Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жазасын өтеушілер жақындарымен жүздесті

15.09.2026, 10:30 39

Отбасы күніне орай Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілердің жақындарымен жүздесуіне мүмкіндік берген «Ашық есік күні» ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту, отбасының сотталғандарды тәрбиелеу және қоғамға қайта бейімдеу, жақындарымен байланыстарын үзбей, оларды нығайту.

Ашық есік күніне келген сотталғандардың жақын туыстарына мекеменің күнделікті тыныс-тіршілігі таныстырылды. Олар сотталғандарға арналған жатын орындарды, жуыну және тамақтану бөлмелерін, кітапхана мен дүкенді аралап көрді. Сондай-ақ олар жазасын өтеп жатқан жақындарымен еркін әңгімелесіп, өзара пікір алмасты.

Мұндай кездесулер жазасын өтеушілер үшін жақындарының қолдауын сезінуге, отбасымен байланысын сақтауға және алдағы өміріне жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді. Себебі отбасының қолдауы – адамның түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне әсер ететін маңызды факторлардың бірі.

Іс-шара соңында сотталғандардың жақын туыстары мекеме әкімшілігіне ризашылықтарын білдіріп, мекеме басшысына алғыс жазды. Олар осындай мазмұнды кездесулердің ұйымдастырылғанына алғыстарын айтып, отбасы мүшелерімен жүздесудің өздері үшін де, жазасын өтеп жатқан азаматтар үшін де маңызды екенін жеткізді.

«Әкеме жағдайын білу үшін арнайы келдім. Онымен жүздесіп, сөйлесіп, жағдайын өз көзіммен көргеніме қуанып қалдым. Әкемнің жағдайы жақсы екенін көріп, көңілім орнына түсті. Осындай мүмкіндік ұйымдастырған мекеме әкімшілігіне алғысымды білдіремін», – дейді жазасын өтеушінің қызы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: