Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәстүрлі ретро-фестиваль өтті

18.09.2026, 9:10 64

HALYQLINE.KZ

Қызылорда қаласының орталық алаңында «Қала күні» мерекесі аясында «Жастық шағымның куәсі – Қызылорда!» атты дәстүрлі ретро-фестиваль өтті. Ашық аспан астындағы мәдени іс-шара өнерпаздардың тақырыптық қойылымымен басталды. Әнші-композитор Өктем Алтаев өзінің танымал әндерін орындап, ретро-кештің көркін қыздырды. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Ары қарай сахна төріне А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанындағы «Мереке», облыстық филармония жанындағы «Сыр самалы», Тереңөзектен келген «Достар», Жаңақорған ауданының «Экспресс» және Қазалының «Сейхун» вокалды-аспапты ансамбльдері шығып, әсем әндерін ұсынды.

Бұл әндер – балалық, жастық шақтың, тұтас бір дәуірдің бейнесі. Өткенді сағыну – бүгінді ұмыту емес, керісінше, қайдан келгеніңді білу.

Бүгінгі Қызылорда – кешегі арманның жалғасы, ал кешегі Қызылорда – бүгінгі қаланың іргетасы. Өткен дәуірдің әндерімен бірге сол күндерді еске алған жұртшылық Сырдария жағасындағы қаланың тарихына да бойлады. Қызылорданың өткені туралы сұрақтарға жауап беріп, шаһардың тыныс-тіршілігіне қатысты қызықты деректерді жадында жаңғыртты.

Фестиваль аясында көрермен назарына арнайы ретро көрме де ұсынылды. Көрме келушілерді өткен ғасырдың естеліктерімен қайта қауыштырып, бір сәтке уақытты кері шегергендей әсер қалдырды. Көрмеге көне тұрмыстық бұйымдар, ескі фотоаппараттар, телефондар, магнитофондар, винил пластинкалар, кассеталар және сол кезеңнің өзге де жәдігерлері қойылды. Әсіресе сол кезеңді көзімен көрген аға буын өкілдері үшін таныс дүниелер балалық пен жастық шақтың жарқын сәттерін еске түсірсе, жас көрермендер үшін өткен дәуірдің мәдениеті мен тұрмысымен танысуға мүмкіндік берді.

Әсем ән мен әсерлі естелікке толы кеш соңында фестиваль қатысушылары сахнаға шығып, Тәңірберген Қалауовтың «Қызылорда вальсін» бірге орындады.

Іс-шарада қала әкімінің орынбасары Еркін Турабаев өнер ұжымдарына аймақ басшысының алғыс хаттарын және қаржылай сый табыстады. Дәстүрлі ретро-фестиваль көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жастық шақтың әуенімен өткенге бір сәт саяхат жасатты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: