Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жарты ғасыр жарасымы

10.09.2026, 15:15 74

HALYQLINE.KZ

Отбасы күні қарсаңында «Отбасы орталығында» тағылымды іс-шара ұйымдастырылып, Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев «Гауһар той», «Алтын той», «Лағыл той», «Інжу той», «Күміс той» белестеріне жеткен өнегелі отбасылармен және жас шаңырақ иелерімен жүздесті.

Жиында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесі, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық пен өзара түсіністіктің маңызы жөнінде тағылымды әңгіме өрбіді. Ғибратты ғұмыр иелеріне құрмет көрсетіліп, олардың өмір жолы кейінгі буынға үлгі ретінде насихатталды.

Тағылымды кездесуге Қазалы ауданынан отау құрғандарына 50 жыл толған Алтын той иелері – Қожаниязовтар отбасы да қатысты.

Жарты ғасыр бойы бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп, қуанышы мен қиындығын бірге бөліскен Сағындық Қожаниязұлы мен Ұлзира Нұрмаханқызының өмір жолы – адал еңбек пен отбасылық татулықтың жарқын көрінісі.

Сағындық Қожаниязұлы 1951 жылы 25 сәуірде Арықбалық ауылында дүниеге келген. Өмірлік жары Ұлзира Нұрмаханқызымен шаңырақ көтергеннен кейін бар ғұмырын ұстаздық еңбекке арнады.

Еңбек пәнінің мұғалімі ретінде ауыл балаларына түрлі кәсіптің қыр-сырын үйретіп, олардың өмірден өз орнын табуына бағыт-бағдар берді. Адал еңбегі мен абыройлы қызметінің арқасында ел-жұрттың сый-құрметіне бөленді. 2014 жылы ұзақ жылғы еңбек жолын абыроймен аяқтап, зейнет демалысына шықты.

Ал Ұлзира Нұрмаханқызы ауылдағы балабақшада ұзақ жыл еңбек етіп, бүлдіршіндердің тәрбиесі мен күтіміне жауапкершілікпен қарады. Бала тәрбиесін басты міндеті санаған Ұлзира апай 2012 жылы зейнетке шықты.

Бір-біріне әрдайым сүйеу болып, өмірдің талай белесін қол ұстасып өткерген қос ардагердің шаңырағы бүгінде берекелі әулетке айналған.

Бүгінде алтын той иелері –3 бала тәрбиелеп өсірген ардақты ата-ана, 7 немеренің сүйікті ата-әжесі.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: