парасатты жанның адамгершілігі мен адалдығына, қарапайымдылығына тоқталды.
– Қазыбек Әшірбекұлы – адалдық пен адамгершілікті ту етіп, қоғамның тамырын дөп баса отырып, екі бірдей саланың тізгінін ұстаған керемет өмір жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ететін азамат. Менің қолымда жарыққа шықпаған қолжазба дүниесі тұр. Бұл келер ұрпаққа өшпес қазына болып қалу керек. Өйткені қолжазбада оқырманын еліктіретіндей керемет шығарма бар. Бұл архивке тапсырылу керек. Келер ұрпақ көру үшін кітап етіп шығарылу керек. Бұл кісі тарихшылармен де, қаламгерлермен, дәрігерлермен де етене араласқан. Өзінің жауапты қызметімен қоса әдебиеттің үлкен жанры сатираның саңлағына айналып, қоғамның артта қалған тұстарын сынға алып, түзетуге атсалысқан ерекше тұлға болды. Осы кездесу үлкен тәжірибелік конференцияға ұласса, әр жазған еңбегі ғылыми жобаға айналса деген ұсынысым бар, — деді Қ.Есімсейітова.
Кеш барысында «Өмірі өнеге, еңбегі мұра» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, өзі туып-өскен Қараөзек ауылындағы №39 қазақ орта мектебінің оқушылары Еркеназ Бақытқызы, Сезім Балмағанбет, Ақсезім Қуантай қаламгердің шығармаларын жатқа оқыды.
Алу, алу…
Және алу –
Парақордың планы.
Қарапайым халықты,
Ығыр қылды ылаңы.
Тым ашығып қалыпты,
Ішіндегі жыланы, — деп, парақорларды сын тезіне алған Қазыбек атамыздың қолтаңбасы қазақ сатирасының алтын қорында сақталып қалмақ.
Жиын барша қаламгер қауым мен оқырмандардың басын қосып, марқұмның артында қалған сызды да салмақты рухани қазынасын қайта бір парақтауға мүмкіндік берді. Кездесу барысында сөз алған ұйымдастырушылар мен әріптестері қаламгердің азаматтық тұлғасы мен сатира саласындағы қолтаңбасына ерекше тоқталып өтті.
– Қазекеңнің қазақ сатирасында өз қолтаңбасы бар. Өмірдегі өткір әрі әртүрлі кезеңді, қоғамдағы келеңсіздіктерді сатирамен сипаттап, көптеген дүние жазды. Әсіресе, жемқорлық пен парақорлыққа қатысты сатиралық шығармалары жарық көрді. Сонымен қатар, оның үш бірдей кітабы оқырманға жол тартып, жүрекке жетті. Сондықтан біз Қазыбек Әшірбекұлы дегенде, ең алдымен, оның адал азаматтығын, үлкенге аға, кішіге іні бола білген инабаттылығын, сондай-ақ артында мол рухани қазына – поэзиясы мен прозасын қалдырған қаламгерлігін танимыз. Олай болса, ардақты ағамыздың есімін әрдайым еске алып, мұрасын жаңғырта береміз, — дейді «Әлімсақ» журналының редакторы, ұйымдастырушы Нұрлан Көбегенұлы.
Перизат ЗАХРАДИН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!