Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оңтүстікте интернет үшін 5 шақырым жүретін ауылдар бар

17.09.2026, 18:00 80

Түркістан облысы Арыс қаласына қарасты Саналы ауылының тұрғындары жылдар бойы тұрақты интернет пен ұялы байланысқа қол жеткізе алмай жүргенін айтып, мәселені шешуді сұрады.

Дермене ауылдық округіне қарайтын елді мекенде байланыс үй ішінде ғана емес, аула мен көшеде де дұрыс ұстамайды. Тұрғындардың сөзінше, интернетке қосылу үшін кейде бес шақырым жердегі көрші ауылға баруға тура келеді.

Бұл жағдай әсіресе мектеп оқушыларына қиындық туғызып отыр. Онлайн тестілеу, емтихан және білім беру платформаларына кіру кезінде байланыс әлсіз болғандықтан, балалар тапсырмаларды уақытында орындай алмайды.

— Сөйлесе алмаймыз, үйдің ішінде байланыс мүлдем жоқ. Есік алдында да ұстамайды. Байланыс іздеп, көше кезіп кетеміз. Осылай болғанына қаншама жыл болды. Интернеттің болмауы білім алушыларға да кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе онлайн тестілеу мен емтихан кезінде оқушылар қажетті платформаларға дер кезінде кіре алмай, қиындыққа тап болады,— дейді ауыл биі Алтынбек Есмаханов.

Оның айтуынша, кейбір оқушылар дайындық үшін қалаға барып, ақылы курстарға қатысуға мәжбүр. Бірақ мұндай мүмкіндік барлық отбасында бірдей жоқ.

Ауыл биі былтыр интернет мәселесінің салдарынан бірқатар түлек грантқа түсе алмай, қазір ақылы бөлімде оқып жүргенін де айтты.

Тұрғындар тұрақты байланыс пен интернет тарту мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтып, жауапты мекемелерден нақты шешім күтеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: