Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада бірыңғай төлем құжаты енгізілді

08.09.2026, 9:00 34

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысында коммуналдық төлем жасау тәртібі өзгерді. Енді тұрғындар электр энергиясы, жылу, су, кәріз және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару сияқты бірнеше қызметтің төлемін бір құжатпен жүзеге асырады. Бірыңғай төлем құжаты облыста 2026 жылдың қаңтар айынан бастап енгізілді.

Қазіргі уақытта облыстағы тұтынушылардың 80 пайыздан астамы коммуналдық төлемдерін электрондық бірыңғай төлем құжаты арқылы жасап отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында сала мамандары мәлімдеді.

2024 жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның қалалары мен аудандарында Бірыңғай есеп айырысу орталықтарын ұйымдастыру міндеті қойылған. Ал 2025 жылы коммуналдық қызметтер көрсету саласындағы Үлгілік қағидалар қабылданып, бірыңғай төлем құжатының операторы ретіндегі қызметі бекітілді.

Осы жұмыстар аясында коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар бірыңғай төлем құжатын қалыптастыру бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізіп, оның нәтижесінде «АЛСЕКО» АҚ жеңімпаз атанды.

Алғашқы кезеңде тұрғындарға қағаз түбіртек ұсынылды. Электрондық форматқа көшу біртіндеп жүзеге асырылды. Тұрғындардың жаңа жүйеге бейімделуіне байланысты қағаз төлем құжатын жеткізу мерзімі де ұзартылды. Бастапқыда үш айға жоспарланған бұл жұмыс маусым айына дейін жалғасты. Мамандардың айтуынша, бірыңғай төлем құжатына қатысты тұрғындар арасында түсінбеушілік те бар. Соның бірі төлем сомасын кім, қалай есептейтініне байланысты.

— «АЛСЕКО» АҚ коммуналдық қызметтердің тарифін белгілемейді және тұрғындарға төлем сомасын өз бетінше есептемейді. Әр қызмет бойынша есептеуді сол қызметті көрсететін коммуналдық кәсіпорын жүргізеді.

Ал «АЛСЕКО»-ның міндеті – кәсіпорындардан келіп түскен есептеулерді бір жүйеге біріктіріп, тұрғындарға бірыңғай төлем құжаты ретінде ұсыну. Егер тұрғынның түбіртектегі су, жылу немесе электр энергиясына қатысты есептеуге күмәні болса, алдымен сол қызметті көрсететін мекемеге жүгіну қажет, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин.

Коммуналдық қызмет бойынша төлем сомасында түсініспеушілік туындаса, тұрғындарға есептегіштің нақты көрсеткішін тексеріп, мәселені тиісті қызмет көрсетуші мекемемен нақтылау ұсынылады.

Тұтынушыларға «Smart ЖКХ» мобильді және веб-қосымшасы тегін ұсынылған. Қосымша арқылы бірыңғай төлем құжатын, төлемдер тарихын және коммуналдық қызмет көрсетушілердің байланыс деректерін көруге болады.

Төлем құжаттарын ай ішінде қайта жаңарту, коммуналдық қызметтер бойынша тікелей төлемдерді бірыңғай төлем құжатына кезең-кезеңімен көшіру және тұтынушылардың мекенжай деректерін біріздендіру қажет. Бұл мәселелер бойынша барлық қызмет көрсетушілермен бірлесіп жұмыс жүргізіп жатырмыз. Негізгі мақсатымыз – тұтынушыға бірнеше жерден төлем іздеп, әр қызмет бойынша бөлек есеп жүргізбей, барлық коммуналдық қызметті бір құжаттан көруге және төлеуге мүмкіндік беру. Яғни бірыңғай төлем құжатының басты міндеті – төлем процесін тұрғындар үшін барынша түсінікті, ыңғайлы әрі ашық ету, — деді «АЛСЕКО» АҚ коммерциялық директоры Алексей Бозжанов.

Өңірлік коммуникациялар қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: