Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Психолог кеңесі» ата-анаға бағыт береді

17.09.2026, 9:50 40

HALYQLINE.KZ

Бала тәрбиесі – бір күндік немесе бір сәттік міндет емес. Ол ата-анадан үздіксіз ізденісті, сабырды, жауапкершілікті және баланың ішкі әлемін түсінуге деген ниетті талап етеді. Осы бағытта ата-аналарға психологиялық қолдау көрсетіп, пайдалы кеңестер ұсыну – бүгінгі қоғам үшін маңызды міндеттердің бірі.

Осыны негізге алған «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының психолог мамандары ата-аналарға арналған «Психолог кеңесі» айдарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Аталған айдар бірлестіктің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында апта сайын жарияланып, бала тәрбиесіне қатысты ата-аналарды толғандыратын өзекті мәселелерді қамтиды. Психолог мамандар күнделікті өмірде жиі кездесетін жағдайларға кәсіби тұрғыдан түсінік беріп, ата-аналарға баламен дұрыс қарым-қатынас орнатудың тиімді жолдарын ұсынады.

«Балаға қалай дұрыс шектеу қоюға болады?», «Баланың көңіл күйіндегі өзгерісті қалай байқауға болады?», «Балаға ұрыспай, мәселені қалай түсіндіреміз?», «Жасөспіріммен сенімді қарым-қатынасты қалай қалыптастырамыз?», «Баланың өзін бағалауын қалай қолдаймыз?» сынды сұрақтар ата-аналар үшін үнемі өзекті.

«Психолог кеңесі» айдарының басты ерекшелігі – ұсынылатын ақпараттың қарапайым әрі түсінікті тілде берілуі. Психологтардың кәсіби білімі ата-ананың күнделікті өмірінде қолдана алатын нақты кеңестермен ұштасады. Бұл өз кезегінде ата-аналарға баланың мінез-құлқының сыртқы көрінісіне ғана емес, оның артындағы эмоциясы мен қажеттілігін түсінуге мүмкіндік береді.

Бала тәрбиесінде ата-анаға мінсіз болу міндет емес. Ең маңыздысы – баланы тыңдай білу, оның сезімін құрметтеу, қателескен кезде қолдау көрсету және өз әрекетіне жауапкершілікпен қарау. Өйткені саналы тәрбие баланы басқарудан бұрын, оны түсінуден басталады.

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының психолог мамандарының бұл бастамасы ата-аналарға қажетті психологиялық ақпаратты қолжетімді етуге, саналы ата-ана мәдениетін дамытуға және отбасы институтын нығайтуға бағытталған.

Бүгінде әлеуметтік желі – ақпарат алудың ғана емес, қоғаммен тікелей байланыс орнатудың тиімді құралы. Сондықтан «Психолог кеңесі» айдары арқылы ата-аналар кез келген уақытта бала тәрбиесіне қатысты пайдалы ақпарат алып, мамандардың кеңесіне жүгіне алады.

Жоба аясындағы әрбір кеңестің түпкі мақсаты – ата-анаға дайын жауап беруден бұрын, баласына жаңа қырынан қарауға мүмкіндік жасау. Себебі бала тәрбиесіндегі әрбір саналы қадам – ертеңгі қоғамның қалыптасуына қосылған үлес. Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік. Ал саналы ата-ана – саналы қоғамның негізі.

«Психолог кеңесі» айдарын «Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалының Instagram парақшасынан тұрақты түрде оқуға болады: @senimen_qyzylorda.

«Сенімен Болашақ» РҚБ Қызылорда облыстық филиалы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: