Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Торғай Петролеум» АҚ-ның қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісін анықтады. Қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.
Сот материалдарына сәйкес, «Б» есімді азамат 2018 жылдан бастап «Торғай Петролеум» АҚ-ның механикалық бөлімінің бастығы қызметін атқарған. 2019 жылдың қазан айында ол компанияның тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алу кезінде қаражатты жымқыру туралы қылмыстық ниетке келген. Тергеу мәліметтері бойынша, «Б» қоғамның басқа да лауазымды тұлғаларымен және «MANSUR-INVEST group» ЖШС мен «KazPromStroy LTD» ЖШС басшысы С.Ш.-мен алдын ала сөз байласқан. 2019–2020 жылдары компанияның өз қызметкерлері орындаған жұмыстарды және кәсіпорын балансында бұрыннан бар тауарлық-материалдық құндылықтарды аталған жеке компаниялардан сатып алу қажеттілігі туралы қызметтік хаттар рәсімдейді.
Осының нәтижесінде іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар, орындалмаған жұмыстар және көрсетілмеген қызметтер үшін жасалған алты келісімшарт бойынша «MANSUR-INVEST group» және «KazPromStroy LTD» ЖШС есепшоттарына жалпы 416 млн 696 мың 896 теңге аударылған. Кейін бұл қаражат қолма-қол шешіліп алынып, қылмысқа қатысушылар арасында теңдей бөлінген. Сот материалдарында әрқайсысына 104 млн 174 мың 224 теңгеден тигені көрсетілген. Сот шешіміне сәйкес сот «Б» ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танып, бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Сонымен қатар материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айыру белгіленді. 2025 жылғы рақымшылық туралы заңға сәйкес негізгі жаза мерзімі бестен бір бөлікке қысқартылып, 5 жыл 7 ай 6 күн болып белгіленген. ҚК-нің 63-бабы қолданылып, жаза шартты деп танылды және барлық мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.Ал С.Ш ҚР ҚК-нің 216-бабы 3-бөлігі және 28-бабы 5-бөлігі, 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша кінәлі деп танылған.Оған бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, кейін рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі 5 жыл 7 ай 6 күнге дейін қысқартылды. ҚК-нің 63-бабы негізінде жаза шартты деп белгіленіп, пробациялық бақылау қолданылды.
Сонымен қатар С.Ш. материалдық жауапкершілікпен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.Осылайша, сот тергеу барысында анықталған аса ірі мөлшердегі қаражатты жымқыру фактісі бойынша айыпталушыларға қатысты тиісті жаза тағайындады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!