Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтті

08.09.2026, 17:45 69

Түркістанда мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына орай бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылды.

Мерейтойға қатысушыларға Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтау хаты жолданды. Құттықтауда Өзбекәлі Жәнібековтің халқымыздың мәдени мұрасын жаңғыртуға, тарихи сананы түлетуге, ұлттық болмыс, ана тілі мен салт-дәстүрді дәріптеуге сіңірген еңбегі аталып өтті. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге, Наурыз мейрамын қайта жаңғыртуға, музейлер мен театрларды өркендетуге, фольклорлық-этнографиялық ұжымдарды дамыту ісіне қосқан үлесі айрықша аталды.

Мерейтой аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында арнайы көрме ашылды. Экспозицияға 1970-1990 жылдар аралығындағы архив құжаттары, фотосуреттер және мәдени мұраға қатысты материалдар қойылды.

Көрмеде Өзбекәлі Жәнібековтің Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде музей ісін жолға қою бағытындағы еңбегі, ұлттық мәдени мұраны сақтау және насихаттауға қосқан үлесі кеңінен таныстырылды.

Бағдарлама Өзбекәлі Жәнібеков мұрасына арналған тағылымды жиынмен жалғасты. Қатысушылар қайраткердің мемлекеттік және қоғамдық қызметі, ұлттық мәдениетті өркендету, музей ісін дамыту және тарихи-мәдени мұраны сақтау жолындағы еңбегі туралы ой бөлісті. Жиында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, қайраткердің ұлы Бауыржан Жәнібеков, филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек және тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсын баяндама жасады.

Мерейтойлық бағдарлама Түркістан музыкалық драма театрының сахнасындағы «Арқалықтың ақ таңы» қойылымымен аяқталды.

Фото: https://t.me/madenietaqparat

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: